Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тоғызқұмалақтан турнир басталды

Тоғызқұмалақтан турнир басталды

Бүгін Жұбанов университетінде Тоғызқұмалақтан Шығанақ Берсиев атындағы XIII  дәстүрлі республикалық турнир басталды. Әйгілі ақтөбелік тары өсіруші, даңқты диқанның құрметіне арналған турнир университет базасында биыл  бірінші рет өткізіліп отыр. Мұндағы басты мақсат — ұлттық құндылықтар қатарына жататын зияткерлік ойын түріне жас ұрпақтың ынтасын оятып, бұқаралық спорт түріне айналдыру.

Турнирдің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы, Шығанақ Берсиевтің ұрпақтары,  ардагерлер мен спорт сүйер қауым, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Осымен XIIІ мәрте ұйымдастырылған турнирге Ақтөбе өңірінің барлық аудан-қалаларымен қоса, Қызылорда, Орал, Қостанай  облыстарының және Қырғызстан Республикасының  тоғызқұмалақшылары топқа түсті.  Мұнда жалпы саны  124 ойыншы  бақ сынады. Ойынға турнирдің бас төрешісі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген  жаттықтырушысы  Қабидолла Нұршин мен жарыстың бас хатшысы Бауыржан Төлегенов  төрелік етті.

Турнирдің ашылуында университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров құттықтау сөз сөйлеп, ойыншыларға жылы лебізін білдірді. Өз кезегінде Рахым Ағыбайұлы  зияткерлік ойындар үздіктерді анықтайтын спорттық жарыс түрі ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесінде, ұлттардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде ерекше феномен екенін атап өтті.

Содан соң ҚР Еңбек сіңірген  жаттықтырушысы Қабидолла Нұршин сөз алып,  жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.  «Бүгінгі өткізіліп жатқан турнир Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен орайлас келеді ғой деп ойлаймын. Өйткені, ұлтымыздың барлық асыл қасиетін кейінгі жас ұрпақ бойына сіңіруі қажет. Тек ақылмен, оймен, қисынмен, тоғызқұмалақтың тартысты өтуіне атсалысуымыз керек.  Айта кетерлігі,  «Ақтөбе облысының Зияткерлік Тоғызқұмалақ Қауымдастығы» қоғамдық  бірлестігінің президенті Бауыржан Ердембеков  мырза да ұлттық ойын түрлерін дамытуға үлес қосып отыр. Сонымен қатар бұл жолы да Ақтөбе қаласының әкімдігі мен меценаттар да додаға қолдау көрсетуде. Сондықтан жүлде қоры қомақты», — деді.

Өз кезегінде Шығанақ Берсиевтің жиені Мұхамбет Ешмұханов салтанатты шараның тәрбиелік мәні зор екенін айтып,  доданы өткізуге қолдау көрсеткен ұйымдастырушыларға ризашылығын  білдірді.

Салтанатты ашылу шарасынан соң жарыстың шымылдығы түрілді. Бұл додаға тоғызқұмалақтан спорт шеберлері, халықаралық, республикалық додалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары да қатысып отыр. Жарыс классика бойынша 9 турда жас ерекшелігіне сәйкес төрт топта өткізіледі.  Ақыл мен алғырлық, түйсік пен төзімділікке жүгініп, сенімдеріне селкеу түсірмеген тоғызқұмалақшылардың ақтық мәресі мен қорытындысы 15 қараша күні шығарылмақ. Тартысқа толы өткен турнирдің қорытындысы жайлы  сайтымыздың алдағы жаңалықтарында кеңірек жазатын боламыз.

Еске сала кетсек, тоғызқұмалақ әлемдегі 150- ге жуық зияткерлік ойынның көшін бастап тұр. Ресми деректер бойынша, елімізде тоғызқұмалақпен айналысатындар саны 200 мыңнан асса, олардың  9 мыңдайы кәсіби спортшылар болса, 190 мыңы  мектеп жасындағы балалар.

 

P.S. Тоғызқұмалақ – қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық спорт ойындарының бірі. Бұл ойынды қазақтардан басқа қырғыздар, қарақалпақтар, алтайлықтар да ойнайды. Бұл спорт түрін «қойшылар алгебрасы» деп те жүр. Оның себебі де жоқ емес. Тоғызқұмалақты тұңғыш рет қойшылар ойлап шығарған және бұл есеп ойыны. Ертеде қатар қонған ауыл қойшылары жайлауда қойды қаптата жайып барып жусатқан соң, бір төбенің басына жиналып, жақ-жақ болып тоғызқұмалақ ойнайтын болса керек. Осылай ойынның қызығына түсіп кетіп, қойын қасқырға қырғызып алған қойшылар туралы ел аузында күні бүгінге дейін көптеген аңыздар бар. Тоғызқұмалақ ойыны нағыз есеп ойыны. Себебі бұл ойынның негізінде арифметиканың, алгебраның элементтері бар.