Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > 1 Қазан – Халықаралық қарттар күні

1 Қазан – Халықаралық қарттар күні

1991 жылдың 1 қазанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблея шешіміне сәйкес жыл сайын Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Қай заманда болмасын қоғамда қарияларға деген құрмет, ізет-ілтипат ерекше болған, олардың даналықтары мен өмірден түйген мол тәжірибесіне ден қойып отырған.

Қарттарға қамқорлық — біздің халқымыздың санасына терең сіңген қасиет. Ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Олар бүкіл саналы ғұмырын, қажыр-қайратын ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне жұмсады. Кейінгі буын да өз кезегінде алдыңғы толқын ағалардың салған сара жолын лайықты жалғастырып келеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрбір ардагердің, әрбір қарттың қажеттіліктерін ескеру, оларға қамқорлық жасау – біздің басты борышымыз екендігін ескертіп, ерекше мән береді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар да халықтың әл – ауқаты мен әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған.

Біз, сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңіз, тәлімді тәрбие, сапалы білім беріп өсіргендіктеріңіз үшін, өмірдің небір қиындықтарын қайыспай жеңе білуге және жеңістерге шаттана білуге үйреткендеріңіз үшін терең алғысымызды білдіреміз. Ендігі жерде біздің перзенттік парызымыз – тек мерекелерде ғана емес, сіздерді әр күні қамқорлыққа алып, көмек көрсету.

Қымбатты ардагерлер!

Баршаңызды шын жүректен даналық пен ізгіліктің мерекесі – Қарттар күнімен құттықтаймыз. Бүгінгі ұрпақ үшін жасаған бар жақсылықтарыңыз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздерге зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, отбасыларыңыз бен замандастарыңыз арасында атап өтетін мереке күндері көп болсын деп тілейміз. Әр уақытта сүйікті балаларыңыз, сүйкімді немерелеріңіз бен қамқор замандастарыңыздың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер!