Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мамандық таңдау — маңызды қадам

Мамандық таңдау — маңызды қадам

«Білім – ер азығы, ер – ел қазығы». Елбасы еліміздің ертеңі адам капиталы екеніне ерекше басымдық беріп отыр. Бұл білімді тал бесіктен жер бесікке дейін іздеуді, яғни өмір бойы оқуды қажет етеді. Бірақ шексіз оқу болса да, тексіз оқу жоқ. Қоғамның кетігін тауып, бір кірпіші болып қалану, қоршаған ортаңнан орныңды сайлау үшін де бір мамандыққа құрық салып игеру қажет. Бұл ретте қазақстандық жас буын қай мамандыққа құштар деген сауал туады. Әрине, кейде қалаған мамандыққа қол жетпейді немесе ата-ананың ақылымен, тіпті құрбылас қатарларының ықпалымен де таңдауын өзгертіп жататын жастар бар… Олардың бәрі бірдей ертең еншілеген дипломын кәдеге жаратып, таңдаған мамандығының етегінен ұстай бермейді. Бұл тасқа жазғанмен бірдей жастық шақта оқыған оқудың бекер болғанын білдірсе, қартайғанда оқыған оқуы мұзға жазғандай миына қонбау қаупі тағы бар. Яғни хәкім Абай айтқандай «қолын мезгілінен кеш сермеп» қалмау үшін қарекетке көшкен абзал. Өйткені, өмір табалдырығынан аттаған жастың жанына жақын мамандыққа ер салуы ертеңгі күнге сеніммен нық қадам басуына да алғышарт болары анық…

Міне, осыған орай, жас түлектерге дұрыс мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру және «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі дамыту, жергілікті жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу мақсатында университеттің «Жұбанов керуені» жобасы Қарғалы ауданының бітіруші түлектерімен кездесті.

Айта кетейік, Қарғалы ауданы – Ақтөбе облысының солтүстігіндегі әкімшілік бөлік. Орталығы — Бадамша ауылы. Аудан орталығы — Бадамша ауылынан солтүстік-батысқа қарай 23 км-дей жерде. Қарғалы ауданы батысында Мәртөк ауданы, оңтүстігінде Ақтөбе қаласының әкімшілік аумағы мен Хромтау ауданы, солтүстігінде Ресейдің Орынбор облысымен шектеседі.

Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуге аудан басшыларымен қоса, жалпы білім беретін 13 мектептен 250-ден астам түлектер мен олардың ата-аналары қатысты. Жоба аясында мәдениет үйінің төменгі қабатында білім бағдарламаларының көрмесі, студенттік клубтардың жәрмеңкелері, оқу ақысына жеңілдіктер мен басқа да сыйлықтар алу үшін байқаулар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.  Сондай-ақ, мұнда жоғары оқу орындарына түсемін деген әрбір мектеп бітірушіге барлық көмек көрсетілді. Мұнда мектеп түлектері университеттің грантқа түсу мүмкіндіктері, академиялық бағдарламаларымен білім алу шарттары туралы ақпараттармен танысып, университет жайында оқытушылардан кеңестер алды. Сонымен қатар, жоба барысында мектеп базасында мұғалімдерге арналған Үздіксіз білім беру институтының «Көшбасшылық қабілетті дамыту» тақырыбындағы тренинг-семинарлары өтті. Төрт топқа бөлініп жүргізілген ұжымдық жұмыста қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, кәсіби шеберліктерімен бөлісті.

Аудандық мәдениет үйінде өткен шараның ашылуында алғашқылардың бірі болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов жобаның салтанатты ашылу рәсімімен құттықтады. Одан кейін университеттің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров жобаның негізгі мақсаттары жайында баяндап, аудан тарихын тілге тиек етті. «Қазақтың орда азаматтары Сәрке батыр, Нұрпеке, Атыолла хазырет өмір сүрген қасиетті топырақта қонақ болу біз үшін үлкен мәртебе. Жұбанов университетінде қызмет ететін 1000-нан аса қызметкер мен 16 мыңға жуық Жұбановшы студенттердің атынан басшылық пен аудан халқына алғысымды білдіремін.

Қарғалы ауданы – туған жерге оның мәдениеті мен салт дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысатын шынайы патриотизмнің үлгісі іспеттес мекен. Қарғалылықтар жас ұрпақтың бойында тарлан тарихтың жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын даралық барына сенімдімін. Сол асыл қасиеттерді дамыту мен өмір жолында адам атын абыройымен өткеруге жәрдемдесу сіз бен біздің парызымыз.

Күн тәртібінен түспей келе жатқан өткір мәселелердің бірі – білім беру сапасы Елбасы Жолдауында қайта қайырыла көтерілді. Ол заңды да… Маман дайындауда нарықпен байланыстың аздығын мойындауымыз керек. Кәсіби бағдар беру жұмысын жаңа бағытқа бұру туралы мәселені кеше ғана өткен тамыз конференциясында тілге тиек еткен болатынбыз… Мамандық таңдауда ата-анамен қоса мектептегі пән мұғалімдерінің де рөлін күшейту керекпіз. 8,9-сыныптан бастап баланы икемі бар мамандығына жетелесек, Қазақстанда 21 мыңға жуық жеткіншек жұмыссыздар саны толықтырмас еді», — деді ол. Рахым Ағыбайұлы сөз соңында алдағы жылы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына үлес қосу мақсатында Бауыржан Ердембековтің «Абайтану» атты кітабын ауданның барлық мектептерінің кітапхана қорына тарту етті.

Айта кетейік, оқу ордасының басшысы Б.Ердембеков түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарын қанатының астына алып, үнемі қолдау көрсетіп отырады. Соның айғағы ретінде бүгін де аудан түлектері Вероника Жужунова мен Александр Титовке Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантының сертификаттары табысталды. Бұдан бөлек, бүгінгі шарада оқу үлгерімі жоғары және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген Жұбанов университетінің мақтанышына айналған студенттердің ата-аналарына Алғыс хаттар тапсырылса, Қарғалы ауданының белсенді жас мамандарына да (университет түлектері) университет ректоры атынан алғыс жарияланды.

Мұнымен қоса «Жұбанов керуені» жобасы аясында дәстүрлі «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясы ұйымдастырылды. Анкета толтыру арқылы акцияға қатысушылар арасынан 3 мектеп бітіруші түлекке Жұбанов университетінің оқу ақысына 25% (пайыз) жеңілдік сертификаттары мен түрлі сыйлықтар тарту етілді.

Аудан түлектерімен кездесуде университеттің Кәсіби бағдар және қабылдау комиссиясының басшысы Рауан Жалтырбаева жоғары оқу орнына түсу ережелері туралы баяндап, онда білім деңгейінің сатыларына, жаңадан ашылған мамандықтарға және білім беру гранттарына тоқталды.

Салтанатты жиында университет түлегі, №1 Бадамша орта  мектебінің физика пәнінің мұғалімі Юрий Гапонов сөз алып, өмірінің Жұбанов университетімен тығыз байланысты екенін жеткізді. «Бұл киелі қара шаңырақтың білім деңгейі өте жоғары. Себебі, өзім де осы оқу ордасында білім алып, физика-математика факультетінің түлегі атандым. Мен қашан да Жұбанов университетін бітіргенімді мақтан тұтамын. Бүгін аталған оқу ордасының ректорының Алғыс хатын алып отырмын. Осы ретте университет ұжымы мен дәріс берген ұстаздарыма мың алғыс айтқым келеді», – деді Юрий Гапонов бізге берген сұхбатында.

Онан кейін оқу орнының өнерлі студенттері өз өнерлерін көрсетіп, жиналған жұрттың ризашылығына бөленді.

Кездесуге келген ата-аналар университет ұжымына деген жүрекжарды тілектерін жеткізіп, риясыз алғыстарын айтты. Аталған жиыннан көпшіліктің көкейіне түйгені көп болды. Ал, аталмыш жобаның жарқын тұстары мен бағыт-бағдары одан ары айшықтала түсті.