Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Үкімет делегациясы Жұбанов университетіне келді

Үкімет делегациясы Жұбанов университетіне келді

Өткен аптаның соңғы күндері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік делегация Ақтөбе  облысына жұмыс сапарымен келді.

Ресми сапар барысында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице–министрі Данияр Есин Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі жаңа өзгерістермен танысты.

Университетке келген үкімет мүшелерін ректор Бауыржан Ердембеков бас оқу ғимаратын аралатып, материалдық базасымен  таныстырды. Онда алдымен Smart ARSU мобильді қосымшасының жұмысымен танысып,  Ситуациялық орталықты, «ARSU store» дүкенін, «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығын, «Парасаттылық мектебін», Студенттер сарайын және  университеттің көрме залын аралады.   Одан кейін Инновациялық технологиялар паркінен ашылған «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысымен танысты.  Онда университеттің  ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров «Мәдени мұра» бағдарламасы төңірегінде қолға алынып жатқан киелі мекендеріміз, ескерткіштеріміз, көне жәдігерлеріміз жайында баяндады.

ҚР  Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин университеттегі Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісхананы, Тахауи Ахтанов атындағы конференц-залды, Құдайберген Жұбанов атындағы конференц-залды аралау барысында мазмұндық мәнге ие оқу кабинеттеріне оң бағасын берді. Кабинеттерде күнделікті дәрістер мен жиындардың жүріп жатуы өте орынды екендігін айтты. Айта кетейік, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ректорының қолдауымен қолға алған игі бастамалардың бірі – рухани жаңғырудың бір тармағы ретінде университет ғимараттары мен оқу  кабинеттеріне тарихи тұлғалардың есімі берілген болатын.

«Біз Ғылыми Кеңестің шешімімен Ақтөбедегі тұлғалардың университет  ғимараттарына  есімін беру мәселесін қарастырған болатынбыз. Өздеріңізге белгілі бұған дейін Гришин көшесіндегі ғимаратқа жырау Нұрпейіс Бағанин есімін берсек, Тургенев көшесіндегі ғимаратқа тарихшы  Бекежан Сүлейменов есімін бердік. Міне, енді бас ғимарат Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған Мұхтар Арын есімімен аталып отыр», — деді, Бауыржан Ердембеков.

Өз кезегінде университет басшысы оқу ғимараттарына ат беру үрдісі алда жалғасатынын, себебі бұл жастарға үлгі  екенін ерекше айтып өтті.

Сондай-ақ, Ақтөбеге сапары барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесіп, жоғары білім саласындағы жаңашылдықтарды талқылады. Мұнда министр Асхат Қанатұлы білім беру сапасын арттыру, үш тілде білім беру, педагогтың мәртебесі мен ғылымға бөлінетін қаржы және басқа да өзекті мәселелер жайлы баяндады.  Жиынға қатысушылар Министрге сұрақтарын қойып, кездесу ашық диалог түрінде жалғасты.

Кездесу соңында сөз алған  университет түлегі, жас маман Нарқозы Қартжан министр Асхат Қанатұлын алдағы жылы өткізілетін  университеттің  85 жылдық мерейтойына қатысуға шақырып  қазақтың тұңғыш профессор-лингвисі Құдайберген Жұбанов еңбектерінің бесінші мерейтойлық басылымын  сыйға тарту етті.  Өз кезегінде  ҚР  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алдағы уақытта Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне арнайы келетінін жеткізді.


Содан соң үкімет мүшелері университетінің  «Мәңгілік Ел» мәжіліс залында жастармен кездесті. Оған  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары  Бердібек Сапарбаев,  Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Бұлбұл Елеусінова және университет басшылары қатысты.

Ақтөбелік жастармен  өткен басқосуда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты  Жолдауының негізгі бағыттары түсіндірілді. Бердібек Сапарбаев өз сөзінде білім беру, әлеуметтік қолдау және өзге де бағыттарға тоқталды.

«Бәсекелестік барлық жерде болуы керек, әсіресе студенттер арасында. 2019 жыл ‒ Жастар жылы. Ол біртіндеп Еріктілер жылына айналады. Мен өңірлерге жиі барамын, жастармен кездесемін. Көптеген өршіл және мақсатты адамдарды көремін. Сіздерде барлық мүмкіндіктер бар. Ең бастысы ‒ жақсы білім алу мүмкіндігі бар. Енді ЖОО-лардың рейтингі түлектерді жұмысқа орналастыру және олардың нарықтағы сұранысы бойынша жасалады», — деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Кездесу аясында ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин жастар саясатын жүзеге асыру туралы айтты. Оның айтуынша, еліміздің барлық аймақтарында көмек көрсетуге бағытталған 200-ден астам ресурстық орталық, сондай-ақ жастар саясаты саласында 500-ден астам үкіметтік емес ұйым бар. Сонымен қатар, жас ұрпақты ынталандыруға және қолдауға бағытталған, Жастар жылы аясында қабылданған Жол картасы сәтті жүзеге асырылуда.

«Жол картасы 5 негізгі бағыттан тұрады ‒ бұл жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамту, білім беру мен волонтерлікті дамыту, жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту, жас отбасыларды қолдауға, денсаулықты нығайтуға және әлеуметтік инклюзивтілікті қолдауға бағытталған шаралар кешені», — деді Данияр Есин.

Өз кезегінде, вице-премьер жастарға масылдық көңіл-күйді жоюға және жаңа цифрлық технологияларды игеруге, білім мен еңбекқорлыққа ұмтылуға кеңес берді.

«Жастарға мемлекеттік гранттар бөлінуде. Қазір жұмыс істейтін және дамитын уақыт. Оның үстіне мемлекет теңдессіз мүмкіндіктер жасап жатыр. Жыл сайын үш мегаполистің жас мамандарына мыңдаған жалдамалы пәтерлер беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Кездесу барысында студенттер білім беруді, спортты даыту,  жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелеріне қызығушылық танытты.

Жиын соңында  жас кәсіпкерлер мен белсенді жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп мемлекет тарпынан көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғыстарын білдірді.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің

Media орталығының маманы

https://bilimdinews.kz/?p=71994