Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті Халықаралық білім көрмесіне қатысуда

Жұбанов университеті Халықаралық білім көрмесіне қатысуда

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының «Көрме» көрме орталығында «Білім және ғылым  — 2019»  ХҮІІ Қазақстандық Халықаралық көрмесі өз жұмысын бастады. «Атакент-Экспо»  халықаралық көрме компаниясының ұйымдастырған шарасы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен өткізіліп отыр.

17 жыл бойы «Білім және ғылым» көрмесі  білім берудің  барлық деңгейі, оқытудың  заманауи  технологиясы, оқу жабыдықтары, жаңа оқу бағдарламалары саласындағы  жетістіктерді көрсетіп келеді.

Көрменің басты мақсаты — білім беру саласындағы жетістіктерді, заманауи білім беру технологияларын, білім беру жабдықтарын, жаңа оқу бағдарламаларын және жаңа буынның білім беру кешендерін көрсету. Сондай-ақ, еліміз бен шет елдік оқу орындарының жетекші оқытушылары мен мамандарынан «тікелей» ақпараттар алып, жаңаша білім беру қызметтерімен және  ақпараттық технологияларды ұсынуға бағытталған.

Көрмеге 4000-нан астам келуші келді, олардың арасында  білім беру саласындағы қызметкерлер, Астана және Қазақстанның аймақтарынан келген оқушылар, университеттер мен колледждердің студенттері, мектеп оқушылары бар.  Көрме жұмысына алыс және таяу шетелдің 7 елінің: Қазақстанның, Ресей Федерациясының, Болгарияның, Канаданың, Латвияның, Польшаның, Швейцарияның жетекші ұйымдары мен  жоғары оқу орындары қатысып отыр. Олар көрме барысында өз  мүмкіндіктері мен оқытылатын мамандықтар бойынша ақпарат беріп, талапкерлерді қабылдау кезеңдері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Аталмыш шараға  Жұбанов университетінің атынан  Кәсіби бағдар және қабылдау комиссиясы бөлімінің басшысы Рауан Жалтырбаева мен бөлім әдіскері  Култанова Алина  қатысты. Көрме барысында университеттің қызметі және университеттің білім беру бағдарламалары, академиялық мобильділік және қос дипломды бағдарламалар туралы ақпарат берілді.

Көрме аясында  қатысушылардың таныстырылымдарын, семинарларын  өткізуден тұратын іскерлік  бағдарламасы қарастырылған.  Көрменің жұмыс күндерінде ҚР Ұлттық тестілеу орталығы  мектеп, лицей, колледж түлектеріне  арналған  ҰБТ  жаңа форматы бойынша тегін сынама тестілеуден өткізіледі.

Айта кетейік, «Білім және ғылым  — 2019»  ХҮІІ Қазақстандық Халықарлық  көрмесі  үш күнге жалғасып, шет елдік білім беру ұйымдары мен  мен жергілікті оқу орындары келген талапкерлерге өз мүмкіндіктерін жан-жақты таныстыратын болады.