Среда, Июль 8, 2020
Басты > Жаңалықтар > Болашақ экономистерге арналды

Болашақ экономистерге арналды

Қазақстанның Көкшетау, Орал, Алматы, Түркістан, Нұр-сұлтан, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе облыстарынан келген 50-ге жуық студент Жұбанов университетінде ұйымдастырылған  «Бизнестегі инновациялық идеялар мен технологиялар» атты XVIII республикалық олимпиадада бас қосты.

Аталмыш олимпиада студенттердің, ұлттық экономика саласы мен түрлі қызмет көрсету аясының басқару саласындағы болашақ мамандардың шығармашылық әлеуетін ашу, экономикалық мамандықтардың беделін арттыру, студенттік жастардың шығармашылық бастамасы мен ғылыми белсенділігін ынталандыру мақсатында өткізілді.

Олимпиада екі турда өтті. Бірінші, сырттай турына Қазақстанның түрлі жоғары оқу орындарының экономикалық мамандықтары бойынша 100-ден астам студенті қатысты. Олардың арасында Атырау инженерлік-гуманитарлық институты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университеті және тағы басқалар бар. Байқаудың іріктеу нәтижесінде 50-ге жуық студент екінші турға күндізгі финалға жолдама алды. Онда командалардың сөз сөйлеу кезектілігі өтінімдердің түсу тәртібімен анықталады.

Айта кетейік, аталған шара әр түрлі тапсырмалардан құралған екі кезеңде өтеді: бірінші кезең – экономикалық мамандықтар аясында оқытылатын пәндер (экономикалық теория, бухгалтерлік есеп, микроэкономика, макроэкономика, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік негіздері, мемлекеттік басқару теориясы) бойынша теориялық сұрақтардан тұрады. Ал екінші кезеңінде қатысушылар практикалық тапсырмалар орындап, «Макроэкономика» бойынша есептер шығарады.

Ғылыми шара қорытындысында әр номинация бойынша үздік командалар анықталды. Номинация жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.