Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жалпы республикалық ашық сабақ: «Қазіргі Қазақстан. Елбасы Көшбасшылығының сабақтастары»

Жалпы республикалық ашық сабақ: «Қазіргі Қазақстан. Елбасы Көшбасшылығының сабақтастары»

КӨШБАСШЫ ЖОЛЫ — ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

Ақтөбе қаласындағы №21 орта мектепте өткен ашық сабаққа философия ғылымдарының кандидаты, доцент Үмбетхан Сәрсембин және аталған мектептің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихының әртүрлі кезеңінде қабылдаған шешімдері, өзге мемлекет президенттерінің Елбасы туралы пікірлері, Көшбасшыға тән басты қасиеттері сөз болды.

Жиынның ашылуында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Рыскүл Оразаева сөз сөйлеп, Елбасының өмір жолын оқушыларға үлгі етті.

— Тәуелсіздік — ата-бабаларымыздың ұлы арманы. Сіздер, осы азаттық жылдарында өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыздар.

Біз қазір жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Ұлт ретінде дамудың бір тетігі — рухният. Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік деңгейде ойлайтын тұлға деп айта аламыз. Елбасының бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 100 томдық «Бабалар сөзі» кітабы жарыққа шықты. «Мәңгілік ел» идеясы, мемлекеттің тұтастығын біріктіретін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы, сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді.

Бүгінде Тәуелсіздік пен Елбасы ұғымы қатар жүреді. Тұңғыш Президентіміз мемлекетті 30 жылға жуық басқарып, бейбіт заман орнатты. Тәуелсіз Қазақстанды сындарлы жолдардан, сан түрлі белестерден құлатпай алып шықты. Тұңғыш Президент күні арқылы жас ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанның тарихын танып, оның ел болып қалыптасу жолында қандай тұлғаның аянбай еңбек еткенін жадында сақтауына үлесін қосады.
Ендігі сіздердің міндеттеріңіз — тәуелсіз елде сапалы білім алу, іздену. Еліміздің даму жолында үлес қосу — 
деді Ү.Сәрсембин.

Шарада оқушыларға Елбасы туралы бейнебаян көрсетіліп, сауалдар қойылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

ТҰЛҒА. ТАҒДЫР. ТАРИХ 

Ақтөбедегі Мария Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназияның мәжіліс залында «Тұлға. Тағдыр. Тарих» атты ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды.

Мереке қарсаңында өтіп жатқан ашық тәрбие сағатына Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Үбайдолла Мәмбетов, білім саласының ардагері Шайзада Ахметова арнайы шақырылып, қатысып отырды.

Оқушылар ел Тәуелсіздігінің баянды болу жолында білімі мен жігерін аямаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен шығармашылыққа толы атқарған істері туралы әзірлеген презентацияларын таныстырып, осы тақырып аясында өлеңдер оқыды. Сабақ барысында оқушылар екі топқа бөлініп, «Бұл палата үштілділікті қолдайды» тақырыбындағы пікірталасты қыздырды.

Сабаққа қатысып отырған Үбайдолла Мәмбетов оқушыларға мемлекетіміздің қалыптасу жылдарындағы Елбасының экономикамызды қалай нығайтқандығы жөнінде баяндап берді. Ал Шайзада Ахметова 11-сынып оқушыларының қалаған оқуларына сүрінбей түсіп кетулеріне сәттілік тіледі. Екі қонақ та қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Қалауова мен тарих пәнінің мұғалімі Бақытгүл Темірованың жетекшілігімен өткен ашық сабақ өз деңгейінде өткендігін айтты.

Мария Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназия директоры Айжан Жамбылованың айтуынша, бұл күні осы білім ұясындағы біріншіден бастап он біріншіге дейінгі барлық сыныпта осындай ашық сабақ өткен.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

https://aqtobegazeti.kz/?p=81378