Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бітіруші түлектерді жұмысқа бөлу және орналастыру

Бітіруші түлектерді жұмысқа бөлу және орналастыру

Күні кеше Жұбанов университетінің Ә.Кекілбаев атындағы конференц-залында Хромтау ауданы білім беру мекемелерінің сұранысы негізінде «Білім» бағыты бойынша бітіруші түлектері арасында «Бітіруші түлектерді жұмысқа бөлу және орналастыру: мәселелері мен мүмкіндіктері» тақырыбында конструктивті диалог ұйымдастырылды.

Аталған басқосуға университеттің білім беру процесін ұйымдастыру директоры Сабырғали Бишкен, Оқу-әдістемелік жұмыстар және қашықтан білім беру орталығы жетекшісі Айнұр Кадыркулова, Үздіксіз білім беру институтының директоры Гүлбану Такишева, Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімі әдіскері Жұлдыз Бақшабаева, Кәсіби даму және мансап орталығының мамандары мен «Білім» бағыты бойынша білім алатын 4-курс студенттері қатысты.

Конструктивті диалогтың мақсаты — «Білім» бағыты бойынша бітіруші-түлектерге Хромтау ауданы білім беру мекемелерінің сұранысын таныстыру, алдын-ала жұмысқа орналастыру жұмыстарын өткізу.

Кездесуде орталық жетекшісі Бақтыгүл Ертлеуова қатысушыларға Хромтау ауданынан келген сұраныстарды таныстырып, әр мамандық бойынша бітірушілерге сұранысқа сай пәтермен, сағат санымен қамтамасыз ету сұрақтарына толыққанды жауап берді. Аталған шара барысында орталық мамандары ойын-тренингтер өткізіп, жеңімпаздарды марапаттады.

Шараны Үздіксіз білім беру институтының директоры Гүлбану Такишева жүргізді. Өз кезегінде Гүлбану Ақылбекқызы бітірушілерге университетімізде ақылы негізде оқытылатын қосымша біліктілікті арттыру курстары туралы кеңес берсе, әдіскер Жұлдыз Бақшабаева магистратураға түсуге ниет білдірген студенттерге магистратураға түсу ережелері мен оның форматтары жайлы баяндады.