Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет қызметкерлері «Нұрлы жер» аясында баспанаға қол жеткізді

Университет қызметкерлері «Нұрлы жер» аясында баспанаға қол жеткізді

Үкіметтің 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдау Мәжілісінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларына бөлінетін қаражат туралы мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, үш жылдық бюджетте тұрғын үй қорын жаңғырту, жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту, жастар мен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту және тағы басқа маңызды шаралар қарастырылған. Соның айғағы ретінде бүгінгі мереке аясында еліміздің ЖОО арасында тұңғыш рет Жұбанов университетінің қызметкерлері баспанаға қол жеткізді.

Білім саласының қызметкерлеріне жаңа пәтердің кілттерін табыстау салтанатты рәсіміне ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Қанат Сәрсембаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жакселекова, «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» ИҰ АҚ Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов, Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин мен Жұбанов университетінің басшылары қатысты.

Арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан келген жауапты хатшы Қанат Сәрсембаев қоныс иелерін министрлік тарапынан құттықтады. Ал өз кезегінде «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» ИҰ АҚ Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов мерекемен құттықтап, халықты пәтермен қамтамасыз ету бойынша Елбасы және ел Президенті қойған міндеттерді іске асыру маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, бүгін осы бағдарламаға сәйкес қоныстанушыларға «Қарғалы» тұрғын алабында орналасқан 200 үйден 1579 ш.м. құрайтын 40 пәтер тапсырылды. Олардың 23-і Жұбанов университетінде жұмыс істейтін ҚР Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлеріне берілсе, 17-сі денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне беріліп отыр.

Бүгінгі қуанышқа кенелгендердің бірі — университеттің Жастар үйінің директоры Бибітшілік Қонақбаева былай дейді: «Жұбанов университетінде жолдасымыз екеуміз қызмет етеміз. Екі баламыз бар. Отау құрғанымызға 13 жыл болды, ал өзімнің осы шаңырақта қызмет еткеніме 9 жыл толып отыр. Содан бері баспаналы болу – біздің арманымыз еді… Міне, осы аралықта атаулы мереке аясында үлкен қуанышқа ие болып отырмыз. Бұл ретте университет басшылығына ризашылығымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, бүгінгі мереке қарсаңында жаңа пәтерге ие болып жатырған әріптестерімді құттықтайын», — деді ол.

Салтанатты шара соңында пәтер иелеріне университеттің кәсіподақ ұйымының атынан гүл шоқтары табысталды.

Түс қайта ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Қанат Сәрсембаев Жұбанов университетінің базасында болып, бірқатар нысандарды аралады.