Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Құдайберген, Есет Жұбановтар есімі ұлықталды

Құдайберген, Есет Жұбановтар есімі ұлықталды

Кешеден бері Ақтөбеде қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін салушы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері Құдайберген Жұбановтың  және асылдың тұяғы, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі әдебиетші-ғалым Есет Жұбановтың 90 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Екі күнге жоспарланған ізгі іс бүгін де жалғасады.  

Шараға Құдайберген Жұбановтың ұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұбанов және Құдайберген Жұбановтың келіні Эльмира Жұбанова,  Ахмет Жұбановтың қызы, биология ғылымдарының докторы, профессор Ажар Жұбанова, Құдайберген Жұбановтың немересі, Есет Жұбановтың қызы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ардақ Жұбанова, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы, Есет Жұбановпен ұзақ жыл бойы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында бірге қызметтес болған, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева қатысты. Сондай-ақ, Түркия, Ресей Федерациясы, Ресей Федерациясы Башқұрт Республикасынан және еліміздің Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан ғалымдар жиналды.  

Алдымен Нұрпейіс Байғанин мен Құдайберген Жұбанов ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.  Бұдан соң ғалымдар  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғимаратында «Жұбанов тағылымы» атты дәстүрлі Х халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының пленарлық мәжілісіне қатысты.

Мәжілісте алдымен облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан орынбасары Аманғали Бердалин қазақ тіл білімінің феномені, ғұлама ғалым Құдайберген Жұбанов пен оның ізін жалғастырушы ұлы, көрнекті лингвист, профессор Есет Жұбановтың мерейтойларына орай ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі  конференцияның ашылуымен құттықтады.

— Ұлт тарихының талай сырларын қойнауына сыйдырған құтты мекен —Ақтөбе жері таланттыларға кенде емес. Осынау өлке атамекені саналатын Жұбановтар әулеті қазақтың ғылымы мен өнерінің биік бір белесі. Оның басында қазақ тіл білімінің майталманы — Құдайберген Жұбанов, музыка саласының ақтаңгері Ахмет Жұбанов тұр. 

Құдайберген Жұбановты ана тіліміз туралы үлкен ғылымның жаңа кезеңін — ғылыми-теориялық зерттеулер кезеңін бастаушы деп танысақ, ұлы Есет Құдайбергенұлының жеке еңбектері және шәкірттерінің ізденістері нәтижесінде Ақтөбеде тіл білімінің жаңа мектебі қалыптасты деуге әбден болады.

Құдайберген Жұбановтың түркі тілдерінің тарихына қатысты ұғымдарға талдау жасап, терең білімі мен зердесін, қажыр-қайратын, еңбегін қазақ тілінің сол кезеңдерде шешімін таппай тұрған жазу, әліпби мен орфография мәселелеріне арнаған еңбектерінің өзі ғылыми ортаның орнығуына қосылған зор үлес болды, — деп облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин конференция жұмысына табыс тіледі.

Бұдан кейін университет ректоры Бауыржан Ердембеков сөз сөйледі. Ол өз сөзінде биыл 10-ыншы рет ұйымдастырылып жатқан осы игі істің бастауында Мұхтар Арынов тұрғанын тілге тиек етті.

Ғалымның ғылыми мұраларын зерттеу, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында қара шаңырақта «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді.  Мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмысы аясында іске асқан «Менің таңдауым — Жұбанов» жобасының нәтижесінде университетте білім алатын студенттер саны биыл 15 мыңнан асыпты. «Жұбанов жылуы» еріктілер тобы құрылып, қараусыз қалған қариялар мен жетім балаларға мейірімін төгуде.

Университетте 80 мыңнан астам түлектің басын қосқан «Жұбанов түлектері ассоциациясы» жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Жұбанов кітапханасы» сериясымен 22 кітап шығарылған.

— Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Баянауыл, Семей, Жидебай, Қарқаралы, Қарағанды елді мекендерін қамтитын «Жұбановтан — Абайға» ғылыми-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды. Талантты студенттерді қолдау мақсатында жыл сайын университет тарапынан Құдайберген Жұбанов атындағы білім гранты мен стипендиясы бөлініп келеді, — деді Б.Ердембеков.

Жиында филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұбановтың Құдайберген Жұбанов — қазақ филологиясының тұңғыш профессоры тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.

— 1937 жылдың күзінен 1957 жылдың күзіне дейін жиырма жыл бойы нақақ қараланып, аты аталмай келген ғалымның жоғын іздеуге, оны халқына қайта табыстыруға мұрындық болған елеулі бір үндеу Мұхтар Әуезов пен Ісмет Кеңесбаевтың «Қазақ лингвистикасының негізін салушы» («Основоположник казахской лингвистики») атты мақаласы болды.

Құдайберген Жұбановты қайта тану ісін оның туған інісі, академик Ахмет Жұбанов, академик Мұхаметжан Қаратаев, Ахмеди Ысқақов, Ғайнетдин Мұсабаев, Мәулен Балақаев, Рабиға Сыздық, Әбдуәли Қайдар және тағы басқа ғылымдағы жас буын одан әрі жалғастырды. Алғашында қазақ тіл білімінің негізін қалаушының бірі деп аталған Құдайберген Жұбановтың кейіннен сол ғылымның теориялық негізін салған бірегей оқымысты екені анықталды. Одан әрі Құдайберген Жұбановтың тек қазақ тілінің аясымен шектелмей, ана тіліміздің тарихын зерделеу арқылы түркология әлеміне қалам сілтеген ғалым екені де мойындалды. Зерттеу жұмыстары одан әрі тереңдей түскенде Құдайберген Жұбановтың тек түркология аясында ғана қалып қойған зерттеуші емес, әлемдік тіл біліміне де құлаш ұрып, үндіеуропа тіл білімі мен шығыстануды, яғни ориенталистиканы ұштастыра білген ғалым екендігі дәлелденді.

Осы орайда қазақ тілін зерттеуге атсалысқан ғалымдарды құрмет тұтып, ұлықтаудан танбаған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен «Ұлы дала тұлғалары» атты кітаптар топтамасын дайындауды қолға алды, — деді Асқар Жұбанов. Ғалым «Ұлы дала тұлғалары» атты сериямен 2013 жылы жарық көрген «Құдайберген Жұбанов» атты кітаптың құрылымы мен жеке тарауларының қысқаша мазмұнына тоқталды.

— Профессор Құдайберген Жұбановтың қазақ тілін зерттеуге қатысты салаларына қосқан үлесінің бүгінгі күні қазақ тіл біліміндегі ғылыми құндылығы мен маңызы бұл еңбекте қазіргі лингвистиканың даму деңгейі тұрғысынан зерделенді. Әсіресе, Құдайберген Жұбановтың 1929 жылғы латын қарпіне негізделген әліпбиге бірқатар өзгерістер енгізіп, қазақ жазуын жетілдіруді, оны жұртшылыққа тез меңгертіп, сауаттандыруды мақсат еткен әрекеті өзінің өміршеңдігін танытып, бүгінгі таңда тілші қауымның ғана емес, жалпы қоғамның жұмыла қатысатын мемлекеттік деңгейдегі ісіне айналып отыр. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ісі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында түпкілікті зерттеліп, оның әдістемелік, психологиялық, экономикалық, саяси жақтары сарапталды деуге болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе…», — деп, бұл мәселеге нүкте қойып берді. Латын әліпбиін қолдану, оны жетілдіру ісін ыждағаттықпен қолға алуы профессор Құдайберген Жұбановтың мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді көрегендікпен болжай білген қайраткерлігінің тағы бір айғағы деп санаймыз, — деді Асқар Жұбанов.

Профессор Қ.Жұбановтың тіл ғылымына қатысты бізге жеткен еңбектері бойынша онға жуық диссертация қорғалып, жүзден астам мақала жарияланыпты. «Жұбановтану» мақсатындағы ізгі істер әрі қарай жалғасын таба бермек. Дегенмен, бізге жетпеген, атаулары ғана белгілі еңбектері бар. Бұл туралы Асқар Жұбанов былай деді:

— Академик Рабиға Сыздықтың айтуынша, профессор Құдайберген Жұбанов «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» деген жалпы атпен он сериялы еңбек дайындаған. Соның екі сериясы ғана баспадан шығып үлгерген, қалған 8 сериясы баспаға тапсырылғанымен, «халық жауының» еңбегі ретінде жойылып жіберілген. Оларды іздеп тауып, жұршылыққа ұсыну кейінгі зерттеуші буынның алдындағы азаматтық міндет, ғалымдық борыш деп білеміз.

Пленарлық мәжілісте Асқар Жұбанов белгілі филолог-ғалым Есет Жұбановтың өмірі мен ғылыми зерттеулері туралы, ғалымның тіл білімінің фольклортану, мәтінтану, лингвостилистика салаларының қалыптасып, дамуына қосқан үлесі жөнінде айтты.

Шара барысында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Қажығали Мұқанбетқалиұлы, биология ғылымдарының докторы, профессор Ажар Жұбанова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева,  т.б. сөз сөйледі.

Айта кету керек, бұл күні «Қ.Жұбанов әлемі» көрме-галереясы, Е.Жұбанов атындағы конференц-залдың ашылуы, «Бастау» телерадио кешенінің ашылуы, жыр мүшәйрасы, ээсе байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, университеттің сәулеттік келбетін арттыру, абаттандыру, көгалдандыру мақсатында «Жасыл  желекті Жұбанов» атты ағаш егу акциясы өтті. Ғалымның мерейтойына орай университет ауласында 120 түп ағаш егілді.

Бүгін мерейтой аясындағы шаралар Құдайберген Жұбановтың туған жері Мұғалжар ауданында жалғасады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=80454&fbclid=IwAR07YcMa0fSi-CLMbnpdFB8YVTP_hFsRMgowbXwqgv9SsepjTEFlgp_hK-8