Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ырысты мекен Ырғызға барды

Ырысты мекен Ырғызға барды

Қазақы тірліктің қаймағы бұзылмаған, ғасырлар қойнауындағы талай тарихи өзгерістердің куәсі болған мекендердің бірі — Ырғыз. Қазіргі кезде Ырғыз ауданын Тәуіп, Жайсаңбай, Аманкөл, Нұра, Қызылжар, Құмтоғай, Ырғыз ауылдық округтері құрайды.
Қазақтың алабөтен қонысы атақты Сарыарқаның батыс шалғайын қарпып жатқан байтақ өңірдің өзге аудандардан ерекшелігі — тарихының тереңдігінде. Өйткені, Ырғызда сонау Парсы шапқыншылығының, Тоқтамыс пен Шыңғыс ханның ізі жатыр. Одан кейін тарихи деректерге жүгінсек, грек тарихшысы Геродоттың жазбасына Ырғыздың аты «Иргиз» деген атпен түскен… Жөкей сияқты жыраулар, Мазы Бұзаубайдай ұтқыр сөздің иесі, шежіреге аңыз болған Мәні әулие, сардар дана Жаныс, байлығына көсемдігі жарасқан Байғабыл, ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы Тайшым Орысұлы тәрізді елге белгілі есімдер Ырғыздың киелі жерімен сабақтас жатыр. Онымен қоса бұл мекенде есімдері алашқа жайылып, даңқы шыққан тұлғалар Ахмет Тұңғашин, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Бәймен Алманов, Тел Жаманмұрынов, Телжан Шонановтар дүниеге келген.
Сонымен қатар бұл өңір халқымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың арғы атасы Ырғызбай туған мекен. Өңірдің ежелгі тарихы талай кітаптарға арқау боларлықтай… 1868 жылы Ырғыз қала атанып, Ырғыз уезінің орталығы болған. Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жұмысы да осы Ырғыз жерімен байланысты.
Тарихқа жүгінсек, көрнекті ағартушы, қазақ жазба әдебиеті мен қазақ әліпбиінің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсарин 1887 жылы 15 қарашада Ырғыз ауданында қыздар училищесінің негізін қалаған болатын. Жұбанов университеті ұжымының ауданға бастаған бұл жолғы сапары осы кезбен сәйкес келіп отыр. Сапар барысында ректор Бауыржан Ердембеков бастаған «Жұбанов керуені» ұжымы мектеп түлектерімен және олардың ата-аналарымен кездесті. Университет өкілдерімен кездескен мектеп түлектері жоғары оқу орындарына грантқа түсу мүмкіндіктері мен білім алу шарттары туралы кеңестер алды. Мұнда оқу ордасының мамандары мектеп оқушыларына жоғары оқу орындарында оқудың барлық мүмкіндіктері туралы әңгімелеп, түлектердің сұрақтарына жауап берді.
Университет өкілдерімен кездескен түлектердің бірі — №1 қазақ жалпы білім беретін орта мектебінің түлегі Ақнәзік Оразалы: «Мен мектеп бітіруші түлектердің басты сынағы ҰБТ-ға қызу дайындық үстінде жүрмін. Таңдап жатқан 5-ші пәнім — қазақ әдебиеті. Жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған соң театр және кино әртісі болсам деген арманым бар. Бұл менің бала кезгі мақсатым. Сол мақсатымды жүзеге асыру үшін бүгінгі күні өз-өзіммен жұмыс жасаудамын. Мен үшін бастысы оқу гранты емес, бастысы — өзім қалаған мамандықты қалайда бітіріп, сол бойынша жұмыс жасау. Тек грант үшін оқуға түскелі жатқан сыныптастарым да бар. Оларды бір жағы қолдайсың, бір жағы қарсы шығасың. Өйткені, жағдайы келмегеннен кейін өзі қаламаған мамандыққа түседі. Бірақ өзінің жаны қаламаған мамандықпен ертең жұмыс жасап кете алады ма деген сұрақ туады. Жағдайым жоқ екен деп оқымай қалуға да болмайды ғой… Бастысы — замандастарымның қоғамға қажетті маман болғандарын қалаймын. Ауданымыздағы мен сияқты түлектерге жол көрсетіп, бағыт-бағдар берген Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің ұжымына алғыс айтамын. Бүгін біз кәсіби бағдар берушілерден біраз мағлұмат алдық. Университет жаңалықтарын тыңдап, білім бағыттарымен таныстық», — деді ол. Ақнәзіктің айтуынша, ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, еліміздегі жоғары оқу орындарының бірінің студенті атанатын күн де алыс емес. Ол мектепті он бір жыл бойы үздік оқып, ауыз толтырарлықтай жетістікке жету үшін ең алдымен аянбай еңбек ету және өзіңе-өзің сенімді болу керек деп санайды.
Жоба аясында аудандық мәдениет үйінің төменгі қабатында білім бағдарламаларының көрмесі, студенттік клубтардың жәрмеңкелері, қолөнер көрмесі, оқу ақысына жеңілдіктер мен басқа да сыйлықтар алу үшін байқаулар өткізілсе, мәдениет үйінің сахнасында университеттің белсенді студенттері концерттік бағдарламаларын ұсынды. Бұл шараға аудан әкімі мен білім беру ұйымдарының басшылары да арнайы қатысты.
Салтанатты шараны аудан әкімі Аққанат Шахин алғысөзімен ашып, университет ұжымына алғысын білдірді. «Жұбанов университетінің «Жұбанов керуені» жобасының  кәсіби бағдар беру бағытында өткізіліп отырған іс-шаралары мектеп бітіруші түлектер үшін зор мүмкіндік. Осындай көлемді шараны ұйымдастырған университет ректоры мен ұжымына алғыс айтқым келеді» — деді аудан әкімі. Сөз соңында түлектерге үздік жоғарғы оқу орындарына түсіп, білікті маман иесі болуларына тілектестігін білдірді.
Одан кейін сөз алған университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков алдымен жобаның негізгі мақсаттарын таныстыра келіп, мамандықты таңдаудың маңызы мен мәнін түлектерге жете түсіндірді. Бауыржан Аманкелдіұлы Ырғыз жұртшылығы алдында сөйлеген сөзінде ауылдарда маман жетіспеу мәселесін тілге тиек етіп, оны шешу жолдарында оқу орнының атқарып жатқан қызметтері мен оң нәтижесіне де тоқталып өтті. Ал, мінберде сөз алған университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров жоғары оқу орнына түсу ережелері туралы баяндап, онда білім деңгейінің сатыларына және білім беру гранттарына тоқталды.
Өз кезегінде университеттің ғылыми кеңесінің мүшесі, «Шабыт» зияткерлік пікірсайыс клубының жетекшісі, «Үздік студент» төсбелгісінің иегері Анар Ахабаева болашақ түлектерді тағылым мен тәрбиенің ордасында білім алуға шақырды. «Жұбанов университеті – Батыс Қазақстан өңіріндегі ең іргелі жоғары оқу орны. Қазіргі таңда университетімізде 15 мыңға жуық студент білім алуда. Оның ішінде 800-ге жуық шет елдерден келіп білім алып жатқан студенттер де бар. Университетіміз бас рейтинг бойынша Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында 4 орын иеленді. Университет замануи талапқа сай жабдықталған оқу дәрісханалары, зертханалары, «Start-up академиясы», «Зерек» балаларды дамыту орталығы, компьютерлік, интернет класстары, студенттер үйлері, емхана, спорт кешендері, «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы, инновациялық технологиялар паркі, оқу өндірістік шеберханасы, студенттер сарайы, жастар сарайы, кинозал, «Атриум» көрме залы және «Мәңгілік ел» конференц-залы, кітапханасы бар ірі материалдық кешен. Биылғы үлкен жаңалығымыз университетімізде «Балалар университеті» ашылды. Біздің студенттеріміз ғылым, білім, мәдениет, спорт салаларында облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Студент жастарға университетімізде барлық жағдайлар жасалған. Қымбатты білім қуған арманшыл жастар! Сіздерді ұлағат ұясына айналған қарашаңырақ – Жұбанов университетіне шақырамыз!», — деді.
Іс-шара барысында университет басшылығы оқуда озат болып, университеттің мақтанышына айналған студенттердің ата-аналарына алғыстарын жеткізсе, мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3 оқушыға Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантын табыстады. Сонымен қатар «Жұбанов керуені» жобасының «Мамандығыңды дұрыс таңда!» дәстүрлі акциясына қатысушылар арасынан 3 мектеп бітіруші түлекке Жұбанов университетінің оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік сертификаттары табысталып, акция жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Бұдан бөлек аудан әкімі Аққанат Шахин мен Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Өз кезегінде Бауыржан Аманкелдіұлы «Абайтану» атты авторлық кітабын ауданның барлық мектептерінің кітапхана қорына табыстау үшін Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжоловқа салтанатты түрде тарту етті.
Киелі өлкеге сапары соңында «Жұбанов керуенінің» өкілдері Ырғыз–Торғай мемлекеттік табиғи резерватына саяхат жасады. Саяхат барысында «Қызыл кітапқа» енгізілген Ақбөкен жануары мен дәрі-дәрмекке пайдаланатын өсімдік түрлерімен танысып, мұражайларды аралады. Мұнда ақпараттар қорын жинақтап, жергілікті табиғаттың ерекшеліктеріне куә болды. Аудандағы резерватта жаратылыстану факультетінің студенттерінің практикалық сабақтар өтеді. Алдағы уақытта  Ырғыз-Торғай резерваты мен  университет арасында біріккен жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Ырғыз-Торғай резерваты — Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында орналасқан мелекеттік резерват. “Ырғыз-Торғай” табиғи резерватын құ­рудағы негізгі мақсат — киік санын кө­бей­ту. Резерват ашылған кезде, яғни 2007 жы­лы осы аумақта 7 мыңға жуық киік болған. Қазіргі кезде 45 мың киік бар.
Резерват территориясы географиялық ерекшелігіне байланысты екі учаскеге бөлінген. Олар «Атан басы» және «Ала көл» жүйелері. «Атан басы» жүйесі тоғыз жолдың торабында орналасқан. Оңтүстігі Қызылорда, шығысы Қарағанды, солтүстігі Қостанай облыстарымен шектеседі.