Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мамандық таңдауға бағыт берді

Мамандық таңдауға бағыт берді

Кәсіби бағдар беру — педагогтардың, психологтардың, дәрігерлердің және басқа да қызметкерлердің қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір оқушының қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, кәсіптік қызығушылығы  мен қабілеттілігін қалыптастыруға және мамандық таңдауды жүзеге асыратын жұмыс. Өңірде мектеп бітірушілер арасында кәсіби бағдар беру жұмысы Жұбанов университетінде бірнеше  жылдан бері  түптілікті жұмыс істеп келеді.

Үстіміздегі жылдың қазан айынан бастап мектеп түлектеріне кәсіби бағдар беру бағытында «Жұбанов керуені» жобасы қолға алынған болатын.  Жоба аясында әр ауданның оқушылары түрлі сала мамандарымен кездесіп, өмірлік жолдарын адаспай табуға, бағыт-бағдар алып отырады. Бүгін де Әйтеке  би ауданының 11 сынып оқушылары оқу орнының мамандарымен  кездесті. Сондай-ақ, мұнда ақтөбелік делегация жас буынға өмірлік тәжірибелерінен сыр шертіп,  мамандықты саналы түрде таңдауға кеңестерін берді. Мамандық бойынша білім алушыға қойылатын талаптар таныстырылды.

Кәсіби ақпарат арқылы оқушылар әр түрлі мамандықтардың маңызы мен мәні туралы түсініктер алды. Сонымен қатар әр мамандықтың өзіне тән ерекшелігі, оның қоғамда алатын орны туралы түсініктер берілді. Сапар барысында ауданның М.Жұмабаев атындағы орта мектебінде  университеттің жаратылыстану факультетінің «Биология», «Химия және химиялық технология» кафедраларының филиалдары ашылды.

Жоба бағдарламасына сәйкес университеттің ғалымдарының еңбектерін табыстау рәсімі, студенттік клубтардың жәрмеңкелері, білім бағдарламаларының көрмесі, шеберлік сабақтары өткізіліп, оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік сертификаттары мен басқа да сыйлықтар алу үшін байқаулар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Бұл ретте айта кететін жайт, 85 жылдық тарихы бар оқу ордасының басшысы Б.Ердембеков түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарды қанатының астына алып, үнемі қолдау көрсетіп отырады. Соның айғағы ретінде  Әйтеке  би ауданының түлектеріне бүгін де Құдайберген  Жұбанов атындағы білім грантының сертификаттары табысталды.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Қаныш Жарымбетовтің  айтуынша,   қазіргі таңда аудан мектептерінде 4305 бала білім алуда. Олардың 256-сы осы оқу жылында алтын ұясымен қош айтысады. Барлық білім беру мекемелерінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Былтырғы оқу жылында мектепті тәмамдаған 191 оқушының бәрі дерлік жоғары оқу орындарының студенті атанған. Сондай-ақ, Жұбанов университетін аяқтап,  соңғы үш жылда 41 жас маман Әйтеке би аудандық білім беру ұйымдарында  қызмет атқаруда. Ал, 2018-2019 жылында аталған аудан  бойынша мемлекеттік қызметтер атқарып отырған 151 маманның 50 пайыздан астамы  Жұбанов университетінің түлектері.  «Мамандық таңдауда Жүсіпбек Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзін басшылыққа алу керек». Сондықтан бүгінгі Жұбанов университетінің «Жұбанов керуені» жобасы бойынша кәсіптік бағдар беру бағытында өткізіліп отырған іс-шаралар мектеп бітіруші түлектер үшін зор мүмкіндік. Аталған іс-шаралар аясында мектеп түлектеріне берілген гранттар сертификаттары мен жеңілдіктер және қазіргі таңда университетте оқитын үздік студенттердің ата-аналарын марапаттау істері көпке үлгі» – дейді  Қаныш Досыұлы.

Аудан түлектерімен кездесуде олармен жолығып, әңгімеге тартудың сәті түсті. Өз кезегінде С.Оразалин атындағы жалпы орта мектебінің  түлегі Дариға Нысанқұл журналист болу арманы екенін жеткізді бізге берген сұхбатында. «Журналистика — әр адамның қолынан келе бермейтін, ерекше дарын мен төзім-ділікті, жігерлілік пен еңбекқорлықты талап ететін мамандық. Бұлардың бірі жетіспесе, бұл істің нағыз маманы атану екіталай. Мен жан-дүниемді ақтара отырып, бойымнан жоғарыда айтылған қасиеттерді іздей бастадым. Айтылған қасиеттер бойымда болса да, оның ешқайсысы толық жетілмегенін аңғардым. Сондықтан маған көп жұмыс атқарып, аянбай еңбек ету керек деп шештім. …Бала күнімнен теледидар, радиодағы тілшілерге тәнті болып, жүргізушілікке құмарта бастадым. Өсе келе бұл құмарлық арта түсіп, көкейімдегі бір арманға айналды. Менің арманым — тек қана журналист болу емес, қоғамға керекті, елімізге еңбегі сіңер, атқарған жұмысымен үлгі болар, нағыз кәсіби маман атану. Мен осы мамандықты игеру мақсатында аянбай еңбек етуге дайынмын. Бүгінгі күнде журналистиканың қыр-сырын толықтай білмесем де, бұл жолда өз ізімді қалдыру, білікті де білімді мамандардың қатарында болу – мен үшін арман. Ал арман адамды баулып, үлкен бір асуларға жеткізетін дүние ғой», — деді ол. Ойындағысын осылайша сабақтаған Дариға Нысанқұл өз ауданда көлемді шара ұйымдастырған  оқу ордасының ұжымына  алғысын жеткізді.

Біз ұлтымыз бойындағы тек жақсы қасиеттерді дамытсақ, озық білім мен үздік жаңалықтарды дарытсақ, дарынды, білікті жастарға дұрыс кәсіби бағдар берсек, бұл – ел өркендеуінің негізгі кілті болары сөзсіз.