Воскресенье, Январь 29, 2023
Басты > Жаңалықтар > Жас жұбановшыларды толықтырды

Жас жұбановшыларды толықтырды

Жылдағы дәстүр бойынша Жұбанов университеті бірінші  курс студенттерін ресми түрде студенттер қатарына қабылдап, жас жұбановшылар қатарын толықтырды. Биылғы оқу жылында  университетке 5000-нан астам студенттер қабылданды. Олардың арасында «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық байқаулар, олимпиадалардың жеңімпаздары мен  мектепті үздік бітірген оқушылар да бар.

Салтанатты шараны ашқан университет ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембеков студенттік өмірді жаңа бастаған студенттерге жүрекжарды құттықтау лебізін арнады. «Сіздердің алдарыңызда білім мен ғылымның, мәдениеттің, өркениеттің барлық есіктері ашылуда…

 Жұбанов университетінің студенттерінің барлығы да болашақта Қазақстанымыздың дамуына септігін тигізетін жақсы маман болып,   біз түлектерімізбен мақтанатын болсақ, ол біздің университетіміз бен профессорлық-оқытушылық құрамның жеткен нәтижесі деп ойлаймын. Сондықтан да Жұбанов атындағы альма-матерді жерге қаратпайтын жақсы түлектер шығатынына сенімдімін. Төрт жылды мәнді де, мағыналы өткізу Сіздердің қолдарыңызда!», -деді.  Сөз соңында университет басшысы дәстүр бойынша бірінші курс студенттеріне символдық студенттік билетті табыстады. Өз кезегінде бірінші курс білімгерлері Жұбанов университетінің студенті деген атқа лайықты болуға ант беріп, символдық «Студенттік билетке» ие болды.

Салтанатты шарада көрермен назарына театрландырылған сахналық қойылым ұсынылып, әуезді әндер шырқалды. Сондай-ақ,  лоторея ұтыстары ойнатылып, мерекелік кештің соңы факультеттердің өнерлі жастарының мерекелік концертіне ұласты.  Осылайша жастардың көңілін бір серпілткен мерекелік шарада жастарға үлкен сенім білдірілді. Мәңгілік елдің патриот жастарын бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу жайы әңгімеге арқау болды.

Жұбанов университетінің Баспасөз қызметіне сұхбат берген «Химия, биология» мамандығының  бірінші курс студенті Серікбол Қанатов өз ойымен бөлісті. «Маған студент болған өте ұнайды. Қысқа уақыт ішінде өз жоғары оқу орнымның белсенді студенттерінің бірі болдым. Студенттік шақ мектеп  қабырғасындағы өмірден өзгеше. Өзіңіз туралы көбірек білуге болады,  оқыту басқаша өтеді және атмосфера да ерекше. Біз мектепті жақында ғана аяқтағандықтан, бүгін өтіп жатқан студенттер қатарына қабылдау шарасы нағыз студент екенімізді сезінуге мүмкіндік берді», — деді ол.

Осы орайда айта кетсек, бүгінгі шараға техникалық, жаратылыстану, физика-математика факультеттерінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен биылғы оқу жылында қабылданған 1100 студенті жиналды. Олардың арасында 80-і «Алтын белгі»  иегерлері.

Білімнің ізденіс жолына қанат қаққан жас жұбановшыларға сәттілік тіледік!