Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қадамың құтты болсын, студент!

Қадамың құтты болсын, студент!

Студент ол жас ғалым, жас ізденуші. Кеше ғана мектеп табалдырығын тәмамдаған жас түлектер бүгінде студент атанып отыр. Сол секілді киелі қара шаңырақ – Жұбанов университетінің табалдырығын аттаған бірінші курс студенттері жаңа өмірдің алғашқы беттерін де ашып үлгерді. Әр аймақтан жиналып, жаңа ортаға түсіп, жаңа достар, бейтаныс қала, бейтаныс ұстаздар олар үшін бәрі жат болатын…

Университет қабырғасында әр жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін суденттер қатарына қабылдау кеші биылғы жылы да  «Менің таңдауым — Ақтөбе» деген тақырыппен Студенттер сарайында өз жалғасын тапты.  Көрерменді әсем ән, күмбірлеген күй, мың бұралған бимен баураған салтанатты кеш педагогика, кәсіби-шығармашылық, экономика және құқық факультетінің бірінші курс студенттеріне арналды.  Аталмыш факультеттерге биылғы оқу жылында 1300 студент қабылданды, олардың 37-і «Алтын белгі» иегерлері.   Осы орайда айта кетейік,  Жұбанов университетінде  7 факультет бар. Аталған оқу ордасында 72 бакалавриат, 40 магистратура және 6 докторантура, барлығы 118 білім бағдарламасы және жоғары колледжде 13 мамандық бойынша мамандар даярланады.

Бұл күні жүрегінде жалын, бойында қуаты тасыған жастардың қуанышы сезіліп тұрды. Жаңа өмірге қадам басқан студенттердің арманы да асқақ. Солардың бірі – педагогика факультетінің студенті Толқын Өтебекова. «Дефектология»  мамандығын таңдаған ол тегін білім алуға мүмкіндік туғанына дән риза. Игі бастаманың артылар жауапкершілігі жоғары екендігін сезініп, келешекте еліміздің өркендеуіне зор үлес қосамын деп сендіреді.

Бүгінгі шараның шымылдығын ашқан университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков студенттердің  білім жолына сәттілік тілеп, жүрекжарды құттықтауын жеткізді.   Одан соң сөз алған «Әлемдік экономика» мамандығының 1-курс студенті Бекет Рысқалиев: «Мен Өзбекстан азаматымын. Бүгінгі таңда Құдайберген Жұбанов атындағы университетте білім алып жатырғаным, бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Батыс Қазақстандағы іргелі жоғары оқу орнында   білім  алу  мен  үшін  зор  мәртебе. Сол үшін университет басшылығы мен ұстаздарына мың алғыс айтамын! 

Біз осындай оқу орнында тегін білім алып, өзіміздің қалаған мамандық иесі болып шығуымызға  мемлекетіміз  барлық жағдай жасап отыр. Сондықтан  мен  оқуымды бітіргеннен кейін еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің одан әрі дамуына  өз үлесімді қосамын деп ойлаймын», — деді.

Салтанатты шарада өнерпаз студенттердің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Көпшілік алдында  «Универсал» құрамасының әзілкештері өнер көрсетіп, жиылған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, жас ақын Нұрдаулет  Бердібаев «Студент болдым» атты өз арнауын айтып, білім биігіне ұмтылған жастарды қанаттандырды. Мазмұнды концерттік бағдарламамен көмкерілген мерекелік шарада университет жанынан құрылған BIG FAM би тобы, «Саз триосы» және талантты студент жастардың өнеріне көпшілік көрермен тәнті болды.