Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жазушымен кездесті

Жазушымен кездесті

Әдебиет саласында толассыз қызмет етіп, бар саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің, тілінің өркендеуіне арнаған қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбенің киелі Байғанин топырағынан шыққан қаламгер Қажығали Мұханбетқалиұлымен кездесуге арналған «Еңбегі ерен тұлға»  атты әдеби кеш университеттің филология факультетінде өтті.

Кездесу  жас ұрпақты, студенттерді жергілікті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығымен таныстырып, әдеби мұрасын насихаттау, жастардың бойына паториоттық тәрбие-тағлымын сіңіру мақсатында ұйымдастырылды.

Қажығали Мұханбетқалиұлы оқырмандарға «Жұлдызды түндер», «Жаңғырық», «Сынық терезе», «Тоғай сыбдыры», «Қайдасың сен, махаббат?», «Жалғыз жиен» тағы да басқа  кітаптарымен таныс қаламгер.  Бұдан бөлек,  көкірегін кернеген, жанына маза бермеген қазақ халқының қилы тағдыры, сол елдің тарихы туралы да жазу қаламгер назарынан тыс қалмады.

Бүгінгі кездесуге Жұбанов университетінің профессор-оқытушылары мен студенттері қатысып, әдебиет туралы көңілде жүрген сауалдарын қойды.  Содан кейін филология факультетінің студенттері  кештің қонағы болып отырған жазушының шығармаларынан үзінді оқыды.

Шара барысында оқытушылар мен студенттер жазушының өмірбаяны мен жеке шығармашылығымен танысты. Жазушы өзінің өмірі туралы қызықты әңгіме айтумен қатар, өзінің еңбектерін де таныстырып өтті. Шығармашылығы туралы әңгімелеген жазушы: ««Тар кезең» — менің шығармашылығымның шыңы, мен бұл шығармамды жиырма жылдан астам уақыт жаздым. Бітіргеніме қуанамын. Әдеби орта, оқырман қауымы, жалпы жұртшылық жақсы қабылдады, мен үшін басты бақыт – осы», -деді.  Сұхбат барысында студенттер қаламгердің туындыларынан рухани азық алып, өнегелі тұлғасымен де  танысты.

Кездесу барысында  филология факультетінің деканы Күлзат Садирова жазушыға «Қазақтың 100 аңызы»  кітабын сыйға тартса, өз кезегінде Қажығали Мұханбетқалиұлы  жуырда  баспадан шыққан шығармаларының төрт томдығын Жұбанов университетінің кітапханасына  тарту етті.

Кездесу соңында жазушы жүрек түкпіріндегі туған жерге деген ыстық сезімінен сыр шертіп, әдебиет туралы ой бөліскендері үшін көпшілікке ризашылығын білдірді.