Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Шығармалардың тағдыры да адамдардың тағдырына ұқсайды…»

«Шығармалардың тағдыры да адамдардың тағдырына ұқсайды…»

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультетінің студенттері белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Қажығали Мұханбетқалиұлымен кездесті.

Кездесу Нұрпейіс Байғанин есімін иеленген дәрісханада өтті. Жиынға студенттермен қатар, факультет оқытушылары, зиялы қауым өкілдері, Ақтөбедегі кітапханалар қызметкерлері қатысты.

Кештің жүргізушісі, филология факультетінің оқытушысы Рита Жұмағалиева студенттерге Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығы жөнінде, сондай-ақ, оның өмірінен алынған деректерді мазмұнды да қызықты етіп жеткізді. Мысалы, Қажығали Мұханбетқалиұлы өткен ғасырдың 60-жылдарының басында ҚазМУ-дің филология факультетінде оқыған. Ал оның бірге оқыған курстастарының арасынан кейін 27 адам Жазушылар одағына мүшелікке қабылданыпты, яғни бір курстан осынша қаламгер шыққан. Олардың арасында Әнес Сарай, Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдік, Қабдеш Жұмаділов, т.б. белгілі жазушылар бар.

Бұл әңгімені жазушының өзі:

— Иә, біздің курс — филология факультетінің тарихындағы ең мықты курстардың бірі болды, — деп жалғастырды. — Бізге және бізден кейін де сабақ берген ұстаздарымыз мұны әрдайым айтып, тіпті таңғалып та отыратын. Курстастарымның көпшілігі талантты болумен қатар, білім алуға да үлкен жауапкершілікпен қарады. Басым бөлігі үздік оқыған еді. Амал не, университетті бітірерде бір қызық жағдайға тап келдік: біз шет тілінен мемлекеттік емтихан тапсыруға міндеттелдік. Қызық дейтінім, бұл — факультет тарихында бұрын да, кейін де болмаған жағдай екен, тек біздің курстың «еншісіне» бұйырған… Қорытындысы көңілді дей алмаймын — басым көпшілігі үздік оқыған курстан «қызыл диплом» жалғыз маған ғана бұйырды. Үздік бітіріп тұрғаннан кейін, ұстаздарым мені аспирантураға оқуға қалдырғылары келген, бірақ тағы да бір түсініксіз жағдайлар болып, мен ақырында аспирантура емес, армияға кеттім…

Әңгіме жазушының шығармашылығына ойысқанда, әріректе жазылған «Бас жұтқан бас» хикаяты төңірегінде көбірек сөз қозғалды. Бұл —  қаламгердің тарихи тақырыпта жазған алғашқы туындыларының бірі.

— Ол тұста Берқайыр Аманшиннің «Махамбеттің тағдыры» романынан басқа, Исатай-Махамбет көтерілісіне, Махамбет ақынның тағдырына арналған үлкен туындылар жоқ еді. Мені осы жағдай толғандыратын, «Бас жұтқан бас» повесін қолға алуыма да сол себеп болды. Дегенмен, кезінде бұл шығарма туралы ешкім ешқандай пікір айтпастан, елеусіз қалды. Жалпы, менің байқауымша, шығармалардың тағдыры да адамдардың тағдырына ұқсайды: қанша лайықты болса да, кейбірі мүлде еленбей қалады, енді бірі жазыла салысымен, жұрт назарына ілігеді, — деді Қажығали Мұханбетқалиұлы.

«Бас жұтқан бас» хикаяты арада 40 жылға жуық уақыт өткеннен кейін еленіп, оның авторына республикалық Махамбет атындағы сыйлық берілген.

Кездесу барысында жазушы жас оқырмандарға әдебиет төңірегіндегі қалыптасқан пікірлердің  көп жағдайда қате, қасаң болатынын, сондықтан әр шығармаға, қаламгерге өзіндік пікірмен келу керектігін баса айтты.

— Ғажап бір туындысымен танылған жазушы болса, демек оның барлық шығармалары керемет деген пікір туындамауы керек. Жапонияда атақты жазушылар әр туындысын әртүрлі фамилиямен жариялайды екен. Мына романын Қоғабаев болып жарыққа шығарса, келесі повесіне Көмекбаев деп қол қояды. Яғни, келесі шығарманы оқырман Қоғабаевтан қалған әсермен қолға алмауы керек! — дейді жазушы.

Кеш барысында студенттер жазушыға көптеген сауалдар қойып, оның шығармашылығы жайлы ойларымен бөлісті. Емен-жарқын әңгіме, жылы лебіздерден бөлек, арасында домбыраға да кезек берілді.

Қажығали Мұханбетқалиұлы факультет кітапханасына өзінің 4 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

https://aqtobegazeti.kz/?p=80549