Вторник, Сентябрь 29, 2020
Басты > Жаңалықтар > «Жұбанов керуені» Жұбановтардың ауылында

«Жұбанов керуені» Жұбановтардың ауылында

Жайындыдан Алғаға дейінгі аралықты алып жатқан аймақты Мұғалжар ауданы деп атайды, ертеректе Ембі, қазір Қандыағаш қаласы аудан орталығы болып саналады… Тарихы терең, табиғаты ерен, атақты аймақ… Бұрынғы екі аудан біріктіріліп, бір ауданға айналған. Мұнайлы да шырайлы аудан. Мұнайлы аудан дейтініміз, Мұғалжар топырағына, әсіресе, Жаңажол жағына жолыңыз түссе, мұнаралардан көз аша алмайсыз, көзіңізді ашсаңыз да, жұмсаңыз да көретініңіз – көлбеген мұнаралар. Бірнеше мұнай, газ өңдейтін зауыт­тар, кәсіпшіліктер бар.

Шырайлы аудан дейтініміз, Жемнің жүзіне қан жүгіртіп, жағалай қонған ауылдың ажарын ашып жү­ретін атпалдай азаматтары да бар­шы­лық. Ағайынды Құдайберген мен Ахмет Жұбановтар­дың ауылы Жұрын станциясы жағындағы Жаңатұрмыс дейтін жер – ажарлы алқап, орманы ойпат.  Дәл осы жерге Жұбанов университетінің ұжымы мен Мұғалжар ауданының басшылығы, журналистер әкелі-балалы Құдайберген мен Есет Жұбановтарды еске алуға келді. Мұнда біршама алыс орналасқан төбеде — ауыл зираты. Құдайбергеннің әкесі Қуан, оның баласы Есет те осы жерге жерленген. Жұбановтар әулетінің жерленген жері кішкентай құлпытастармен белгіленген.

Университет ұжымы Жаңатұрмыс ауылындағы сапары барысында ауылдық орта мектепке де атбасын бұрды. Мектептегі басқосу кезінде университет ректоры Бауыржан Ердембеков мектеп директорына салтанатты түрде Құдайберген Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына орай басылып шыққан кітаптар мен  бірнеше тілге аударылған лингвистикалық мақалалар жинағын сыйға тартты.

Сонымен қатар, «Жұбанов керуені» жобасының аясында Жұбанов университетінің оқытушылар құрамы  мен студенттері  мектеп түлектерімен және олардың ата-аналарымен кездесті. Кездесу барысында факультет студенттері мен оқытушылары мектеп оқушыларына университетте оқудың барлық мүмкіндіктері туралы айтып берді. Ал университет проректоры Нұржан Бердыбаев мамандық таңдау мәселесі және алдағы ҰБТ шарттары туралы толығырақ  әңгімелеп, түлектердің барлық сұрақтарына жауап берді.

Іс-шара барысында педагогика факультетінде «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасының филиалы ашылып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жергілікті мектептердің 5 оқушысы Жұбанов атындағы грантқа ие болды. Сонымен бірге университет басшылығы жас Жұбановшылардың ата-аналарына өнегелі  ұрпақ өсіріп,  тәрбиелегені үшін алғыстарын жеткізді.