Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте мамандандырылған аккредиттеу рәсімі өтті

Университетте мамандандырылған аккредиттеу рәсімі өтті

2019 жылдың 5-6 қараша аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 5 білім беру бағдарламасына Қазақстан Республикасы «KazSee қазақстандық инженерлік білім беру ассоцициясы» агенттігі тарапынан мамандандырылған аккредиттеу рәсімі жүргізілді.

Аккредиттеу рәсімінің мақсаты – білім бағдарламаларының халықаралық стандарттарға сәйкестігін тану үшін аккредиттеу органы тарапынан жүргізілетін бағалау процесі. Дәлірек айтсақ, мамандандырылған аккредиттеу барысында университеттегі білім беруді ұйымдастыру мен жүзеге асыру, білім бағдарламаларының сапасы мен жалпы білім беру қызметінің мемлекеттік стандарттарға және нормативтерге сәйкестігі бағаланады.

Аккредиттеу жүргізілген мамандықтар:

  • 6В05302-Химия
  • 6В07203-Металлургия
  • 6В11301-Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру
  • 7М07102-Органикалық заттардың химиялық технологиясы
  • 7М07203-Металлургия

Аталған рәсімді «KazSee қазақстандық инженерлік білім беру ассоцициясы» агенттігі тарапынан отандық және шетелдік сарапшылар тартылған сараптау тобы жүзеге асырды. Комиссия төрағасы – Сембаев Нурболат Сакенович. Шетелдік сарапшы: Заякин Олег Вадимович (Екатеринбург қ., РФ). Сарапшылар: Сагинаев Аманжан Туремуратович, Оналбаева Жанар Сагидолдиновна. Агенттік үйлеструшісі: Салкараев Жаксылык Косакбаевич. Сарапшы-жұмыс беруші: Арласнов Кайрат Фархатович   – «Ақтөбе хром қосылыстарының зауыты» АҚ техникалық даму басқармасы басшысының орынбасары (Ақтөбе қ.). Сарапшы-Студент: Шакабаева Самал Алтынбекқызы, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 4-курс студенті (Ақтөбе қ.).

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.А.Ердембековтың қабылдауынан басталған аккредиттеу рәсімі сарапшылар тобыныңың университет проректорларымен сұхбаттасу жүргізуіне, аккредиттелетін білім бағдарламаларының оқу ғимараттары мен кафедраларына сырттай шолу жасауына жалғасты. Сонымен қатар, аккредиттелетін білім бағдарламалары бойынша кафедра құжаттарының стандарттарға сәйкестілігін тексеріп, кесте бойынша сабақтарға қатысты, студенттермен, магистранттармен, ПО құрамымен, түлектермен, жұмыс берушілермен кездесу өткізіп, олармен еркін тақырыпта сұхбаттасты. Аталған кездесулерге 45 оқытушы, 60 студент пен магистрант, облыстың түрлі саласынан 40 жұмыс беруші мен аккредиттелетін мамандықтардың 53 түлегі қатысты. Сұхбат барысында жұмыс тобы тарапынан берілген сұрақтарға барлық қатысушылар қанағаттанарлық деңгейде жауап берді. Сарапшылар сұхбаттасу нәтижесінде қатысушылардың бұл үдеріске үлкен жауапкершілікпен қарағандарына ризашылығын білдіріп, университет пен түлектер, жұмыс берушілер арасындағы кері байланыс тиісті деңгейде екендігін атап көрсетті.

Мамандандырылған аккредиттеу рәсімі аясында сарапшылар тобы аккредиттелетін білім бағдарламаларының практика базалары мен кафедралардың өндірістегі филиалдарына да барды. Мысалы, «Казхром» ТҰК» АҚ филиалы «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты», «Жолаушылар және автокөлік кәсіпорны» ЖШС, «Автопарк» ЖШС, СНПС-Ақтөбемұнайгаз АҚ» ҒЗИ, «Гидроэкоресурс» ЖШС орналасқан практика базаларымен, кафедра филиалдарымен танысты.

Сыртқы сарапшылар университетіміздің материалдық-техникалық базасына, жаңадан ашылған арнайыландырылған кабинеттер мен оқу ғимараттарының ауқымына қызығушылық танытты.

Бағалау соңында сарапшылар тобы ректормен, кафедра меңгерушілерімен, оқытушыларымен кездесіп, аккредиттеу рәсімі аясында өткен шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын атап өтіп, алғыстарын білдірді. Барлық білім бағдарламаларын желтоқсан айында өткізілетін Аккредиттеу кеңесінде максималды 5 жыл мерзімге аккредиттеуге ұсынатындығын атап айтты.

Барлық білім бағдарламаларына жауапты кафедралар мен жалпы университет ұжымын аталған жетістіктерімен құттықтаймыз!

 

Өзгерістерді басқару және білім сапасын бағалау орталығы