Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбеде педагог даярлау мәселелері талқыланды

Ақтөбеде педагог даярлау мәселелері талқыланды

Бүгін «Білім беруді модернизациялау жағдайындағы педагогикалық кадрлар даярлаудың заманауи тенденциялары»  тақырыбында  Жұбанов университетінде алғаш рет Абай атындағы ҚазҰПУ базасындағы ҚР БжҒМ Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігі — Жобаларды басқару топтарының көшпелі мәжілісі өткізілді.

Көшпелі мәжіліске БжҒМ өкілдері, Қазақстанның жоғары оқу орындарының басшылары, проректорлары, сондай-ақ, Ақтөбе өңірінен облыстық білім басқармасының, Назарбаев Зияткерлік мектебінің және арнаулы білім беру мекемелерінің меңгерушілері қатысты.

Алдымен аталмыш жиынға жиналған  меймандар Жастар сарайының фойесінде Жұбанов университетінің оқытушылары мен студенттердің ғылыми жетістіктері, диплом жобаларының көрмесін тамашалап, оқу кабинеттерін аралады.

Көшпелі мәжіліс отырысында бітірушілер моделін Назарбаев Университеті тәжірибесі бойынша болашақ педагогтардың құзыреттілігін қалыптастыру контекстінде жобалау, инклюзивті білім беруді дамыту: мәселелері және перспективалары; шағын жинақталған мектептер үшін кадрлар даярлау; Мектеп-Университет-Өндіріс – сұранысқа ие кадрларды дайындаудағы серіктестер, оқулықтар мен оқу құралдарын ОӘБ (ЖБТ) грифіне ұсыну және басқа да  мәселелер талқыланды.

Жұбанов университетінде алғаш рет өткізіліп отырған басқосуды университет ректоры Бауыржан Ердембеков құттықтау сөзімен ашты.  «Кешегі Қобыланды мінген Тайбурылдардың тұяғы тиген, Асан қайғының жалғыз ұлын жоқтап, байтақ елі кесене тұрғызған, Әйтекедей көсемнің, Мөңке бидей шешеннің, Есеттердей батырдың Кердерідей ақынның, алаштың ардағы Жұбановтардай тектілердің, Әлиядай жаужүрек арудың, Димаштай алтын дауысты асылдың еліне қош келдіңіздер!», — деді.

Өз кезегінде  ректор Бауыржан Ердембеков Жұбанов университетінің 15 мыңнан аса студенті мен профессорлық-оқытушылық құрамның атынан көлемді шараны ұйымдастыруға ұйытқы  болған  ҚР Білім және ғылым министрлігіне, сондай-ақ, Кеңестің төрағасы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Балықбаев Такир Оспанұлына ризашылығын жеткізді.

«Республикалық оқу-әдістемелік кеңес пен Жұбанов университетінің «Білім беруді модернизациялау жағдайындағы педагогикалық кадрлар даярлаудың заманауи тенденциялары» тақырыбында бірлесіп өткізіп отырған бүгінгі шарасы – мемлекет саясатын жүзеге асырудағы мақсатты қадамдардың бірі.  Осындай жиындардың өтуі бір жағынан біздің университеттің білім беру қызметіне үлкен серпіліс берсе, екінші жағынан, бұл біздің үлкен әлеуетке ие жетістіктеріміздің дәлелі деп есептейміз. Көшпелі мәжіліс аясында Жұбанов университетінің дәстүрлері, инновациялары мен жетістіктері туралы толық ақпаратпен таныстыру жоспарланып отыр», — деді Б.Ердембеков.

Ректор Бауыржан Ердембековтің айтуынша, аталмыш шара аясында университетте  «Инклюзивті білім берудің психологиялық-педагогикалық аспектілері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, педагогика факультетінде «Инклюзивті білім беру» кабинетінің ашылуы, «Үздік студент», жас суретші Айя Спанбетованың портреттік көрмесінің ашылуы, Студенттер сарайында университет ұжымының шығармашылық концерті  және алыстан арнайы келген қонақтарға Ақтөбе өңірінің тарихи жерлеріне саяхат ұйымдастырылады.

Басқосуға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Ақтөбе облысы  әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтауын жеткізді. «Құрметті Республикалық оқу-әдістемелік кеңес мәжілісіне қатысушылар! Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті базасындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы Оқу- әдістемелік бірлестігі – Жобаларды басқару топтарының көшпелі мәжілісінің киелі білім ордасы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өтуі өңір үшін үлкен мәртебе!

85 жылдық тарихы бар Жұбанов университеті заман талабанына сай, бәсекеге қабілетті маман даярлауда жоғары оқу орындарының алдыңғы қатарында.

Бүгінгі мәжілісте көтерілетін мәселе «Білім беруді модернизациялау жағдайындағы педагогикалық кадрлар даярлаудың заманауи тенденциялары» қазіргі таңда өзінің маңыздылығымен ерекшеленеді. Өйткені, инклюзиялық білім беру, шағын жинақты мектептерді мамандармен қамтамасыз ету мәселелері, білікті маман даярлауда оқыту тәсілдерін озық тәжірибемен сабақтастыру бүгінгі күн тәртібінде ерекше орын алады.

Бұл мәселе төңірегінде Жұбанов университетінде теория мен практиканың қатар жүруіне байланысты маңызды жұмыстардың жоғары дәрежеде жүріп жатқанына куәміз. Өндіріс орындарымен байланыстың нығаюы — болашақ педагог-кадрларды білікті де, білімді кәсіби маман ретінде даярлаудағы үлкен қадам.

Қазіргі жастар – еліміздің ертеңі, жарқын болашақтың иегері! Алда тұрған жұмыстар үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ендеше, бірлесіп атқаратын ортақ істерде баршаңызға табыс тілеймін!», — делінген құттықтау хатта.

Одан кейін сөз алған мәжіліс спикері,  Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ректоры Такир Балықбаев: «Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің негізіндегі Оқу әдістемелік бірлестіктің отырысы ерекше өтіп жатыр. Себебі біз бұл кездесуді Жұбанов университетінде өткізіп отырмыз. Осындай мүмкіндік ОӘБ пен Университет басшылығының келісімімен болып жатыр. Сол үшін Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков мырзаға, университет ұжымына  және  осы шараға ерекше көңіл бөліп құттықтау хатын жіберген Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мырзаға зор алғысымды  айтамын. Бүгінгі кездесуіміздің табысты өтуіне тілектеспін!

Қазіргі таңда білім беру мен педагог мамандарды дайындауда көптеген өзекті мәселелер бар екені барлығымызға белгілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты  Қазақстан халқына Жолдауында білім беру сапасын жақсарту және біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесіне қатысты  мамандар даярлаудың отандық жүйесін нақты еңбек нарығына сай даярлау қажеттігіне тоқталды. Сол себепті біз бүгінгі кездесуімізде «Назарбаев Университеті тәжірибесі бойынша Жоғары оқу орнын бітірушінің моделін болашақ педагогтардың құзыреттілігін қалыптастыру контекстінде жобалау», «Инклюзивті білім беруді дамыту: мәселелері мен болашағы», «Шағын жинақты мектептер үшін кадрлар даярлау», «Мектеп-Университет-Өндіріс-сұранысқа ие кадрларды даярлаудағы серіктестер» сынды бірнеше мәселелерді талқылаймыз.

Жалпы айтатын болсақ, біздің бірлестікте осындай университеттердің озық тәжірибелерін ортаға салып отырудың біздің жұмысымызға пайдасы зор болады деп ойлаймын», — деді ол.

Мінберден сөз алған  Такир Оспанұлы  білім беру мен педагог мамандарды дайындаудағы өзекті мәселелерге де егжей-тегжейлі тоқталды.

Бүгінгі жиынға қатысушылар «Бітірушілер моделін Назарбаев Университеті тәжірибесі бойынша болашақ педагогтардың құзыреттілігін қалыптастыру контекстінде жобалау», «Қазақстанда инклюзивті білім беру: эволюция және даму перспективалары»,  «ЖОО-да инклюзивті білім беруді дамыту»,  «Мектеп-Университет-өндіріс: білікті кадрлар дайындаудағы серіктестер», «Оқу процесін ұйымдастыруға Smart Zhubanov University жобасының компоненттерін енгізу», «Шағын жинақталған мектептер: мәселелері мен шешу жолдары» тақырыбында  баяндамалар жасап, өз ойларын ортаға салды.

Басқосу  барысында өзге де өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныстар тыңдалды. Мәжіліс соңында атқарылатын жұмыс жоспары бекітіліп, арнайы қаулы қабылданды.