Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Студенттер «Ізгілік Елшісі» жобасын қолдады

Студенттер «Ізгілік Елшісі» жобасын қолдады

Жемқорлықсыз қоғам құру — бүгінгі таңның басты міндетіне айналып отыр. Ал ондай қоғамды қалай құрамыз, адамдардың санасын қалай тазартамыз дейтін заңды сұрақ туындайтыны сөзсіз. Осыған байланысты бүгінде елімізде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің бастамасымен «Ізгілік Елшісі» — «Акселератор добра» жобасы қолға алынуда.

«Ізгілік Елшісі» – бұл студенттерден құралған еріктілер тобы кіретін, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға, жастарды еріктілікке тартуға көмектесетін жоба. Бұл істе жастар арасында еріктілер қозғалысын дамытып, оларды қайырымдылық іс-әрекеттерге кеңінен тартудың маңызы зор. Бұл іске жоғары оқу орындарында құрылған еріктілер топтары белсене атсалысуда.

Соған орай бүгін Жұбанов университетінде Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетовтің қатысуымен «Ізгілік Елшісі» — «Акселератор добра» жобасына байланысты жиын өткізілді. Жиынға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері, облыстық жастар саясаты, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері, курсанттар, университеттің басшылары мен «Ізгілік Елшісі» жобасының еріктілері қатысты.

Ректор Бауыржан Ердембеков жобаның маңыздылығына  тоқтала келіп, университетте әлеуметтік мәселелер де тыс қалмайтынын жеткізді. Мұның куәсі ретінде унверситет қызметкерлері мен білім алушыларына әлеуметтік қолдау көрсету үшін «Жомарт жандар Жұбановта», «Үмітің үзілмесін», «INVO»,  «Жұбанов жылуы» қайырымдылық қорлары сынды ауқымды жобалардың жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.

Парасаттылық мектебінің жастар арасындағы жетекшісі, экономика және құқық факультетінің 3-курс студенті Рахима Бақытжанқызы өз кезегінде: « «Парасаттылық мектебі» өзінің жұмысын бастаған сәттен бері осы уақытқа дейін университет студенттерімен және мектеп оқушыларымен тығыз жұмыс жасауда. Университетіміздегі 9 факультеттің студенттеріне  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Ақтөбе — адалдық алаңы жобалық кеңсесінің қолдауымен жемқорлық ұғымын түсіндіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Біз  «Ізгілік Елшісі» жобасын қолдай отырып, осы жоба аясында «Парасаттылық мектебінің» парасаттылық елшілері жемқорлық мәселесімен айналысумен қатар мұқтаж жандарға еріктілер ретінде көмек берумен айналысатын боламыз. Бұл біз үшін жоғары дәреже. Сондықтан «Ізгілік Елшісі» жобасы болашақта ізгі ұрпақ тәрбиелеп өсіруге атсалысатын өте қажет жоба деп ойлаймын»,-  деді.

Жиынға қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов «Ізгілік Елшісі» жобасының жастарды сыбайлас жемқорлықтан аулақ болуға тәрбиелейтін маңызды жоба екенін атап көрсетті. «Маған бұл идея өте ұнады. Менің ойымша, бұл жастар үшін үлкен іс. Сіздердің студенттеріңіз осындай игілікті істерді бастағанына қуаныштымын. Мұқтаж отбасыларға көмектесіп жатқандарыңыз мақтауға тұрарлық. Біз өз тарапымыздан әрқашан Сіздерді қолдаймыз!», – деді Мирлан Мұхамбетов.

Жиынға қатысушылар жемқорлықсыз қоғам орнату үшін бүгінгі жас буынды осы бастан адалдық пен парасаттылыққа тәрбиелеу керектігін айтты.