Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > Жаңалықтар > Кәсіби бағдар беру — мамандықты дұрыс таңдаудың кепілі

Кәсіби бағдар беру — мамандықты дұрыс таңдаудың кепілі

Кәсіби бағдар беру — қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір оқушының қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, кәсіпке қызығушылығын қалыптастыруға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесуде мақсатты атқарылатын жұмыс. Кәсіби бағдар беру жұмысы жас ұрпақтың саналы түрде болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік жасайды.
Жас түлектерге мамандықты дұрыс таңдауға бағыт-бағдар беруді мақсат еткен «Жұбанов керуені» жобасы тілінен тікен тайып, шеге көшкен шайырлардың мекені болған, киесі киіктей құтты мекен Нұрпейіс Байғанин есімімен аталған Байғанин ауданына атбасын тіреді.
Білімге талаптанған, болашаққа қанаттанған, ауыздығымен алысып, білім бәйгесіне түскелі тұрған түлектер де өзінің қызу ынтасын танытып, шарамызға толығымен қатысты.
Жобаның ашылуында сөз бастаған Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Базарбек Тәжіқараұлы ұрпақтардың ертеңіне елеулі үлес қосып, түлектердің дұрыс мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру үшін арнайы атбасын бұрған «Жұбанов керуені» жобасына шынайы алғысын білдіріп, 85 жылдық тарихы бар киелі оқу ордасының ректорына аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Сөз соңында аудан басшысының орынбасары Отанның келешегі, ұлттың ертеңі болған түлектерге сәттілік тіледі.
Өз кезегінде университет ректоры Бауыржан Ердембеков жобаның негізгі мақсаттарын таныстыра келіп, мамандықты таңдаудың маңызы мен мәнін түлектерге жете түсіндірді. Бауыржан Аманкелдіұлы Байғанин жастары алдында ауылдарда маман жетіспеу мәселесін тілге тиек етіп, оны шешу жолдарында оқу орнының атқарып жатқан қызметтері мен оң нәтижесіне де тоқталып өтті. Сөз соңында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев жайында сыр шертетін «Абайтану» атты авторлық кітабын аудандық білім мекемелерінің кітапқорына тапсырды. Бұл оқырман қауымның ұлы ақын Абай философиясын тануына үлкен мүмкіндік болды.
Айта кетейік, Жұбанов университеті басшысы Б.Ердембеков түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарын қанатының астына алып, үнемі қолдау көрсетіп отырады. Соның айғағы ретінде бүгін де Н.Байғанин орта мектебінің түлегі Ақорын Ерназарға және облыстық олимпиадалардың жеңімпаздары Ақжүніс Тағыбергеноваға, Диас Меңдіғұлға, Әсел Жұмабекқызына Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантының сертификатын табыстады.
Одан кейін сөз кезегін алған оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова оқу орнымыздың 140 білім бағдарламаларымен таныстырып, жаңадан ашылған мамандықтарды да атап өтті. Сондай-ақ, сол мамандықтардың қоғамдық қажеттілігі мен болашағын түлектерге толық түсіндірді. Сөз соңында университет проректоры Б.Әбенова Сейіл Жиенбаев атындағы сертификатты Жарқамыс орта мектебінің директорына салтанатты түрде табыс ете отырып, өзінің тарих саласына қатысты шыққан кітабы мен осы өңірдің тумасы Жұбанов университетінің доценті Нұрбол Сәдуақастың фонетика саласына қатысты зерттеген еңбек кітабын мектеп директорларына табыстады.
Сонымен қатар «Жұбанов керуені» жобасы кезінде «Мамандығыңды дұрыс таңда!» дәстүрлі акциясы аясында 3 бітіруші түлекке Жұбанов университетінің оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік беретін сертификаттары тарту етілді. Осы орайда, Жұбанов университетінде оқып жатырған белсенді студенттердің ата-аналары да Алғыс хаттармен марапатталды.
Мінберде сөз алған оқу орнының түлегі, №2 Қарауылкелді орта мектебінің ұстазы Гүлзира Мелдеш өзінің Жұбанов университетінен алған білімін шәкірт тәрбиелеуге арнап жатқандығын айтты. Өзіне сауатты білім берген оқу орнына айрықша алғысын білдіріп, өзінің танымдық тұрғыдан тәрбиелеген ұстаздары Боран Баяш, Абат Пангереев, Күлзат Садирова, Мира Балтымованың сынды ұстаздардың есімдерін атап өтті. Сөз соңында Гүлзира Мелдеш Жұбанов оқу ордасында іріктелген сапалы ұстаздар көп екендігін және Жұбанов университетінен осал маман шықпайтынын тілге тиек етті.
Онан кейін оқу орнының өнерлі студенттері аудан түлектері мен жиналған жұртшылыққа өз өнерлерін көрсетіп, Жұбанов жастарының жастық жалынын көрсетті.
«Жұбанов керуені» жобасының Байғанин ауданындағы сапары соңында аудан мектептерінде университеттің жаратылыстану факультетінің «Биология, Экология», «Химия және химиялық технология» және физика-математика факультетінің «Математика, Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедраларының филиалдары ашылды.
Айта кетейік, жоба барысында ауданның 11сынып оқушыларына математика, химия, қазақ тілі мен әдебиеті, педагогика ілімдері бойынша шеберлік сағаттары өткізілсе,    студенттік клубтардың жәрмеңкелері, білім бағдарламаларының көрмесі, қолөнер көрмесі,  оқу ақысына жеңілдіктер мен басқа да сыйлықтар алу үшін байқаулар ұйымдастырылды.