Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Үкімет мүшелері Жұбанов университетіне келді

Үкімет мүшелері Жұбанов университетіне келді

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік делегация Ақтөбе  облысына жұмыс сапарымен келді.

Сапардың негізгі мақсаты – мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басым бағыттарын түсіндіру.

Ресми сапар барысында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин  Жұбанов университетіндегі жаңа өзгерістермен танысты.

Университетке келген үкімет мүшелеріне ректор Бауыржан Ердембеков    ғимаратты аралатып, материалдық базасымен  таныстырды. Онда алдымен Smart ARSU мобильді қосымшасының жұмысымен танысып,   бас оқу ғимаратындағы Ситуациялық орталықты, «ARSU store» дүкенін, «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығын,  «Парасаттылық мектебін», Студенттер  сарайын және  университеттің көрме залын аралады.  Одан кейін Инновациялық технологиялар паркінен ашылған «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысымен танысты.  Онда университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректор  Рахым Бекназаров «Мәдени мұра» бағдарламасы төңірегінде қолға алынып жатқан киелі мекендеріміз, ескерткіштеріміз, көне жәдігерлеріміз жайында баяндады.

ҚР  Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин  оқу ордасындағы  Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісхананы, Тахауи Ахтанов атындағы конференц-залды, Құдайберген Жұбанов атындағы конференц-залды аралау барысында мазмұндық мәнге ие оқу кабинеттеріне оң бағасын берді. Кабинеттерде күнделікті дәрістер мен жиындардың  жүріп жатуы өте орынды екендігін айтты. Айта кетейік, Жұбанов университеті ректорының қолдауымен қолға алған игі бастамалардың бірі – рухани жаңғырудың бір тармағы ретінде университетте тарихи тұлғалардың есімі берілген болатын…

«Біз Ғылыми Кеңестің шешімімен Ақтөбедегі тұлғалардың университет  ғимараттарына  есімін беру мәселесін қарастырған болатынбыз. Өздеріңізге белгілі бұған дейін Гришин көшесіндегі ғимаратқа жырау Нұрпейіс Бағанин есімін берсек, Тургенев көшесіндегі ғимаратқа тарихшы  Бекежан Сүлейменов есімін бердік. Міне, енді бас ғимарат Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған Мұхтар Арын есімімен аталып отыр», — деді, Бауыржан Ердембеков.    Өз кезегінде университет басшысы оқу ғимараттарына ат беру үрдісі алда жалғасатынын, себебі бұл жастарға үлгі  екенін ерекше айтып өтті.

Сондай-ақ, Ақтөбеге сапары барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесіп, жоғары білім саласындағы жаңашылдықтарды талқылады. Мұнда министр Асхат Аймағамбетов білім беру сапасын арттыру, үш тілде білім беру, педагогтың мәртебесі мен ғылымға бөлінетін қаржы және басқа да өзекті мәселелер жайлы баяндады.  Жиынға қатысушылар Министрге сұрақтарын қойып, кездесу ашық диалог түрінде жалғасты.

Кездесу соңында университеттің жас маманы Нарқозы Қартжан министр Асхат Қанатұлына алғысын айтып, алдағы жылы өтетін  университеттің  85 жылдық мерейтойына қатысуға шақырды.  Ол сөз соңында  министр Асхат Аймағамбетовке қазақтың тұңғыш профессор-лингвисі Құдайберген Жұбанов еңбектерінің бесінші мерейтойлық басылымын  сыйға тарту етті.  Өз кезегінде  ҚР  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Жұбанов университетіне арнайы келетіндігін  жеткізді.