Вторник, Сентябрь 29, 2020
Басты > Жаңалықтар > Жұбановтар рухы ұлықталды

Жұбановтар рухы ұлықталды

Бүгін Жұбанов университетінде Құдайберген Жұбановтың 120 жылдығы және оның ұлы Есет Жұбановтың 90 жылдығына арналған «Жұбанов тағылымы» атты дәстүрлі Х халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған ғалымның кенже баласы филология ғылымдарының докторы Асқар Жұбанов, биология ғылымдарының докторы Ажар Жұбанова, филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Жұбанова, жазушы Қажығали Мұқаметқалиұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Жамал Манкеева, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінен доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сләмбек Оразалин, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті Людмила Балахонская, Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Зиннур Сиразитдинов және т.б. көптеген профессор-ғалымдар қатысты. Конференцияға жиналған меймандар алдымен Жастар сарайындағы «Zhubanov cinema» кинотеатрында Қ.Жұбановтарға арналған деректі фильмді тамашалады. Содан соң Атриум залында «Қ.Жұбанов әлемі» көрме галереясына және мерейтойға орай жарық көрген кітаптардың тұсаукесеріне қатысты.
Конференцияға қатысушылар ғалым еңбектерінің тіл және тіл теориясы, қолданбалы лингвистика, лингвистиканың қазіргі бағыттары, фольклор, әдебиет және Абайтану сынды өзге де салалармен байланыстылығын ортаға салды.
Сондай-ақ ғалымның, оның ұлы Есет Жұбановтың биік тұлғасы, әке мен бала арасындағы ғылыми сабақтастық та конференцияда негізгі әңгіме өзегіне айналды.
Конференция Құдайберген Жұбанов ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Конференцияға 100-ден астам мақалалар мен ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің, еліміздің жоғары оқу орындары ректорларының құттықтау хаттары мен жеделхаттары келіп түсті.
Жиында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтауын оқыды. «Қазақ тілі білімінің феномені, ғұлама ғалым Құдайберген Жұбановтың туғанына 120 жыл, ал оның ізін жалғастырушы ортаншы ұлы, көрнекті лингвист, талантты тұлға Есет Құдайбергенұлы Жұбановтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жұбанов тағылымы» атты Х ғылыми-практикалық конференцияның ашылуымен құттықтаймын.
Елдің атын қашанда ер асқақтады, ұлт тарихының талай сырларын қойнауына бүккен Ақтөбе жері таланттыларға кенде емес. Осынау өлке атамекені саналатын Жұбановтар әулеті қазақтың ғылымы мен өнерінің биік бір белесі, қол жетпес асуы десек, еш қателеспейміз. Оның басында тіл білімі бойынша Құдайберген Жұбанов, музыка саласында Ахмет Жұбанов тұр. Құдайбергеннен тараған ұрпақ Ақырап Жұбанов — сезімін қыл қаламмен өрнектеген дарынды суретші, Есет, Асқар Жұбановтар — әке жолын қуған талантты лингвистер, Ахмет Жұбановтың қызы Ғазиза Жұбанованың есімі қазақ музыкатану өнерінде ерекше аталады, ұлы Болат Жұбанов — есімі шет елдерге мәлім химия ғылымдарының докторы, академик. Бұл аталған жандар — Ақтөбе топырағынан өніп шығып, облысымыздың атын иісі қазаққа танытқан тағылымы мол тұлғалар.
Құдайберген Жұбанов атындағы университетінде ұлы ғалым есімімен байланысты өскелең ұрпақтың санасында өшпес із қалдыратын істер әрқашанда өз жалғасын тауып жатады», — деп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Конференцияның өтуіне мұрындық болған университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков өз кезегінде былай деді: «Қазақтың маңдайалды ғалымы, алаштың арда азаматы Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың 120 жылдық мерейтойы, сонымен қатар, атаға тартып туған ұл, әке жолын жалғастыра алған, белгілі ғалым, ұстаз – Есет Құдайбергенұлы Жұбановтың да 90 жылдық мерейтойы құтты болсын!
«Жұбанов тағылымы» ғылыми-тәжірибелік конференциясында биыл 10-рет бас қосып отырмыз… Өмірі мен кәсібі халықтың рухани азығына айналған Құдайберген Жұбановтың есімі 1990 жылы университетке беріліп, сол жылдардан бүгінге дейін маңдай алды жарық шамымызға айналып отыр. Игі іске мұрындық болған белгілі тұлға, профессор Мұхтар Ғалиұлы Арынның еңбегі тарихнама қуыстарында бір сөйлем болып қалмауы тиіс. Х «Жұбанов тағылымы» ғылыми-тәжірибелік конференциясының нәтижесінде қабылданған қаулы бүгінгі жасалып жатқан дүниелердің негізі.
Мерейтой аясында «Белорус экслибрисі» халықаралық сурет көрмесі, аймақтық пікірсайыс турнирі, «Қ.Жұбанов әлемі – оқушы көзімен» эссе байқауы, «Жас Жұбановтанушы» факультетаралық сайыс платформасы, «Ең үздік деректі фильм» байқауы, суретшілердің көрме-галереясы, дәріс концерттер, әдеби-танымдық кештер, спартакиадалар, экскурсиялар және ғалымдардың зерттеулеріне арналған апталық сағаттар ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, күні кеше ғана «Жұбанов шаңырақтары» мега жобасы аясында Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы мен университет арасындағы әріптестік қарым-қатынастар саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, «Жұбанов жұлдыздары» атты көлемді мерекелік концерт өтті. Университетімізде «Жұбановтану» зертханасында қазақтың жарық жұлдызына айналған әке мен бала еңбектерінің библиографиялық көрсеткіштері жаңартылды.
Университеттің ландшафттық келбетін жақсарту мақсатында «Жасыл желекті Жұбанов» ағаш егу акциясы ұйымдастырылды. Акция бүгін де жалғасын табады, ғалымның мерейтойына орай университет ауласында 120 түп ағаш егіледі. Сонымен қатар биолог мамандардың теориялық білімін практикамен ұштастыруды көздеген «Жұбанов жылыжайы» да бүгін ашылмақ. Сондай-ақ, Алға, Қобда, Темір, Байғанин аудандарын аралап шыққан «Жұбанов керуені» ертең ғалымның кіндік қаны тамған Мұғалжар ауданына жол тартады.
Бүгін Құдайберген Жұбановтың ізін басып, ісін жалғастырған профессор Есет Жұбанов атындағы конференц-зал ашылды. Тұлпардың тұяғы Есет Құдайбергенұлы Ақтөбе жерінде жұмыс жасай жүріп, Жұбановтар мұрасы ұлт қазынасы екендігін дәлелдеп, әкесінің ғылыми мұрасын түгендеп зерттеуге басшылық жасаған. Осы ретте Құдайберген Жұбанов пен Есет Жұбановты тану және таныту жолындағы игі істер әлі де жалғасын табары сөзсіз…
Мұғалжар жерінде дүниеге келіп, есімі елге танылған Құдайберген Жұбанов пен Есет Жұбановтың кейінге қалдырған зерттеулері халқының рухани қазынасына айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын құндылықтарының бірі деп білеміз. Бүгінгі конференция жұмысына сәттілік тілеймін, конференцияның берері мол болатынына сенімдімін!».
Сондай-ақ конференцияда филология ғылымының докторы, профессор Асқар Жұбанов «Қ.Құдайберген Жұбанов – қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, Есет Құдайбергенұлы Жұбанов – қазақ тіл білімінде өзіндік орны бар тұлғалардың бірі» деген тақырыпта баяндама жасады.
Ал, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Жамал Манкееваның «Профессор Қ.Жұбановтың зерттеулеріндегі когнитивтік сананың тілдік көрінісі» деген баяндамасын жұртшылық ерекше қызығушылықпен тыңдады. «Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұрасының мәнді тұстары көпке дейін дұрыс ашылмай келді. Бірақ ғалымнан тәлім алған шәкірттері І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ы.Маманов, Ғ.Мұсабаев сияқты ғалымдар қазақ тіл білімін шын мәнінде үлкен жүйеге жеткізді. Ал қазір тіл білімінің ғылыми негіздері кеңінен зерттеліп жүр. Ғалым балалары әкесінің ғылыми идеясын кеңейтіп, жалғастырып жатқанына да куә болып отырмыз. Ғалымның ұлы Асқардың базалық білімі математик болса да әке жолын жалғастырды. Ол кісінің ғылыми ауқымы өте кең. «Компьютерлік лингвистика» деген өзекті мәселені көтеріп, қазақ тіл білімін жаңа бір деңгейге көтеруге бар күшін салып жүр. Тек қана қазақ тіл білімінде емес, түркітануда әлі қалыптаса қоймаған осы саланы терең зерттеуде», — деді ол.
Бұдан кейін аталған басқосуға қатысқан философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов «Қ.Жұбанов тіл философиясының ұлттың рухани жаңғыруындағы орны туралы» деген тақырыпта ой өрбітті.
«Тіл философиясын түсіну үшін және түсіндіру үшін бізге тілдің танымдық, дүниетанымдық жағын қарастырғанымыз абзал. Олай ететін болсақ тіл, тіл танымы жалаң, немесе, абстрактілі болуы мүмкін емес. Ол ұлттық тіл, ұлттық таным болып нақтыланады. Профессор Құдайберген Жұбанов пікірінше, «Адамзат тіл арқылы табиғаттағы барлық заттар мен құбылыстарға атау береді. Ұлттық таным мен ұлт тілінің бірлігі, байланысы осы арада тоғысады. Егер халықтық дүниетанымы тіл арқылы жетпесе, қоғам да, мәдениет те дамымаған болар еді. Демек, тілдің дамуы да, басқа тілдерден өзгешелігі де қоғамдық өмірмен, шаруашылық кәсіппен, мәдени – рухани дамумен тығыз байланысты. Әрбір ұлт өкілдерінің парасат – пайымы, білім деңгейі, көзқарасы мен менталитеті, өзіндік дүниетанымы, болмысты тануы, игеруі тілде бейнеленеді, тілде сақталады. Ендеше, Ата-бабадан мирасқа қалған баба тілі – адамдар арасындағы қатынас құралы, немесе, ой-санамыздағы әлемнің бейнесі ғана емес, сонымен қатар көнеден келе жатқан тарихи танымды да жеткізуші.
Біз мынадай жайға ерекше назар аударғанымыз жөн. Қ.Жұбанов тіл философиясын қарастырғанда оны ұлт болмысымен бірге қарастырады. Өйткені, адам бойында жалпы адамзатқа ортақ белгілермен қатар, ұлттық ерекшеліктер де бар. Мысалы, Жылау мен Күлуді сол тілмен сөйлемейтін адамдар да түсінеді, ал тілді тек сол тілмен сөйлейтін қоғам ғана түсінеді. Музыканы да сол елдің музыкасын білмей-ақ түсінуге болады. Бірақ бұл жылау мен күлуден өзгеше. Өйткені, ұлттық музыкада ұлттың эстетикалық, басқаша айтқанда әдемілік, әсемдік әлемі де көрніс табады. Профессор Жұбановша айтсақ, «Әр елдің музыкасы сол елдің өзінің мінез-құлқына лайық болады, жауынгер түрік музыкасының жауынгерлік рух беретін түрде болатыны да сонан». Бұл тұжырымның тиянақтылығына Құрманғазының «Адай» күйін, Ахмет Жұбановтың пафосты «Би» күйін еске түсіру арқылы да көз жеткізе аламыз…
Шын мәнінде де, тіл — адам баласының барлық табыстарын және жетістіктерін, сондай-ақ рухани даму деңгейін білдіреді. Бүгін де, ертең де табысты боламыз десек рухани тұрғыдан жетілуіміз керек. Біздің рухани жаңғру бағдарламамыз, бізді осы жолға бастайды деген үміт зор. Профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов болса осы бастаудың басында тұрған тұлғалардың бірі және бірегейі», — деді А.Тайжанов.
Басқосуда Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Қажығали Мұқаметқалиұлы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сләмбек Оразалин, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті Людмила Балахонская, Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Зиннур Сиразитдинов және филология ғылымдарының докторы, Жұбанов университетінің филология факультетінің деканы Күлзат Садировалар баяндама жасады.
Жалпы, конференцияда жан-жақтан келген ғалымдар қазақтың тіл ғылымын, әдебиет пен музыка, түркология сынды ғылым салаларының негізін салған Қ.Жұбановтың еңбектерін зерттеудегі түрлі пікірлерін айтты. Әсіресе, студенттер ғалымның ғылыми мұрасына қатысты мол мағлұмат ала түсті.
Пленарлық мәжіліс соңы марапаттауларға ұласты. Онда университет ректоры Бауыржан Ердембеков «Жұбановтану» саласына атсалысып, еңбек сіңіріп жүрген бірақатар ғалымдарды марапаттады. Қ.Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына орай «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалін филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұбановқа, «Өтежан Нұрғалиев» медалін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Қажығали Мұқаметқалиұлына, Қ.Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына орай «Қ.Жұбанов» медалін филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкееваға, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжановқа, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ардақ Жұбановаға, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрбол Садуақасқа, «Қазақ әдебиеті» каферасының аға оқытушысы, магистр Әлия Ұлықпановаға және ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейінің директоры Ұлболсын Мұхамбетоваға салтанатты түрде табыс етті.
Сондай-ақ, ғылыми шара аясында университетте жоғары тәртібімен, оқу үлгерімімен, белсенділігімен көзге түскен 4 студентке «Жұбанов атындағы» гранттар табысталса, 7 студентке Жұбанов стипендиясының сертификаттары тарту етілді.
Ал, конференцияға қатысқан Мұғалжар ауданының маслихат хатшысы Роза Мусенова өз кезегінде аудан әкімінің атынан әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан, мұғалжарлық студенттер Аружан Қонысоваға, Жанель Түрікпеноваға, Данияр Бекеевке білім грантын табыстады.