Вторник, Январь 31, 2023
Басты > Жаңалықтар > Мүмкіндігі шектеулі студенттерге арналған инклюзивті оқыту кабинеті ашылды

Мүмкіндігі шектеулі студенттерге арналған инклюзивті оқыту кабинеті ашылды

Бүгін Ақтөбеде алғаш рет өткізілген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі РОӘК «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігінің көшпелі мәжілісінің аясында Жұбанов университетінің педагогика факультетінде «Инклюзивті білім беру» кабинетінің тұсауы кесілді.

Жаңа кабинет ерекше білім алу қажеттілігі бар тұлғаларға инклюзивті білім беруді психологиялық-педагогикалық, тәжірибелік-әдістемелік қолдау және үйлестіру мақсатында ашылып отыр. Сонымен қатар, аталған кабинет  әлеуметтік бейімдеу, түзете-дамыту, диагностика, кеңес беру және ағартушылық, әдістемелік бағыттарында  жұмыс жасайды.  «Кез келген балаға білім алуы үшін жағдай жасауымыз керек. Біздің  басты міндетіміз — білім беру процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету және ерекше білім алу қажеттілігі бар тұлғаларға арналған білім беру бағдарламаларын жасақтау; толерантты әлеуметтік-мәдени ортаны қалыптастыру және волонтерлік көмек ұйымдастыру; ерекше білім алу қажеттілігі бар тұлғаларға бағдарламалық материалды меңгеруге бағытталған жеке пәндер бойынша кеңес беруді ұйымдастыру», — дейді  «Психологиялық-педагогикалық және арнайы білім беру» кафедрасының меңгерушісі Клара Төребаева.

Мамандардың айтуынша, мұнда логопед, психологтар жұмыс істейді. Енді мүмкіндігі шектеулі білім алушылар өз құрбы-құдастарымен бір партада оқып, түсінбеген, игермеген бағдарламаларын жеке оқи алады.

Мұнан соң  университетке келген қонақтар Жұбанов университетінің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттерін аралады. Мұнда олар студенттердің білімін жетілдіруде маңыздылығы зор тарихи тұлғаларға арналған кабинеттердің ашылуын жоғары бағалап, оқу ордасындағы  жаңа өзгерістерге оң бағасын берді.

«Қазіргі кезде университетте жағдайы сын  көтермеген кабинеттерге көңіл бөліп, екі жыл көлемінде бірнеше кабинеттер жөндеуден өтіп, жасақталды. Сондықтан да  ашылған жаңа кабинеттерде студенттерге толыққанды білім алып, ғылыми ізденістермен  айналысуларына  толық жағдай жасалып отыр», — деді ректор Бауыржан Ердембеков.