Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбеде қос тұлғаның есімі ұлықталды

Ақтөбеде қос тұлғаның есімі ұлықталды

Бүгін Жұбанов университетінің Жастар сарайында «Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институты (Қалыбекұлы Сегізбай мен Алыбайұлы Сарышоңай билер мысалында)» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ғылыми шараға облысқа еңбегі сіңген бірқатар еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, үкіметтік емес ұйым басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ардагер журналистер, тарихи тұлғалардың ұрпақтары мен қала тұрғындары қатысты.

Ғылыми бас қосу Қалыбекұлы Сегізбай мен Алыбайұлы Сарышоңай билердің қайраткерлігін зерделеп, олардың есімдерін бүгінгі ұрпаққа таныстыру, насихаттау мақсатында өткізілді.

Зиялы қауымның басын қосқан айтулы шараны университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков құттықтау сөзімен ашты.

«Ұлы Дала өркениеті тарихында Билер сотының құқықтық, саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдени, рухани-дүниетанымдық, ұлттық-халықтық, философиялық құн­дылықтары айрықша. Мемлекеттің саяси және әлеуметтік жағдайын тек әдеттегі құқықпен ғана емес, рухани-мәдени салт-дәстүр негізінде де ұштастыра отырып қамтамасыз етуші бірден-бір құрылым ретіндегі рөлі зор. Ұлы Даланың билері тереңдікпен, білімпаздықпен билік-кесім айтқан. Сөйтіп, ел ішіндегі жүгенсіздіктерді кісенсіз, зындансыз, абақтысыз сап тыйған. Тындырғанда да хатсыз, қарарсыз, ауызша жүзеге асырып, бітіріп отырған. Қазіргідей алтын уақыттарын жиын, мәжіліс съезбен өткізіп, құлаш-құлаш қаулы–қарар қабылдап, оны жоғары-төменді бұйрықпен таратып, төрешілдікке, қағазбастылыққа салынбаған. Ол кезде бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, өзге де құқық қорғау органдарының қызметтерін атқарған ғой. «Би – әлеуметтік категория ретінде қазақ халқының тарихында ерте заманнан бері қолданылып келе жатыр. Біздің заманда енгізілген алқабилер соты соның бір жұрнағы ғана…», — деді. Бауыржан Аманкелдіұлы қос тарихи тұлғаның қайраткерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін айтып,  конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Мәжілісте Ақтөбе облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан конференцияның ашылуымен құттықтаса, Шалқар газетінің редакторы  Қыдырәлі Әлин Шалқар ауданы әкімі Бауыржан Қаниевтің құттықтауын жеткізді.

Конференцияда ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы «Ел мен жерге қызмет еткен тұлғалар (Қалыбекұлы Сегізбай мен Алыбайұлы Сарышоңай билер жайында)» тақырыбында ой өрбітсе, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Ұлжан Ахметова «Билер билiгінің сабақтастығы және Қалыбек би ұрпақтары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Бұдан кейін аталған басқосуға қатысқан тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Әбеновтің «Қазақ тарих ғылымының ірге тасын қалаушы Б.Сүлейменов – Сегізбай, Сарышоңай билердің ұрпағы»  тақырыбындағы баяндамасы  көпшілік назарына ұсынылды.

«Кіші жүздің аға баласы әлім руының Шекті аталығынан тараған Қабақ бөлімінен шыққан Қалыбек бес Пұсырманның бірі. «Әке балаға — сыншы» демекші, ел арасында тараған «Қарабасты жауға қой, Қалыбекті дауға қой, Өмірді шаруаға, Сексенді асқа, Жарасты қырындатып қызға қой» деген сөздері қөріпкелдікпен айтылған сөз. Түбі Қалыбек би соңы Сарышоңай би, қара қылды қақ жарған билердің ұрпағы революцияға дейінгі қазақ тарихын терең және жан-жақты зерттеген ғалым, Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ХVIII-ХХ ғ.ғ. Қазақстан тарихының көрнекті зерттеушісі Бегежан (Бек) Сүлейменов. Оның үлкен атасы Нияз би қабақ руының белді де беделді биі, старшыны болған. Хиуа хандығына қарсы өз елінің тәуелсіздігі үшін қол бастаған. Шекті руындағы көтерілістерді басқарған Көтібар батырдың туысқаны – жиені (анасы жағынан). Алғашқыда Мүбарак Низамуддиновтің бастауыш мектебіне түсіп, кейін Шалқар ауданы орталығындағы жетіжылдық мектепте білім алған…

 Қазақстанның ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын зерделеуде Бек Сүлейменов еңбектерінің орны ерекше. Тарихшылар, магистранттар мен студенттер үшін таусылмас қайнар. 2018 жылы ғалымның есімін жас ұрпақ санасында мәңгі сақтау мақсатында Жұбанов университетінің тарих факультеті  ғимаратына Бек Сүлейменовтың аты берілді»,  — деді, Д.Әбенов.

Жалпы, конференцияға қатысушылар тарихи тұлғалар туралы көптеген тың деректерге қа­нықты.  Сондай-ақ, баяндамашылар билердің жүріп өткен жолы, тарихи тұлға ретіндегі орнына тоқталып,  қос тұлғаның өнегелі өмір жолдары жас ұрпаққа үлкен үлгі екенін жеткізді.

Аталған шарада философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы мен Алтай Тайжановтар және тағы басқа ардагерлер қауымы  бүгінгі өзекті тақырыптарға қатысты пайымдарын ұсынды. Сонымен қатар, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Келдібай Еспағамбетов пен Шалқар ауданының құрметті азаматы, тыл ардагері Қалмұқан Төлеуов игілікті шараны ұйымдастыруға мұрындық болған «Қабақ баба» қоғамдық қоры мен университет басшылығына алғыстарын жеткізді.

Конференция барысында Сегізбай Қалыбекұлы бидің бұл кезеңге дейін ғылыми айналымға мүлде түспеген көптеген қайраткерлік дерегі, XVIII ғасырда басына киген қалпағы көпшілікке ұсынылды.

Ғылыми басқосу соңында  «Қабақ баба» қоғамдық қорының төрағасы  Амантай Үмбетайұлы мен Сарышоңай бидің ұрпағы Бақыткерей Әдманұлы жиналғандарға жылы лебізін білдіріп,  ғылыми шараның баяндамашыларының иығына шапан жауып, сый көрсетті.