Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылыми шара инклюзивті білім аспектілеріне арналды

Ғылыми шара инклюзивті білім аспектілеріне арналды

Жұбанов университетінде өткен көшпелі мәжілістің аясында «Инклюзивті білім берудің психологиялық-педагогикалық аспектілері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Ғылыми шараға Қазақстанда және шетелде инклюзивті білім беру практикасын ендіріп жүрген мамандар, сарапшылар, ғалымдар, ғылыми қызметкерлер,  ЖОО оқытушылары, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтар қатысты.

Конференция барысында инклюзивті білім берудің теориялық және әдіснамалық негіздері, қоғамды ізгілендіру негізі ретінде инклюзивті білім беруді дамытуда ғылым, тәжірибе мен қоғамдастықтың өзара тиімді әрекеттесу жолдары талқыланып, орта және кәсіптік білім берудегі инклюзивті процесс дамуының қазақстандық және шетелдік тәжірибесі талданды.

Ғылыми шара аясында  ғалымдар «Жоғары оқу орнында ерекше білім беруді қажет ететін студенттердің оқытуын ұйымдастыру», «Қазақстандағы инклюзивті білім беру: эволюция және даму перспективалары», «Инклюзивті білім берудің өзекті әлеуметтік-педагогикалық технологиялары», «Мұғалімнің инклюзивтік білім беруге дайындығы: құндылықтар мен нанымдар» тақырыбында  баяндамалар жасап, өз ойларын ортаға салды.

Өз кезегінде Ақыл-есінің немесе бой-бітімінің жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу және кәсіби еңбекпен оңалту орталығының бас директоры Роза Сүлейменова  мұндай идеологиялық негіздерді жүзеге асыруда Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы зор екендігін атап өтті.  «Бүгінгі көтеріліп жатқан мәселе ерекше балаларға ғана емес, оқу үлгерімдері төмен, сондай-ақ мінез-құлқы бұзылған балалар үшін де аса маңызды. Олардың барлығы жалпы білім беру кеңістігіне біріктірілуі керек», — дейді Р.Сүлейменова.

Сонымен қатар, аталған ғылыми шара аясында арнайы білім саласындағы отандық жетекші ғалымдардың шеберлік сағаттары ұйымдастырылып,  ерекше білім беруді қажет ететін балалар арасында «RoboGame» қалалық сайысы өткізілді.  Сайыс екі кезең бойынша  «Робот жина» және  «Сызық бойынша жүріп өту» тақырыбында өтті.

«RoboGame» қалалық сайысы инклюзивті білім беруді дамытуда білім беру ұйымдарының белсенділігін арттыру, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды білім беру ортасына қосуға педагогикалық қоғамдастықтың назарын аудару, инклюзивті білім берудің қолданыстағы тәжірибелерін жинақтау және тарату мақсатында ұйымдастырылды.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыс жастардың робототехникаға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Ұйымдастырушылар өңірдегі ең үздік жобаларды анықтау, сондай-ақ бейінді жоғары оқу орындары мен компаниялар тарапынан талантты оқушыларды қолдау  бастымыз міндетіміз дейді.

Сайыс соңында барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар, сертификаттар  табысталды. Айта кетейік, бұл сайысқа физика-математика факультетінің 1998 және 2004 жылғы түлектері демеушілік жасап отыр.

Бүгінгі шаралар соңы университет өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласып, отшашумен аяқталды.