Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Дөңгелек үстел Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұрасына арналды

Дөңгелек үстел Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұрасына арналды

Жұбанов университетінің профессорлық-оқытушылық  құрамы мен студенттері Ыбырайтанушы, Қазақстан халқының Ассамблеясы мүшесі, профессоры  Қалқаман Жақыппен кездесті.

Танымдық кездесу  ұлылар ұлағатын ұлықтау және қоғам қайраткері, ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесуде студенттер Ы.Алтынсариннің ағартушылық педагогикалық қызметі тақырыбы бойынша ой-пікірлерін ортаға салып, белсене қатысты.  Дөңгелек үстелде Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық тарихы және ұлттық мектеп қалыптастырудағы ерен еңбегі де назардан тыс қалмады.

Өз кезегінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Қалқаман Жақып Ы.Алтынсариннің бүкіл өмірін қазақ даласында бала оқытуға, мектеп ашуға арнағаны, оның өлеңдері мен әңгімелері қазақ жастарына тәлім-тәрбиелік мақсатта жазылғаны туралы ерекше атап өтті. Келешек ұрпақты жігерлендіріп, рухтандыру мақсатында даланың дара ұстазы Ыбырайдың ісін, асыл мұрасын келешек ұрпақ жалғастыру керектігін айтып, Ыбырай есімін әркез қастерлеп, оқуда озат болып, тек биік белестерден көріне берулеріне тілек білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасының тарихымен танысуға көмектеседі.

Айта кетейік, дөңгелек үстелге Қостанай  облыстық  Ыбырай   Алтынсарин мемориалдық  музейінің директоры Марғұлан Оспанов та қатысты.

Музей директорының айтуынша, ұлы педагог-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық мұражайының негізі 1991 жылы қаланған. Мемориалдық мұражай кешені Қостанай қаласының тарихи-архитектуралық бөлігінде, Ордабай шатқалында 1884 жылы жазушы негізін қалаған дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернат жанында орналасқан. Мұражай ғимараты екі бөліктен тұрады. Біріншісі Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептің нақты көшірмесі. Ішінде жазушының мемориалдық сыныбы мен әкімшілік кабинеттер орналасқан. Екіншісі киіз үй тәріздес екі қабатты ғимаратта екі стационарлық көрме.

Ал, екінші бөлімде әр түрлі шараларға байланысты экскурсиялар жиі өтіп тұрады. «Оған көбінесе мектеп оқушылары мен жастарды шақыру мұражайдың басты мақсаттарының бірі. Ыбырай Алтынсариннің өміріне, тарихта атқарған қызметіне арналған бөлімдерге мектеп оқушылары мен жастарды жиі шақырып тұрамыз. Экспозиция бойынша жоғары және орта, кіші сынып оқушыларына арналған әр түрлі  шолулар және тақырыптық экскурсиялар қарастырылған. Тақырыптық экскурсияларда мұсылман оқуы, ағартушының балалық шағы мен оқуы, Ы.Алтынсарин құрастырған мектеп жүйесі, оның педагогикалық, әдеби және қоғамдық қызметі туралы айтылады»,- дейді музей директоры М.Оспанов.

Сонымен қатар, мұражай қорында Ыбырай отбасында қолданылмаған ағартушы ғалымның өмірі мен қызметіне арналған кітаптар, заттар, Ы.Алтынсариннің кітаптары, мектебінің макеті, фотосуреттер, естеліктер бар.
Бүгінде мұражай кешенді ғылыми-ағарту мекемесі болып табылады, үш бағытта жұмыс істейді: педагогика, әдебиет, мәдениет және өнер. Мұражай 30 мыңдай көрермендерге мәдени қызмет көрсетеді, оның ішінде жақын және алыс шетелдерден келетін қонақтар бар.