Среда, Июль 8, 2020
Басты > Жаңалықтар > Мамандық таңдау — болашақты таңдау

Мамандық таңдау — болашақты таңдау

Мамандық дегеніміз – адамның еңбек қызметінің түрі. Мамандық таңдау — адам өміріндегі алдағы болашағын айқындайтын, үлкен өмірге аяқ басатын маңызды қадамдарының бірі. Алтын ұя мектебінің қабырғасынан ұшатын түлек алдағы болашақ мамандық таңдау туралы ойлана бастайтыны белгілі.
Болашағында жақсы, білімді, қажетті маман иесі болу әрбір оқушының алға қойған мақсаты, тіпті арманы десек те болады. Осыған орай, жас түлектерге дұрыс мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру және «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі дамыту, жергілікті жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу мақсатында «Жұбанов керуені» жобасы Темір ауданының бітіруші түлектерімен кездесті. Кездесуге аудан басшыларымен қоса, 300-ден астам мектеп түлектері мен олардың ата-аналары да қатысты.
Мұнда жоғары оқу орындарына түсемін деген әрбір мектеп бітірушіге барлық көмек көрсетілді. Жоба аясында Н.Байғанин атындағы мәдениет үйінің төменгі қабатында университеттің ғалымдарының еңбектерін табыстау рәсімі, білім бағдарламаларының көрмесі, студенттік клубтардың жәрмеңкелері, қолөнер көрмесі, шеберлік сабақтары өткізіліп, оқу ақысына жеңілдіктер мен басқа да сыйлықтар алу үшін байқаулар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Мұнда мектеп түлектері университеттің академиялық бағдарламалары, грантқа түсу мүмкіндіктері мен білім алу шарттары туралы ақпараттармен танысып, университет жайында оқытушылардан кеңестер алды.
Басқосуды кіріспе сөзімен ашқан университет түлегі, аудан әкімінің орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов: «Жұбанов университетінің «Жұбанов керуені» жобасы ауыл-аймақты аралап, үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Аталмыш жоба жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі дамыту, жас түлектерге дұрыс мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру, жергілікті жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу мақсатын алға қойып отыр. Университет жаңалықтарын тыңдап, білім бағыттарымен танысу біздің оқушыларымыз бен мұғалімдер үшін үлкен мүмкіндік ашатынына сенімім мол. Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс!», — деп, жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті екенін атап өтті.
Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, Темір ауданы бойынша 2019-2020 оқу жылында 7119 баланы қамтитын 25 жалпы білім беретін мектеп, 5 қосымша білім беру ұйымы бар. Сондай-ақ, Жұбанов университетін аяқтап, Темір аудандық білім беру ұйымдарында 595 маман қызмет атқаруда. 2019-2020 жылында 19 жас маман ретінде Темір аудандық білім беру ұйымдарына жұмысқа орналасқан. Аталған аудан бойынша мемлекеттік қызметтер атқарып отырған 131 маманның 36 маманы Жұбанов университетінің түлектері.
Мінберде сөз алған университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков алдымен Темір ауданының 150 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Темір ауданы – тарихы тереңде жатқан, бүгінгі заман талабына сай даму үстіндегі облыстың іргелі аудандарының бірі. Ғасырлар тоғысқан, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста да Темір топырағынан белгілі қоғам қайраткерлері шықты. Темірлік жас ұрпақтың бойында топырақтан дарыған даралық барына сенімдімін. Сол қасиеттерді дамыту мен өмір жолында адам атын абыроймен өткеруге жәрдемдесу сіз бен біздің парызымыз…
Президентіміз қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтап бара жатқанын, ауылдық жерлерде білікті педагог кадрлардың тапшылығын атап өтті. Ауыл мектебі, оның ішінде шағын қамтылған мектептерді маманмен қамтамасыз ету жүргізіліп жатыр. Жалпы, маман дайындауда нарықпен байланыстың аздығын мойындауымыз керек. Кәсіби бағдар беру жұмысын жаңа бағытқа бұру туралы мәселені кеше ғана өткен тамыз конференциясында тілге тиек еткен болатынбыз. Мамандық таңдауда ата-анамен қоса мектептегі пән мұғалімдерінің рөлін де күшейтуіміз керекпіз. 8, 9сыныптан бастап баланы икемі бар мамандығына жетелесек, Қазақстанда жұмыссыздар саны толықпас еді»,- деді.
Сөз соңында Бауыржан Аманкелдіұлы университет Кеңесінің шешімімен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған Темір ауданының мектеп түлектері Ақнұр Мэлсбекова мен Абат Дүзкеевке Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантының сертификаттарын табыстаса, «Абайтану» атты авторлық кітабын ауданның барлық мектептерінің кітапхана қорына тарту етті.
Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінде өткізілген «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясына қатысушылар арасынан 3 мектеп бітіруші түлекке Жұбанов университетінің оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік сертификаттары тарту етілді. Университетте білім алып жатқан Темір ауданының үздік студенттерінің ата-аналарына да құрмет көрсетілді. Өз кезегінде университеттің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұржан Бердыбаев «Жоғары оқу орнына түсу ережелері» туралы баяндаса, оқу және оқу әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Бибігүл Әбенова университеттің білім беру деңгейлеріне, жаңа және инновациялық білім бағдарламаларына кеңірек тоқталды.
Темір ауданы — мұнайлы өлке. Ауданда бірнеше инвесторлық компаниялар жұмыс жасайды. Мұнай саласының жергілікті мамандарын даярлау мақсатында Шұбарқұдық гимназиясында аталған университеттің техникалық факультетінің «Мұнай-газ ісі» және ауданның алыс елді мекендеріндегі мектептерде математика, физика пәндері бойынша кадр тапшылығын ескере отырып, физика-математика факультетінің «Физика, Математика» кафедрасының филиалы ашылды.
Аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлнара Нұртазина: «2019-2020 оқу жылында Темір ауданында 333 түлектің 275-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үстінде. Бұл барлық түлектердің 82,5 пайыз қатысымын құрайды. Барлық білім беру мекемелерінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі Жұбанов университетінің «Жұбанов керуені» жобасының бойынша кәсіптік бағдар беру бағытында өткізіліп отырған іс-шаралар мектеп бітіруші түлектер үшін зор мүмкіндік. Аталған іс-шаралар аясында мектеп түлектеріне берілген гранттар сертификаттары мен жеңілдіктер және қазіргі таңда университетте оқитын үздік студенттердің ата-аналарын марапаттау істері көпке үлгі. Білім ордасының ата-аналар мен түлектерді ынталандыру, мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру бағытындағы жұмыстарының жүргізілуін ерекше атап өткім келеді», — дейді.
Мектеп оқушылары, мұғалімдер ұжымы мен ата-аналар алыс ауылды назарынан тыс қалдырмаған университет ұжымына алғысын айтып, ризашылықпен шығарып салды.
Университеттің баспасөз қызметіне сұхбат берген №4 Шұбарқұдық орта мектебінің түлегі Данагүл Зинолла: «Мен осы жылы ҰБТ-ны тапсырамын. Негізінен «Математика» пәнін таңдадым. Мектептен кейін Жұбанов университетіне оқуға түсемін деген ойдамын. Бұл оқу орнын таңдаған себебім — Қазақстанның ең үздік ЖОО қатарында екенін білемін. Сондықтан да осындай оқу орнының студенті болу — менің арманым. Бүгінгі жобаның жұмыстары түлектерге ең жауапты кезеңде дұрыс шешім қабылдауға жақсы септігін тигізеді», — деген оймен бөлісті.
Кездесу соңында дәстүр бойынша университеттің белсенді жастары концерттік бағдарламасын ұсынып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.