Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ағартушы. Ғалым. Ұстаз

Ағартушы. Ғалым. Ұстаз

Үстіміздегі жыл басқалардан ерекше бағалауға тұрарлық қазақтың үш алып азаматының 80 жасқа толған жылы. Мұның өзіндік сыры бар секілді көрінеді маған. Оның себебін осыдан сексен жыл бұрын әлемде бұрқ ете қалған соғыс өртіне қарсылық деуге келетіндей. Адамдардың басына төнген қауіптен қорғану үшін, ұл бала туғанын аналардың ішкі түпсанасы мақұлдап, соғыс жылдарында дүниеге ер бала көбірек туылатыны да солай етуге бейімдесе керек. Айтып отырған үш алыбым – Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Амангелді Айталы.
Әбіш ағаны ерекше ардақ тұттым. Президентіміз Ақтаудағы мерейтойда Әбіш Кекілбайұлына «мәдениеттанушы, өнертанушы, әдебиеттанушы, тарихшы, саясаткер, энциклопедиялық білімнің, терең танымның иесі, академиялық универсиализмі жан-жақты ашылған кемеңгер» деп баға берді. Бұл сөздің растығы мен нақтылығына төңірегіне топтасқан азаматтардың бірі ретінде 24 жыл ішінде көзім әбден жеткен.
Фариза Оңғарсынова апамыздың жанында өзінің қалауымен жұбайымыз екеуміз 18 жыл бірге жүргенімізді де мақтан етеміз. Естен кетпес кеңестері жадымда. Барлығын айтпағанда, әсіресе екі ақылына бас игенімді айтайын: «Сен ауыл шаруашылығы ғылымымен айналысып жүрсің. Мамандығың сол екені рас. Бірақ, мені тыңдасаң, сен оны бұдан былай қой. Бәрібір сенің артыңнан «шенеуніктен болған ғалым ғой» деген сөз еруі қалмайды. Ғылым докторлығың, жүздеген мақалаларың, оншақты кітаптарың болғанымен, ол үйірде бағаң бүгінгіден артпайды. Өзің де мамандығыңдағы ғалымдарды сынап жүрсің ғой, «Ресей заңнамасына сүйенеді, сілтемелерінде де ресейлік ғалымдардың тұжырымдарын пайдаланады, қазіргі заманғы жаңашылдықтарды сынап-мінейді» – деп. Мұндай жағдайда олар сені қайтіп жоғары бағаласын. Бұдан былай рухани дүниелермен ғана айналыс. Тілің жатық, өзбектердің жазғандарына ұқсайды. Осы сөзімді ойлан» деп еді. Бұл 2001 жыл болатын. Екінші жолы: «не жазып жүрсің?» деп сұрап, «Зейнетке шығып алып, тұтастай беріліп жазамын деме, жұмыспен, басқа тірліктермен жағаласып жаз, уақытыңды босқа кетіріп алма» дегені 2009 жылы еді. Бірінші кеңесін ұстана алмадым, түп мамандығым болған соң, ауыл шаруашылығы экономикасымен, әсіресе сол кездегі қаны шығып тұрған жерді пайдалану мен су шаруашылығына қатысты ізденістерім жалғасты. Нәтижеде 2017 жылдың үздік оқытушысы атандым. Екінші кеңесі күні бүгінге дейін маған жолсілтер бағдаршам болды. Анамдай болған апамның аруағы алдында бас иемін.
Үшінші тұлға – Амангелді Әбдірахманұлы Айталы аға.
Ағаменен Парламент Мәжілісінің екінші шақырылымында төрт жарым жыл бірге жүрдік. Швейцария секілді әсем елде бірге іссапарда болдық. Одан кейін тағы бір рет депутаттыққа сайланғанда және Астанада қалып, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры болып, 2010 жылдан өмір жолының күні бүгінге дейін жалғасып жатқан Ақтөбе қаласында ұстаздық еткен кездеріне дейін әріптестік, тілектестік құрметпен бір келеміз.
Сол жылдары профессордың ерекше мінез иесі екенін таныдым. Қолына шағын ғана портфелін ұстап, маң-маң басқан қалпында, байсалды күйде елеусіз кіріп, адамшылық ибамен амандасуын, өзі жетік білетін проблемалары жайында сөйлеуге мұқият дайындықпен, пікірталастар арасында сөз сұрағанда өресін танып қалған төраға кезексіз сөз беретініне куә болдық. Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай ерекше құрметтеді. Ол кезде шетелдерге шығу жиірек болатын, солардың көбісінде Амангелді аға баратындардың тізімінде болды. Ол жылдарға дейін депутат ретінде алыс-жақындағы 20 мемлекетке іссапармен барған мен үшін қызғаныш болмағанмен, депутаттар арасында кезексіз бара беретін депутат ретінде күңкіл мен күндеуге де тілге тиек болғаны есте.
Шындығына келсек, шетел іссапарларына айтары бар, білімі мен мәдениеті биік адамдар көбірек баратын. Сол жылдарды саралап қарасақ, еліміздегі және сырт жердегі конференциялар мен семинарларда Айталының өзіндік ізі болғанын айтамыз. Тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі, діни сенім бостандығы, білім беру жүйесінің дербестігі туралы талай мәрте халықаралық жиындарда мәселе көтерді. Бірқатар елдермен парламентаралық байланыстарға өз үлесін қосты. Депутат ретінде елдік, ұлттық құндылықтар, қарапайым бұқараның мүддесіне қатысты өзекті мәселелер талқыланған тұстардағы парасатты да батыл пікірлерімен халықтың ықылас-құрметіне бөленді.
Менің бойымда Амангелді Айталыға құрмет неден қалыптасты?
Амангелді ағаның «Ұлттану» деген кітабын ежелгі дос Аманхан Әлімұлы 2000 жылы сыйлаған еді. Осы кітап мәтінін әдетімше астын сызып оқығанымда өзім кейбірін шамалап қана білетін мәселелерге қанықтым. Кітаптағы және сол 2007 жылдан бергі газет-журналдарда жарық көрген мақалаларын оқып, өз бетімше талдап жүрдім. Таңырқағаным – бір де бір мақаласы немесе сиректеу болатын сұхбаттарда айтатын сөздерінде шамамен айту, бір мәселені қайта-қайта тәптіштеудің жоқтығы мен айтпақ болған ойларының ауқмының кеңдігі еді.
Осы сөздерімізге дәлел ретінде Амангелді Айталының бұқаралық ақпарат көздерінде айтқан пікірлеріне, жазған сөздеріне, рухани дүниемізді байытуға қосқан үлестеріне шолу жасадық.Қазақ тілі: жеңістер мен жеңілістер

«Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілі білім, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, өнер, экономика, ғылым, саясат, қорғаныс салаларында, әсіресе дін саласында кең өріс алды. Тек қазақ тілінде бірнеше телеарна жұмыс істейді, терминология саласында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қазақ тілі ғылым тіліне де айнала бастады, ол тілде диссертациялар қорғалып жатыр».
Ия, мектептерде қазақ тілінде білім алуға бейімділік ұлғаюда. Тәуелсіздік бастауындағы жылда елдегі барлық оқушылардың 28 пайызы қазақ сыныптарына барған болса, биыл бұл көрсеткіш 75 пайыздан асты. Соңғы жылдары бірінші сыныпқа барған оқушылардың 90 пайызы қазақ мектебіне баруда.
Жеңілістерімізге келсек, өздерін қазақ елімен байланыстырғысы келетін өзге ұлт өкілдерінің ішінде орыс халқының өкілдері 46,5 пайыз екен. Демографиялық көрсеткіштерге қарағанда орыс халқы 20 пайыздың төңірегінде болған кезде, қазақ елін өз еліміз деп санайтындардың саны, бір жағынан онша көп еместей көрінгенмен 1,5 миллион адам әлі де Ресейге қарап алаңдаулы.
Соңғы бірер жылда қазақ және аралас мектептерде жаңа проблема – үш ауысымда оқу мәселесі пайда болды. Бұл да білім саласында болған реформаның жүзеге асуына зиянын тигізері сөзсіз.
Айталы аралас мектептердің көптігіне қатаң сын айтпайды, ондай мектептердің санын біртіндеп, сатылап азайтуды ұсынады.
Мектептерде үш тілділікке көшу бағдарламасы да асығыс, зерттеусіз, зерделеусіз жүргізілгендігін айтады. Тіпті, физика, химия сияқты пәндер мұғалімдерін үш ай ағылшын тілін үйрететін курстарда әзірлеп, сабақты ағылшын тілінде жүргізуге тырысушылықты сынға алады.

Қазақты құтқаратын Қазақтың өзі

«Қазақты құтқаратын Қазақтың өзі. Қазақтың өзінің білімі, парасаты, күш-қуаты, іскерлігі бар. Бүкіл қазақтың бойындағы біз айтқан мүмкіндіктерді пайдалану, өкінішке қарай, үлкен саясатымызға айналмай отыр. Қазақты шетелде ешкім жарылқамайды. Сондықтан, қазақтың күші мен ақылы қазақты құтқаруға ықпал ете алады. «Мен қазақпын, қалған қазақтар жиналыңдар», – деп білекті сыбанып жұмыс істейтін заман туды. Бүгінде мемлекеттердің ғана емес, ұлттардың арасында да үлкен бәсекелестік жүріп жатыр. Қазақ пен орыстың, қазақ пен өзбектің, қазақ пен кәрістің арасында бәсеке бар. Қазақстанның ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде бір-бірімен жарысу үрдісі жүріп жатыр. Осы бәсекелестікте қазақтың оқ бойы озып шығуына қазақтың ғана қауқары жетеді. Сондықтан, қазақ ешкімге табынбауы керек. Не билікке, не жеке саяси топтарға, т.т… Қазақ тек қазақтың ғана мәртебесін өсіріп, еңсесін тіктей алады».

Надан жұрт алдыңғы мәдени жұрттың киіп тастаған киімін киеді

«Надан жұрт алдыңғы мәдени жұрттың киіп тастаған киімін киеді». Бұл Әлихан Бөкейханның сөзі. Біз, қазақ, сол надан жұртпыз. Орыстың киіп тастаған киімін, батыстың киіп тастаған киімін кию, еліктеу, сөйте тұра тыраштану, басқаның жолымен жүру, өзіңді бұрын қорлаған, отарлаған халықтың мәдениеті мен психологиясына еліктеу, айналып келгенде ұлттық дамуына балта шабады», дей отырып, Амангелді Айталы Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Садуақасовтарға қоса отаршылдыққа, озбырлыққа қарсы күресін кеңес дәуірінде жалғастырушы Жұмабек Тәшеновке де мінездеме береді:
«Әлихан – ұлттық концепция, қазақ ұлтының негізгі платформасын, болашағын жасаған қайраткер. Менің ойынша, алашқа бір университет қабырғасында емес, облыс, республика деңгейінде ғылыми конференциялар өтуі керек. Біздің айтып жүрген істеріміздің артында Алаш тұр. Әлихан Бөкейхандай лидер болған емес, бүгін де жоқ. Себебі, бұл жерде ол өзінің қара басын ойлаған емес. Шетелге кеткісі келмеді, осы елде қалғысы келді. Бүгінгі заманда жүрегім Қазақстанда, капиталым шетелде жүрген заманда Әлихан Бөкейхан біз үшін бөлек тұлға. Мұндай лидер жоқ. Алаш қозғалысы, алаш идеясы нәр алатын үлкен байлық».
Амангелді Айталы тәуелсіздіктің оп-оңай келе қалмағанын, оның жолында талай қан мен тер төгіліп, жоғарыда атап кеткен талай боздақтарымыздың қыршынынан қиылып, қуғын-сүргінге ұшырағанын осылай атап кетеді.
Біздің елде, өкінішке қарай, «менен биік ешбір тұлға болмауы тиіс» деген бір үрдіс қалыптасып келді. Халел Досмұхамедовке Астана қаласында бір көшенің атын беруге қарсылық болғаны есте. «Халел Досмұхамедов деген кім өзі? Оған Астанадағы көше атын беруге сіңірген қандай еңбегі бар?» деген сөз шықты. Мұндай пиғыл бір ғана Халелдің (аруағы кешірсін) атына айтылған жоқ. «Танымасты – сыйламас» деген сөзі «Танымасты – бағаламас» дегенге ауып барады.
Жалпы, ұлтымыздың озықтарын дәріптеуде сараңбыз. Кімнің іздеушісі әлеуетті болса, солардың сөздері өтеді. Астанадағы бір парктің аумағында үлкен алаңда дөңгелек галерея жасап, Шәкәрім, Әлімхан Ермеков, Қаныш Сәтбаев, Евней Букетов, Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек сияқты ел мұңын мұңдап өткендерге ескерткіштер орнатуға болар еді ғой (Алматыдағы бұрынғы Парламент пен Әділет министрлігінің арасындағы аллея сияқтандырып). Бұл тізім үлкен. Оған ескерткіші дайын, тұғырына қондыруға қамқорлық жасайтын азаматтары бар, тек қана саяси шешімнің кешеуілдеуіне байланысты, көптен сөз болып келсе де, орындалмай жүрген Дина Нұрпейісованы да, өз бетінше әрекеттеніп озықтарды ұлықтауға дайын жүрген азаматтарды да қосуға болады.

Қазақ ұлтының дамыған ұлттармен салыстырғандағы кемшілігі

Қазақ ұлтының басқа дамыған ұлттармен салыстырғанда бес үлкен олқылығы, кемшілігі көзге ұрып тұр.
Біріншіден, азаматтық қоғамда бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттік тіл міндетті түрде басымдыққа ие.
Екіншіден, азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттейді, білмейтіндерді азаматтыққа қабылдамайды.
Үшіншіден, мемлекеттік кызметте мемлекеттік тілді меңгергендерді ғана қабылдайды, іс-қағаз тек мемлекеттік тілде жүреді.
Төртіншіден, сот жүйесі, құқық қорғау орғандары ашық та, астарлап та байырғы ұлттың тілін, дәстүрін қорғайды.
Бесіншіден, экономикалық салада жердің, жер байлығының иесі мемлекеттің тірегі болатын байырғы ұлтқа тиеді.
Осы бес салада қазақ ұлты әлсіз.

Үштілділік

Қазақ мектептерінде ағылшын тілі орыс тілі емес, тек қазақ тілі арқылы оқытылуы тиіс. Елбасы қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайтуға мән берді. Қазақстанда шағын жинақталған мектептер барлық мектептердің 44,1 пайызын құрайды. Мына пәндер бойынша кабинеттер жоқ: физика – 37,7 пайыз, химиядан – 39, биологиядан – 39,3, математикадан – 29,3, лингафон кабинеттері – 49 пайыз. Ол мектепте оқитын оқушылардың орташа балы республика бойынша ҰБТ қортындыларынан 4,45 балл төмен. Бұлар негізінен қазақ мектептері, бұл оқушылардың құқын шектеу, болашақ қазақ интеллигенциясының сапасына да үлкен зиян келіп отыр.

2019 жыл – Жастар жылы

«Қазақ елінің қазіргі заман жастары туралы әңгіме қозғалған кезде теріс пікірдегі әңгімелер көп айтылады. Көне кітаптарда, біздің заманымызға дейінгі 6 000-жылдары біз сияқты ақсақалдар жастарды сынаған, осы жастар басқарған заман не болады? Олар елді аздырады, тоздырады деп көңілдері де толмай айтқан. Негізі мен жастарды сынаудан, күнәлаудан алшақпын. Мысалы, сол заманғы жастар ел басқарып, ел болашағын құрған және де бұл миссияны жақсы атқарып келген. Жастар өседі, өнеді, жаман қылықтардан арылады. Енді қазіргі еліміздің студент жастарына келсек, студент жастар қазір өте жақсы, жан-жағын таниды, оң мен солды ажырата алады. Бірақ барлығы бірдей құлшынып оқиды деп те айтуға болмайды, барлығы бірдей енжар еріншек те деп айтуға болмайды. Оның ішінде әртүрлі топтар бар. Бірақ негізінен, студенттердің еріншек, сабаққа ынтасыз болатыны ұстазға да байланысты. Тартымсыз лекциялар, қызықтырмайтын сабақтар соның салдары шығар. Жастар – бір пластилин сияқты. Біз оларды қандай жақсылықтарға икемдеп тәрбиелесек, олар сондай болып шығады. Бұл тәжірибе ғасырдан ғасырға ұласып келе жатыр және ешқашан өзінің актуальдығын жоғалтпайды.
Мен жастарға ашық айтамын, бір жылда сіздердің мәселелер шешіле қояды деп үміттенбеңіздер. Негізгі биылғы жылы жастардың болашағы туралы шешімдер, жастарға қатысты саясаттың негізі қаланады. Жастар үшін қазір маңыздысы ол жұмыс мәселесі. Осы мәселе төңірегінде жоғары оқу орындарының түлектерімен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы әңгіме қозғалды. Менің байқағаным біздің жастар тас жолдың бойында, қалаға жақын, газы бар, суы бар, барған жерде жақсы күтіп алатын, алғашқы жылдары оларды қолдайтын ортаға түссе, жастар тез сіңісіп, жұмыстарын бастап кетеді. Көп жағдайда жастар осы мәселе төңірегінде жиі толғанады. «Қандай ортаға түсеміз, қалай өмір сүреміз» деп уайымға салынады. Әрине қашық аудандарға, жол жоқ шалғай ауылдарға барғылары келмейді. Сол себепті жастардың осындай талап-тілектерін біз ескеруіміз керек. Келесі бір үлкен мәселе, ол жастарға деген жалпы қолдау қалай болады. Мысалы, өз кәсібін бастап, оны әрі қарай дөңгелеткісі келетін жастарға бағыт-бағдар беру, оларға жағдай жасай білу. Жастардың бизнесін қолдау әрине бар, бірақ ол шалғайдағы ауыл-аймақтарға жетпей жатады. Ол жердегі біздің балаларымыз университет, колледждерге бәрі бірдей бара бермейді және де кәсіп ашу жөнінде ақпаратты да толық біле бермейді. Осы жағынан ақпараттық қолдау көбірек болса екен. Бұл қолдаудан соң келесі мұқтаждықты қолдау мәселесі туындайды. Ол мәселенің басы – жастарға арналған баспана. Ол масылдық психологиядан туындаған ой емес. Жастар құлшынып бизнеспен айналысқысы келеді, жастар құлшынып еңбек еткісі келеді. Соған жағдай болса, неге жасамасқа? Міне, биылғы жылдың өскелең ұрпаққа берері мол деген сенімдеміз. Айтылған мәселелердің шешімінің, жастар саясатының іргетасы қаланады деп сенем».
Жастарға көп айтылатын кеңестердің бірі – ауылдарға кәсіби мамандардың баруы. Университетке жұмыс берушілердің өздері іздеп келеді. Оқу орнына келгенде олар да студенттердің біліктісін алғысы келеді, тағлымдамадан өтуге де шақырады. Өзін кәсіби жағынан көрсете білген студентті оқу бітірген соң өз мекемесіне жұмысқа тартады. Міне, осындай қарым-қатынас университет пен жұмыс берушілердің арасында қалыптасып отыр. Білікті, кәсіби студентті университет қабырғасынан шыққан бойда өз өндірісіне тарту, бұл әлемдік практика. «Мысалы, әлемге танымал Кэмбридж университеті өздерінің ең жақсы деген студенттерін жұмыс берушілерге сатып жатады. Бұл жақсы үрдіс. Сонда университеттің де, студенттің де беделі әрқашан жоғары болады. Біздің елде ондай жағдай әзірге жоқ, алайда бірте-бірте қалыптасар деген ой бар. Бірақ, айта кетейін барлық студенттер жұмыс берушінің көңілінен шыға бермейді және барлық жұмыс берушілер студенттердің көңілінен шыға бермейді. Арада осындай жағдай бар. Біздің балаларымыз көп жағдайда жұмыс берушінің олар үшін не бере алатынына қарайды.
Шетелдік ғалымдар қазақстандық университеттерде лекция оқып, мыңдаған долларды әкетіп жатыр. Көптеген студенттер шетелдік ғалымдардың шет тілінде оқыған лекциясын түсінбейді де, тек аудиторияны толтырып отырады. Сонда да соларды шақырамыз. Ол престиж саналады».
Осы орайда біз ЖОО-лардағы бүгінгі жағдайды ой елегінен өткізіп көрелік.
Біз 15 жылдан бері бүкіл әлем, оның ішінде Ресей де бар, білім экономикасынан «дағды (машық) экономикасына» көшіп бара жатқанын, біздің ғылыми-талдау мекемелеріміз бұл мәселеде жақ ашпай отырғанын айтумен келеміз. Қолдайтындар жоқ емес, дегенмен нақты ұмтылыс жоқ. Бүгінгі күндері университеттерімізде жыл сайын әзірленіп жатқан мамандар өндіріске жұмысқа келгенде маман ретінде қызмет етуге дайын емес екендігін, жоғарғы оқу орындарын бітірушілердің басым бөлігінің алған білімдері нақты өмірге сай емес екенін жасырумен келеміз. Білікті профессорлық-оқытушылық құрамы толық саналатын Нұр-Сұлтан қаламыздың өзінде кейбір оқу орындарын бітірушілердің мамандығына сай жұмысқа орналасуы 15-40 пайыз аралығында. Бұл – өте өкінішті жағдай.
Бұл статистиканың өзі оқу орындарының басшылығының бітірушілерден жұмысқа орналасқаны немесе магистратураға түскені жайлы формалды ақпарат алуымен жақсарып тұр. Жаңа технологиялар мен автоматтандыру ғасырында (роботтану мен жасанды интеллект дәуірі туып келе жатқанда деп аспандамай-ақ қоялық), біздер үшін үйреншікті үдерістердің белгілі бір бөлігінде, жаңа мамандар талапқа сай болуы үшін жаңа дағдылар мен қабілет қажет етіледі.
Мельбурн университетінің профессоры, XXI ғасырда халықаралық бағалау мен дәріс беру және талапқа лайықтылық жобасының жетекшісі (ATC21S) Патрик Гриффеннің айтуынша, «XXI ғасырдағы дағды экономикасы» деген терминнің айтқысы келетіні – кез-келген дағдының, емтиханның және білім беру нәтижелерін талдаудың бір ғана бағыты. Бірақ, бұл – қазіргі уақытта көптеген білімді адамдардың назарын аударып отырған ерекше бағыт.
Бұл тұжырымның мәні мынада: индустриялық ғасырда білімділікті анықтаудың түйінді дағдылары – оқу, жазу және арифметика болған. XXI ғасырда болса, акцент сыни ойлау, өзара іс-әрекет пен коммуникацияға қабілеттілік, іске шығармашылықпен қарау болуы тиіс. Кейбір ғалымдар бұл талаптарға қызығушылықты қосады, дегенмен бұл дағдыдан гөрі, сапа, адамның жеке қабілеті дегенге келеді.
Түйіндеп айтқанда, әлем экономикасында дағдының мынадай түрлері бар:
– сыни ойлау: мәселенің шешімін іздеу, талқылау, талдау, ашып көрсету, ақпаратты қорыту;
– зерттеушілік дағдылары мен тәсілдері;
– креативтілік: артистік, қызығушылық, көзге елестету, инновация, өзін таныту;
– белсенділік: табандылық, өз бетінше қызмет, жоспарлау, өзін тәртіпті ұстау, жағдайға бейімделу;
– коммуникация: сапалы ауызша және жазбаша сұхбат дағдысы, ел алдында сөйлеу қабілеті мен байыпты тыңдау;
– әріптестік: лидерлік, командада жұмыс істеу, виртуалды коворкинг;
– медиа-сауаттылық: ақпараттық және коммуникациялық технологияны білу, мәліметтерді қарау мен талдау;
– жауапкершілік: азаматтық, этикалық және әлеуметтік сауаттылық, жеке және әлеуметтік жауапкершілік;
– ғаламдық сана: мультимәдени лайықтылық, гуманизм.
Бұл пікірімізді профессор Амангелді Айталымен салғастырып, мақұлдатқанбыз.

«Рухани жаңғыру» – жастарға арналған дүние»

Қай заманда да, қай елде де, қай ұлтта да жастар осы елдің дайын азаматы болып тумайды. Оларды елдің азаматы етіп тәрбиелеу бұрындары қиын еді, қазір тіптен қиын. Себебі, қазіргі жастар өз елімізді ғана емес, басқа елдерді де оқу үшін, өмір сүру үшін таңдайды. Елден кетіп, өздеріне қолайлы қызметті, өмір сүру үшін қолайлы елді іздейді. Бұл жағдайлардың барлығы да дұрыс. Бірақ, «осы елдің қазығы болатын, осы елдің тұтқасы болатын» жастар өз туған елінде қалады. Сондықтан, осы елдің рухын жалғастырушы, кешеден бүгінге, бүгіннен ертеңге рухани жағынан жібін үзбеуші, ата-баба дәстүрін, мәдениетін жалғастырушы, қазақтың имандылығын жалғастырушы – жастар деп білемін.
Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізде Кеңес өкіметі тұсынан қалыптасып, бүгінде де қалмай келе жатқан науқаншылдық пен ұраншылдықтан аулағырақ қонса дейміз.
«Қоғам деген өте күрделі құбылыс. Жастардың рухани жаңғыруы бір мәселе, ептеп кеңес заманын көрген, ептеп осы заманды көріп қалған орта жастағы жастардың рухани жаңаруы бір мәселе, ал, енді осы жастардың атасы мен әжесі, кеңес заманында тәрбие алған, қырық-елу жыл сол заманның ағымын көрген азаматтардың осы уақытқа бейімделуі мүлдем басқа сұрақ. Сол ата-әжелерімізді тәрбиелеу маңыздырақ, себебі олардың ықпалы орта жастағы жастарға да, жастарға да әсер етеді. Біз рухани жаңғыру мәселесін, рухани тәрбие мәселесін жалпыға бірдей емес, әрбір әлеуметтік топқа, әрбір демографиялық топқа бейімдеп жасауымыз керек қой. Бұл істе оқу орындарында, кітапханаларда, бұқаралық ақпарат құралдарында, біздің кино, театрлар жан-жақты жұмыс жасаған күнде толық бір жасалған дүние болар еді. Қазір адамның жаны үшін, ақыл-парасаты үшін күрес, адамдану заманында үлкен күрес жүріп жатқанда, бұл мәселеге терең өлшеммен қараған дұрыс деген ойдамын».
«Қазір жастарға бір менсінбеушілік те бар. Бірақ біз жастарға осы елдің, биліктің, осы мәдениеттің, осы бар байлықтың иесі, жалғастырушысы ретінде қарауымыз керекпіз. Жастардың алдында да үлкен жауапкершілік тұр. «Мен осы Қазақ елінің иесімін! Елге, оның мәдениетіне, рухани байлығына жауаптымын!» деп сезіну керек. Бұл жауапкершілік құр даурықтан емес, ол өзінің отбасына жауапты болатын, өз мамандығына жауапты болатын ар-намысы бар, ұяты бар адам болу үлкен міндет. Ол міндетті жастардың барлығы бірдей сезінеді деп те айта алмаймын. Барлығы бірдей сезінбейді деп те айта алмаймын. Бұл жауапкершілікті сезіну бірте-бірте келеді. Ал, осы жауапкершілікті жастарға сезіндіру, оларға үміт арттыру, жастар жылында өткізілетін істермен шектелмей, оны шоуға айналдырмасақ, онда жастар қоғамдағы өз орнын табар. Бүгінгі жастармен ойнауға болмайды. Кешегі бала, бүгінгі жас бірте-бірте билікке де келіп жатыр. Бір уақыттан кейін биліктегілерді де ауыстыратын жастардың қатары. Олардың ел алдындағы жауапкершілігі өте зор».

Жапон ұлттық педагогикасы

Алаш көсемдері XX ғасырдың 20-30 жылдары қазақтарды ішкі дүниетанымы жағынан жапондықтар сияқты ұлт болғанын армандағаны үшін жапон шпиондары деп айыптаған. Жапон ұлттық педагогикасында «майго» дейтін бала тәрбиелеудің, әсіресе патриотизмге баулудың әдіс-тәсілі қалыптасқан. Баланың аты бала, қай ұлттың болсын сәбиі, жасөспірім балалары мұғалімдердің, әке-шешелерінің айтқанын мүлтіксіз орындай бермейді. «Майго» деп бес жасқа дейінгі баланы супермаркет болсын, басқа да адамның көп жиналған жерінде әдейі ұмытып, тастап кетуді айтады. «Ұмытылған» балаларды жинайтын полиция пункттерінде арнайы орындар бар, оларды тамақтандырады, ойнатады, ұйықтатады. Әке-шешелері телефон арқылы балаларының полицей учаскесінде екенін біліп, жағдайын сұрап тұрады. Күндер өткен сайын балалар ата-анасын сағына бастайды, күтеді, тіпті мазасызданады, зарығады, шаршатып барып әке-шешелері де келеді. Ата-аналары: «Енді түсінуің керек, сен – бізсіз, туған-туысқандарыңсыз, мектебіңсіз дәрменсіз бейшарасың, өскенде жұмыс істейтін ұжымыңсыз, отаның Жапониясыз әлсіз, қайратсыз боласың. Сондықтан, ата-анаңды сыйлау – туған еліңді сыйлау» деп санасына сіңіре береді. «Жапондықтар кім?» деген сауалға олар: «Жапон ұлты – еншісі бөлінбеген тұтас акционерлік компания» дейді. Басқа халықтар тентек баланы ұрсып, ұрып-соқса, жапондықтар басқа жолмен тәрбиелейді. Олар жұмыс орнын да өмірде бір рет қана таңдап, ауыстырмайды. Егер жапондық қызметші: «Мен әйелімнен немесе күйеуімнен ажырастым» десе, оған ешкім таңғалмайды. Ал, егер: «Мен мына жұмыстан кетемін» десе, оған сатқын ретінде қарайды. Өмір бойы бір жерде жұмыс істеу, бар білімі мен тәжірибесін, күш-қайратын сол компанияға жұмсау жеке адамға да, компанияға да тиімді. Жеке адам мемлекеттен де, компаниядан да зейнетақы алады. Ал, компания жұмыс істеушілердің тұрақтылығынан көп пайда табады, қызметкерлерді жұмысқа үйретуге қаржы көп жұмсайды, себебі жаңа қызметкерлерді қабылдамайды, тұрақты, тәжірибелі мамандар еңбек өнімділігін арттырады.

«Қазақтардың мемлекетқұраушы ұлт ретінде дамуы аса маңызды»

«Бүгін қазақтар барлық мемле-кетқұраушы ұлт талаптарына саяси және этникалық жағынан сай: өзінің байырғы жерінде, сан жағынан елде басым және барлық диаспоралардың құқын қорғап отыр. Қазақтардың мемлекетқұраушы ұлт мәртебесі Қазақстан халқы бірлігіне көлеңке түсірмейді, керісінше, оның елді біріктіруші қызметін айқындайды. Атап айтқанда, мемлекетқұраушы ұлт елдегі өмір сүретін барлық этникалық қауымдастықтардың тең құқықтығына жауапты, сондай-ақ қазақтар да олардың қолдауына мүдделі. Мемлекетқұраушы ұлт ретінде қазақтар Казақстанда қоныстанған диаспоралардың басын қосатын ұйытқы.
«Қазақстан – көпұлтты мемлекет» деп жиі қайталай берудің астарында қазақты Қазақстандағы көп этностың бірі ретінде қабылдау ойы жатыр және  ол пікір көп тараған. Азамат ретінде барлық этнос өкілдерінің құқы бір. Бірақ,  тарихта ұлтсыз мемлекет болмаған. Қазақстанның тұрақты дамуы үшін диаспоралардың мүддесін ескеру қандай қажет болса, қазақтардың мемлекетқұраушы ұлт ретінде дамуы сондай, тіпті одан да маңызды.
Бүгін Қазақстанда диаспоралардың саяси сана-сезімі өсуде. Этномәдени талаптарын қанағаттандырумен қатар, диаспоралар заң шығару органда ғана емес, атқарушы билікте де өкілеттілігінің болғанын қалайды. Бұл мәселелер құқықтық, және өзара тілектестік негізінде шешілуі тиіс.
Диаспоралардың мүдделерін билік институттары да, азаматтық қоғам да қорғауға тиісті. Бұл этноұлттық мүдделерді ескеру және жүзеге асыру жүйесін қалыптастыруды талап етеді».

Қазақ болудың амалы, жолдары қандай? 

Біздің елдегі көп авторлар (әсіресе әлеуметтік желіде пікір айтушылар) сөздерін күйзелуден, күңіренуден бастап, ешбір ұсыныс айтпастан сонымен аяқтайды.
Айталы ешбір мақаласында олай етпейді. Олай ете алмайды. Өйткені ол – ғалым, энциклопедиялық білім иесі және өмірге ешқашан бейтарап көзбен қарай алмайды.
Автор қазақ болудың амалын, жолдарын іздестіріп, оның мынадай тәсілдерін ұсынады:
«Біріншіден, атамекенде өмір сүру.
Екіншіден, қазақ болу қай тілде білім алуына байланысты.
Үшінші жағдайда, отбасы және неке мәселесі алға шығады: ол отбасында тілдік қарым-қатынас.
Төртіншіден, қазақ болуға дәстүрлі дін қуат береді.
Бесіншіден, ұлттың тарихын, өткенін білген халық болашақтың да иесі болады, ал, білмеген ел тегін білмейтін жетім баладай. Қазақ оларды мәңгүрттер дейді.
Алтыншыдан, кіші отан, ауыл-аймақ, жерлестік, туыстық қарым-қатынастардың қазақ мінезіне әсері мол. Қазақ жеті атаға дейін қыз алмасуды қолдамайды. Торқалы той мен топырақты өлімде ағайын-туыстар қолұшын береді. Ал, кейде рулық бөлік ашық рушылдыққа, жерлестік жершілдікке ұласып жатады.
Жетіншіден – қазақтың қазақ болуына сыртқы әлем, басқа ұлттармен қарым-қатынас әсер етіп, біз «қазақтар» және «олар», «басқалар», «бөтендер» деген психология қалыптасып, салыстыру, бәсекелестік ой туады.
Сегізіншіден, урбанизация үрдісі ауыл қазақтарын қалаға қоныс аударды. XX ғасыр басында қазақтардың 3 пайызы ғана шағын қалашықтарда тұрса, бүгін қазақтардың 60%-ға жуығы қалада тұрады.
Тоғызыншыдан, жаһандану үрдісі де ұлттарды бір стандартқа бейімдеп, ұлт ішіне жік салуда. «Жаңа қазақтар» пайда болды. «Космополиттік мемлекет», «Космополиттік ұлт», «Ғалам адамы» деп мақтанатындар қазақ арасында көбеюде».
Бүгін қазақ болудан қалып барамыз дейтін пессимистік ойлар да жиі айтылады.
Дегенмен ұлттық азғындаудың әртүрлі көріністерін мойындай отыра, бүгін ұлттық рух, патриотизм қазақ халқының бойында бар, бірақ реңі, түрі, ерекшеліктері әртүрлі деген реалистік ой-пікір басым.
Бүгінде заман өте күрделі. Әсіресе елдің бірлігі, тұтастығы ойландырады. Елдік сана, бауырмалдық сезім бір-бірімізді қолдауға, қорғауға жетелейді.
XX  ғасыр басында ресейлік әлеумет-танушы П.Сорокин «әрбір қоғамның тағдыры оның адамдарының сапасына байланысты… Ақымақтар мен қабілетсіздерден тұратын қоғам ешуақытта табысқа жетпейді. Олардың қолына керемет конституция, бағдарлама берсең де, тамаша қоғам жасай алмайды. Керісінше, жігерлі, білімді адамдардан тұратын қоғам жетістікке жеткізеді» деді. Сондықтан, қазір қоғамның адамдық материалының сапасы қандай болса, болашағы да сондай болады».
Расында, Амангелді Айталы қай мәселе болсын, мәселеге дайындықпен, өз пікірімен және ұсынысымен келеді: «Біреулер үшін ұлт қасиетті, киелі болса, екіншілер үшін ұлттың тарихы, өткен асулары – құндылық, үшіншілер үшін ұлт патриотизмнің қайнар бұлағы, ұлттық ар-намыс еңбек етуге, күреске қуат қажыр-қайрат береді. Бұл – әр халыққа тән ұлттық патриотизм.
…Адамдарға өз халқының өзге де жоқ қасиеттерін жинап-теріп, оның артықшылығын психологиялық, идеологиялық тұрғыдан сендіру қиын емес. Осылай өз ұлтына өзге де жоқ қасиеттер таңылады. Абай айтқандай, «ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп…» ойлау қазақтарға да тән. Мұндай өзімшіл психологияны этноцентристік психология деп атайды» деп өз халқының кей мінін ашып айтады.
Еврейлерге тән ұлттың өзін-өзі сынау мәдениеті қазақтар арасында бүгін тіпті көрінбеуге айналды. Өзімізді мадақтауға әбден үйірсектеп алдық. Өз ұлтын өткір сынау оны тазартудың жолы, себебі, өзіңнің кемшілігіңді өзің ғана білесің. Өз ұлтыңды басқаға сынатпай өзің сынау – өз намысыңды өзің қорғай алатындығың, өмірге төзімділігіңді байқатады. Сонымен бірге, ол психологиялық жағынан ұлтты сақтаудың амалы.
«Өзін әсіре, артық бағалау қазақтарда әртүрлі көрініс алып отыр. Басқа халықтардың тілінен, мәдениетінен, дәстүрлерінен мәлімет аз болғандықтан ба, бірқатар қазақтар өз тілін, мәдениетін жоғары қоюға әуес. Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде ең таза, ең бай тіл деуімізге басқа түркі тілді халықтар қосыла қояр ма екен? Қазақтарға басқа халықтардың салты шамалы, қызықсыздау, өзінің құндылықтары өзінен артық, ғажайып көрінеді».
Қоғамдағы рухани ортаның халі қалай?
Біздің ақын-жазушылардың әдеби ортаға, рухани аралас-құраластыққа зәрулігін байқаймын. Бұл енді кімнің кемшілігінен туған зәрулік: ақша мен оны дөңгелентіп отырған шенеуніктерден бе, сөйтіп зиялы қауымды ұмыт қалдырғандай болған биліктің әрекеті ме деп ойлайсың.
Қазақстанда 700-ден астам Жазушылар одағының мүшелері бар. Жазушылардың әрбірі өздерін ұстын санайды және бір байқағаным, бір-бірінің шығармаларын оқымай-ақ пікір айта береді. Қызмет барлары сол қызметімен әуре, басқасы күнкөріс қамымен. Содан ба, бастары жиі-жиі қосыла бермейді. Шығармаларды талдау, әділ баға беру жоқ. Қолы жетіп, жыл сайын Елбасы қабылдауына ілінгендерден елдіктің, бірліктің, ортақ мәміленің сөзін күткенмен, бұдан кейінгі тізімде боламын ба, болмаймын ба деп, пәтер сұрайды, орден сұрайды, баласына, немерелеріне жіліктің майлы басын сұрайды, жарамсақтанып, бейшаралығын көрсетіп, сырын алдырады.
Осындай жағдайда қоғамда қордаланып қалған той өткізу, отбасылық рәсімдердің жағдайы, қыз бен келіннің тәрбиесі бетімен кетіп баратынын да атап кеткеніміз жөн. Көршілес елдер (Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан) бұл мәселеде шектейтін, тыйым салатын шешімдер қабылдап тастаған. Ресейдің үрдісімен кетіп бара жатқан біз ғана.
Конфуцийден «басқарудың мәнісі неде?» деп сұрағанда: «Патша – патша, құл – құл, әке – әке, ұл – ұл бола білсе, басқарудың мәні осы»,- деп жауап беріпті. Əжелер əже, аталар ата болып, алдымызда үлгі-өнеге болса дегені шығар. Айталы мақалаларында айтып жүрген Қымбатымыз – ұлттық құндылықтарымыз арзандап, арзан нəрсе қымбаттаған заман болғаны осы шығар. Саналы ұрпақ үшін саналы дүние жасауға, өз ісімізбен, əрекетімізбен өнеге болуға тиіспіз.
Қоғамымыз да айнаға қарағандай өзінің тұрмыс-тіршілігіне сырттан қарап, артық-кем жерін түзеп отырғаны жөн шығар. Осылай ету үшін, мәдениет те, ғылым да халықпен бір болып, олардың мүддесін ойлауы тиіс. Гуманитарлық ғылым мен халық арасындағы байланыс алға шықса…
Адамды кітап арқылы тәрбиелеу ісінде, жақында өткен Азия халықтарының форумында айтылған сөздерден де қорытынды шығаралық.

Құндылықтар дегеніміз – ұлтты ұлт ететін қасиеттер

Амангелді Айталының әлемдік жаһандану кезінде қазақты ұлт ретінде сақтап қалатын бірнеше факторға тоқталған өзекті пікірі бар. «Біріншіден, қазақтың тілі, екіншіден, қазақтың мұсылмандығы мен дәстүрі, қазақтың мол рухани байлығы. Сол рухани байлықты, құндылықты қазақтың бойына дарыту керек. Бірақ ұлттық құндылықтарымызды құрметтейміз деп ескінің бәрін насихаттай берудің қажеті жоқ. Біздің кәдемізге жарайтынын аламыз. Ұлттық құндылықты насихаттаймыз деп әлемдік өркениет құндылықтарынан бас тартпаймыз. Екіжақты да белгілі бір баланста ұстап, еліміздің мәдениетін, рухани бағытын ұстай білуіміз керек деп ойлаймын».

Адами капитал деген не?

Әдетте, капитал десе біздің ойымызға қаржы, байлық, ақша, құн, мұнай, газ, алтын мағынасында түсінік келеді. Ал, бүгінгі күні адам капиталы дегеніміз адамның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, даналығы, іскерлігі, бүгінгі бәсекелестік замандағы оның адамдық, кәсіби құндылығы. Осыған байланысты білім, енді, экономикалық категорияға айналды, ақшалы адам емес, білімді адамның мәртебесі жоғары болады. «Білім экономикасы», «Парасатты экономика», «Ақылды экономика», деген тіркестер пайда болды. «Адами капитал» деп тек білімді, парасатты, ешкімге тәуелді емес, өзіне жетерлік дәулеті бар адамды айтамыз. Бұл ерекше капитал, ол адамнан бөліне алмайды, алып-сатуға келмейді, көзге көрінбейтін капитал, оның ықпалы, игілігі бірден көрінбейді де.

Діндардық және имандылық

Ғалымдар «зейнеткерлік діндарлық» деген топты әдейі бөліп айтады.  Ересек жаста басына үрей, жалғыздық, ренжу, қайғы түскен адам жұбаныш пен үмітті, көңіл тыныштығын құдайға сенуден табады. Адамның қартаюы терең де күрделі кезең, сонымен бірге, ол табиғи жағдай. Кәрілік пен жалғыздық, мүгедектік, әлеуметтік мәртебесінің төмендеуімен сый-құрметтің азаюы, дәрменсіздік пен қатарларының сиреуі, өлімнің жақындауы адамның жан -дүниесіне үлкен әсер етіп, діндарлыққа икемдейді, өкіну сезімін де тудырады.
Бізде жасанды діндарлық да кеңінен тараған: «Жасанды діндарлық көріністері де баршылық. Ысырапшылдық, әртүрлі киім киіп, сырт бейнесімен мұсылман болып көріну (сақал, орамал, қысқа шалбар), бөлектену, өзін зор мұсылман, басқаларды кем санап өркөкіректік таныту, уақытша неке, көп әйел алу сияқты жат қылықтар мұсылман боламын деген еліктеуден туған. Жасанды діндарлықтың қауіпті түрі – діни өшпенділікті, алауыздықты, зорлық-зомбылықты қоздыратын көзқарас. Ол адамдардың өміріне, денсаулығына, таза дін жолын ұстануына, жеке бостандығына қауіп төндіреді» – дей келе: «Мешітке бару шынайы діндарлықтың белгісі бола алмайды. Халықтың діндарлығы статистикалық деректермен де, діндегілердің санымен де, мешіт пен шіркеулердің көбеюімен де өлшенбейді» дейді ғалым ағамыз.
…Біз, адамдар, әлі де Алланы да, адамды да сүюді білмейміз. Жаныңа қауіп төнгенде Алланы да, ананы да аузыңа аласың, кейін аман қалған соң ұмыта бастайсың. Ата-ананы сүюмен бірге сен өзіңді сүйесің, ұлтына, дініне қарамай басқа да аналарды сыйлайсың, адамгершіліктің биігіне көтерілесің. Бірақ оны эгоистік, өзімшіл есептер мен шатастырмау керек. Ананы сүю басқа да адамгершілік қасиеттерге жетелейді. Өзгені өзіңдей сыйла.
«Қазақ елі, мемлекеті үшін бір жағынан ғылым мен технологиядан қалып қоймау керек әрі ұлттық ерекшеліктерімізді, төл мәдениетіміз, тіліміз, имандылығымызды сақтап қалуымыз керек. Біз діннен қашпауымыз керек. Керісінше, діннің қуатын, рухани астарын терең түсініп, меңгеруіміз қажет».

Дінді қорғау – ұлтты қорғау. Намаз оқитын жастарды қудалауды тоқтату керек

«2010 жылдан бері Жұбанов атындағы университетте саясаттану мен әлеуметтану пәндерімен қатар, дінтану сабағын оқимын. Бұл пән – жаңа пән. Біздің еліміз үшін діннің құбылысып кеткен, тіпті жастар түгілі үлкендердің қолы үзіліп кеткен дінімізге оралып жатқан уақытта осы пәнді қалай оқу керек деген ойлар маған қайта-қайта келген еді. Ойлана келіп, «Дін және діндарлық» деген бір оқулық жаздым. Сол оқулық біздің университеттің шешімімен арнаулы курсқа айналды. Әзірше ол экспериментальді, пилоттық курс деп айтуға болады. Себебі басқа оқу орындарында ондай курстар жоқ. Курстың негізгі мақсаты танымдық және тәрбиелік. Танымдық жағы, ол діннің тарихи мәселелерін жеткізу, ал, тәрбие жағы, дін деген тұнып тұрған тәрбие.
«Бізде мешітке баратын жастарды жұмысқа қабылдамай, алалау бар. Экстремизмге жақын деп отбасы мүшелеріне күдікпен қарау бар. Дін төңірегіндегі жағдай оңды болмай отыр. Атеистік қоғамда дін жағдайы өте күрделі. Біздің елімізде жасанды діншіл болып көріну бар. Ысырапшылдық, киім, көп әйел алу, өркөкіректік, дінге деген салқындық әлі бар. Мемлекеттік қызметшілер мен мұғалімдер намаз оқитын жастарға күдікпен қарайды.
Теріс ағыммен жаппай күресті бастаған мемқызметкерлер «дікеңдеуден» әрі аспай жатыр. Біздің әкімдіктегі қызметкерлердің діни сауаты төмен. Бұлар «дікеңдеуді» біледі, бақылауды біледі. Бірақ, мәдениеті жоқ. Оларда елдің арасындағы ризашылық кемде кем. Мектептің директорын әкімшілікке шақырып «Сенің балаң неге мешітке барады» деп жағадан алады. Осындайдан кейін буыны қатпаған жастар неге теріс ағымға түспесін, түседі! Сондықтан, менде бір ұсыныс бар. Ол тек менің ұсынысым емес. Басқару органдарында, әкімшілік,  құқық қорғау органы болсын дін тұрғысынан сауатты болуы керек. Мешітке барып «құрметті имам» деп құрмет көрсету жоқ. Біз кейде адамдарды осы мінезімізбен ушықтырып алмаймыз ба деп қорқамын. Теріс ағымға мылтықпен,  полициямен күрес жүргізе алмаймыз. Идеяны идеямен жеңу керек. Азаматтық қоғам күшімен күресеміз. Ағымдарға қазақ дәстүрін насихаттаумен жеңеміз».
Дінді қорғау – ұлтты қорғау. Дінге сенімсіздік туғызу – ұлт болашағына сенімсіздік туғызу.  Оның бізге керегі жоқ.

Диаспоралардың саяси сана-сезімі

Қазақ мәселесін жиі көтеріп, әсіресе басқа ұлт өкілдеріне қазақтың отарлауға, қуғын-сүргінге ұшырағандығын, азапты көп шеккендігін, кемсітушілікке ұшырағандығын, бүгін соның орнын толтыруға тырысатынын түсіндіргеніміз дұрыс. Диаспоралардың ұлттық тағдыры тарихи Отандарында шешіліп жатқандығы белгілі. Қазақтардың біразы әлі де көмір, тезек жағып күн көріп отырғанын да диаспора өкілдері білуі жөн. Сонымен бірге еліміздегі диаспоралардың іс-әрекетінен, ниетінен ақпарат аз. Егер рухымыз биік болсын десек, бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық намысы мықты қазақ мамандарының ықпалында болуы керек. Бұл әлемдік тәжірибеден туып отыр.
Еліміздегі диаспоралардың мәдениетін қолдай отырып, қазақ тарихын, тілін білуге, ортамызға сіңіруге әрекет жасай беруіміз керек. Оларды билікке тартып, қазақ елінің мүддесін қорғауға икемдеу, елдің тыныштығын бұзатын астамшылдық танытатындарға қарсы қойып отыруымыз тиімді. Ал, ұлттық нигилистермен өзіміз күресейік. Бұл да әлемдік заңдылық.
Бүгін Қазақстанда диаспоралардың саяси сана-сезімі өсуде. Этномәдени талаптарын қанағаттандырумен қатар, диаспоралар заң шығару органда ғана емес, атқарушы билікте де өкілеттілігінің болғанын қалайды. Бұл мәселелер құқықтық және өзара тілектестік негізінде шешілуі тиіс.
Шетелдің бір теңге тұратын тауарын сатып алғанда еліңе бір теңге зиян келеді…
«Ұлттану» кітабында автор неміс-герман патриотизмінің өсиеттерін келтіреді. Бұл өсиеттен бізге де үлгі алуға, үйренуге болады.
Немістердің атадан балаға айтылатын, Германияның өркендеуіне себеп болған ұлтшылдыққа толы мына 10 ауыз өсиет сөздерін қазағымызға да керек екен деп ұсынамыз:
«1.Тіпті ұсақ-түйек шығын шығарғанда да Отанның және ел азаматтарының мүдделерімен есептес.
2. Шетелдің бір теңгеге тұратын тауарын сатып алғанда өз еліңе бір теңге зиян келтіретініңді ұмытпа.
3. Сенің ақшаң тек неміс саудагерлері мен жұмысшыларына пайда әкелуі керек.
4. Шетелден келген машина мен құрал-саймандарды қолданып, неміс жерін, неміс шаңырағын, неміс шеберханасын қорлама.
5. Дастарқаныңа шетелдің етін, майын, т.б. қойма, себебі ол неміс ет өндірісі мен мал шаруашылығына зиян келтіреді.
6. Әр уақытта неміс қағазына неміс сиясын малып, неміс қаламымен жаз да, неміс сорғышымен сорғыз.
7. Неміс игілігіне тек немістің ұны, немістің жемісі, немістің еті жарайды.
8. Тек қана неміс матасынан тігілген сырт киім мен неміс қолынан шыққан бас киімдерді ки.
9. Егер сен неміс кофесін ішкің келмесе, Германияның отар елдерінен әкелінген кофені іш.
Балаларың мен әйеліңе де отар елдің какаосын ішіп, шоколадын жеуге әмір ет.
10. Еш уақытта шетелдің тауарына қызықпа және есіңде сақта: «Германия азаматының керегін тек Германия шығара алады».
«Ұлттану» кітабы менің танымдық кітаптарымның ішіндегі екі қолдың саусағындай азғана кітаптардың бірі. Бұл зерттеуде ұлттық қасиеттер мен құндылықтар, ұлттық мемлекет, мәдениет, идеология, дін, тәрбие секілді өзекті мәселелер ұлттану теориясы негізінде зерделенген.

«Құлдардың мақтағаны ештеңені де білдірмейді»

«Abai.kz» сайтында жариялаған «Құлдардың мақтағаны ештеңені де білдірмейді» деген сөзінде Амангелді Айталы: «Ел билеушілерін мақтауға да, сынауға да негіз жетіп артылады. Қазақстан Республикасы Парламентінің Тәуелсіздіктің 25-жылына байланысты Декларациясын бірлескен отырыста қабылдағанын көргенде, XIV ғ. француз философы Клод Гельвецийдің көреген сөздері есіме түсті: «Өз билеушілерін бетіне басып сынауға хұқы жоқ халықтардың, мақтауға да құқы жоқ. Құлдардың мақтауы ештеңені де білдірмейді» дейді Амангелді аға.
Мақтау психологиялық шегінен шық-қанда мадақтаған тұлғаға да жағымсыз пікір тудырады, «мақтатып отыр» дегендей ой қалдырады, айналып келгенде беделіне де көлеңке түсіреді. Осыдан табынусыз мәдениет болмайды, ал, мәдениетсіз табыну қауіп деген сөз шыққан.
Қазіргі жастар ақпараттық заманның жастары, өзімізді өзгемен салыстырып бағалайды, арзан сөзге алданбайды.
Тарихи тұлғаның беделін бағалау мен оған табынудың арасын айыра білу саяси мәдениеті бізге жетпей жатыр».
Гитлер: Үздіксіз даңғаза музыкамен бұл елдің рухын әлсірету керек.
1941-1945 жылғы неміс фашистерімен соғысқа бүгінгі күннің өлшемімен қарап, ол немістер мен орыс-славяндардың соғысы, жеңісі де біздің жеңісіміз емес деушілер бар. Ал, неміс фашистері Кеңес елін жаулап алса, тағдырымыз не болар еді? 1942 жылдың көкек айының он бірінші жұлдызындағы кешкі әңгімесінде Гитлер Кеңес елін бағындырғаннан кейін қалай басқаратыны туралы ойларын жаздырған. Оның кейбір үзінділерін ғана келтірейік: «властвуя над покоренными народами на восточных землях… сделать все, чтобы эти народы находились на как можно низком уровне культурного развития»; «Если русские, украинцы, киргизы и др. научатся читать и писать, нам это только повредит»; «Гораздо лучше установить в каждой деревне репродуктор и таким образом развлекать их… только чтобы никому в голову не взбрело рассказывать покоренным народам об их истории: музыка, музыка, ничего кроме музыки».
Амангелді Айталы айтқан сөздер:
«Мектептегі мұғалімдердің 40 пайызы күйеуімен ажырасқан. Әкесіз өсіп келе жатқан балаларды күйеуімен сыйыспаған мұғалімдер тəрбиелеп жатыр».
«Біз тұтынушы қоғам құрдық. Дүниеқор, ақша алдына шыққан, рухани құндылықтардан кейін қалған қоғам. Социалистік қоғамда не нəрсеге де зəру болдық. Біздің анаған, мынаған қолымыз жетпеді. Мына заман келді. Бəріне қолымыз жетті. Тəрбие мен рухани құндылық кейінге қалды».
«Дүниеқор заманда адам капиталы ұмыт қалды».
«Бүгін өте қиын заман. Ұрпақ алмасады. Біз 40 жасқа дейінгі жастардың пікірін көп білмейміз. Тəуелсіздік алған кезде 13-14 жаста болған жастар бөлектеу. Олармен жұмыс жасау күрделі. Баяғы стандарт келмейді».
«Ауылда бүгін 421 мың адамның ресми деректер бойынша тұрмысы ең төменгі топқа жатады. Номенклатура мен қара халық, байлар мен кедейлер арасындағы жік тіл мәселесінде де көрініп тұр».
«Ресей қазақты бағындырып, көндіріп қана қойған жоқ, жартылай жұтып та алды, орыстандырды, дінсіздендірді, тарихи жадынан айыра бастады, қазақты жалтақ, көнгіш, айдауына жүретін, айтқанын істетіп халыққа айналдыруға тырысты.  Оның зардабын бүгін де шегіп отырмыз».
«Тәуелсіздік алғаннан кейін жиырма жылдай уақыт өтті, енді ұлт мәселелерін жаңа ой елегінен өткізудің қажеттілігі туды. Қоғамдық санада, БАҚ-та және ғылыми жиындарда бұл мәселелер жиі көрініс алды. Ел іші тыныш болғанмен, ұлтаралық қатынастарда ашық та, ашылып айтылмайтын, ішке түйіп сыртқа шықпай  жүрген мәселелер де баршылық».
«Тарихымызды білу – парыз. Тарихын білмеген халық тастанды бала сияқты тегін білмейді. Бүгін тарихымызды саралағанда құрбандық психологиясын дәріптеу әдетке айналып барады: жоңғар шапқыншылығы, патшалық Ресейдің отарлауы, большевиктердің қуғын-сүргіні. Әрине, біздің жоғалтқанымыз көп. Бірақ тарих өлшемімен алғанда ол шығындар уақытша болды, біз өз бетімізбен аяғымызға тұрдық, қиындықтарды жеңдік, жасымадық, тәуелсіз ел болдық».
«Қазақ мемлекет құраушы, сан жағынан да енді басым ұлт болғанымен, әлі де отарланған ұлттарға тән психологиядан арылған жоқ. Қазақтардың ұстанымы қайшылықты да күрделі. Басынан өткен ауыр қайғы-қасірет, зорлық-зомбылық қазақты сақтыққа, сергектік ойға, күдіктенуге үйретті. «Қазақстандық ұлт», «ұлтсыз төлқұжат», «үштұғырлы тіл» деген бастамаларға секем алып қарайтындығы сондықтан. Бұл заңды сақтық. Сол себепті ұлт мәселесінде байқап, абайлап қадам жасауға тура келеді, кейде шегініс те керек. Сөйте тұра қазақ еліккіш, әуесшіл де. Тәуелсіздік алып ірі державалармен араласқан тұста соларға еліктеп, ұлттық құндылықтарымыздан алшақтай бастаған тұстарымыз да бар. Өздерімізді өздеріміз кемсітіп, «өркениетті елдер сияқты» боламыз деп, бұрынғы отарлаушыларға еліктеп, бірте-бірте солардың рухани үстемдігінің астында, билігінің жетегінде кететінін білмей қалған африкандық мемлекеттер баршылық. Мәдениет, дәстүр, дін, басқа да салаларда еліктеу, тыраштану, біз де қатарға қосылған ұлтпыз деген жасанды психология туғызады. Бұл, әсіресе жастарды адастырады, өркениетті ел болдық деп жұбатады. Сөз жоқ, Біріккен Ұлттар Ұйымының, оның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болдық, ЕҚЫҰ-ына төраға болдық, ЭКСПО өткізіп жатырмыз, одан артық не керек деп мақтануға негіз бар. Шүкір, абыройымыз асып келеді, бірақ сол мақтаныш дарақылыққа ұласып кетпесе игі».
…Заман қатыгез, жалпақшешейлікті көтермейді. «Артық байлық не керек, ден сау болса болғаны…» деп әндету, ысырапшылдық нарық заманына үйлеспейді. Байлық, қаржы-денсаулықтың көзі, ақшалы адам сүйген асын ішеді, қалаған жерінде демалады, таңдаған жеріне барып емделеді. Сондай-ақ, денсаулықтың өзі де – байлық, дені сау адам ғана табыс табады, несиесін төлейді. «Бай болып, ауру болғанша, деніміз сау, кедей болғанымыз жақсы» дегенді де қолдауға болмайды. Дәулетті және деніміз сау ұлт болуымыз керек!
Жеңіс әр уақытта бізге бірден қолға тие бермеген, үнемі күте білу, төзімділік таныту бізге тән. Біз бірден үлкен олжаға жете алмаймыз, ақырын басып, алға ұмтылып келеміз, әрбір ілгері қадам – ол да жеңіс. Бүгінгі геосаяси жағдайда қазаққа дөрекілік, қызбалық жараспайды, керісінше, бізге икемділік, сабырлылық тиімді. Ұсақ-түйекке бола шамдану дұрыс болмайды. Прагматизм деген осы болса керек».
«Тұрмыс жақсарған сайын қазақтар арасында тоғышарлық психология, ұлттық селқостық, немкеттілік белең алды, сонымен бірге кейбір орыс ағайындардың арасында да кеңес заманынан қанға сіңген ұлттық амбиция, менмендік те көріне бастады. Оларға қазақ мәселесі уақытша науқандық мәселе болып көрінеді. Ұлтаралық қатынастардың қазақстандық моделін, үлгісін таптық деп, мәселені үзілді-кесілді шешілгендей ойлаймыз. Осы жағдайда екінші үрдіс – қорғаныш үрдісі де күшейді, патриоттық, ұлттық топтар арасында нигилизмге, шовинизмге, тоғышарлыққа қарсылық туды, ұлттық энергия шоғырланып, күш жинады. Ұлт өмірінде физиканың энергияның сақталу заңы осылай көрініс алатын сияқты. Мемлекеттік тілге басымдық беру, жер мәселесі, қазақ ұлттық мемлекеттігі туралы ойлар бойымыздағы ұлттық энергияға қуат берді. Тәуелсіздіктен артық киелі, қасиетті мереке жоқ деумен бірге, христиан жаңа жылының зорлап таңылғанын түсіну де ұлттық энергияның сақталу заңының көрінісі».

Түйін

Амангелді Айталының мақалалар мен телеарналардағы сұхбаттарында біз сөз еткен, өз сөздерінен дәйексөздер келтіргеннен басқа да мәселелер кеңінен қамтылған. Жаһандану, әлемдік үкімет құру идеясы, трансұлттық корпорациялар ниеті, инновациялық экономика, цифрлы технология, космополитизм, тоталитаризм дәріптеген психология, урбанизация, қандастарға арналған саясат, диаспора мәселесі, прагматизм сынды ондаған мәселелерге де зерделеу мен талдау жасалған.
Философ деп кімді айтамыз? Бұл ұғым оқытушы мен ғалым, әдебиеттанушы мен жазушы секілді іргелес ұғым. Біздің кейіпкеріміздің философиялық көзқарасын да, ұстаздық қабілет-қарымын да сіздерге таныстырдық құрметті оқырман. Амангелді Айталы, алдымен – ұстаз! Екінші қазақ философиясында өзіндік ізі бар, жаңашыл ғалым. Бір сұхбатта өзінің жетістіктерін кәдімгі іс санағанымен, біздің пікірімізше ол – әрі дәріс беруші табанды ұстаз, әрі ғылыми-көпшілік мақалаларымен, газет-журналдарға, телеарналарға, әлеуметтік желілерге берген сұхбаттарымен ағартушы қызметін атқарып жүрген ғалым.
Философ-ұстаздың сөздерін көп келтіріп кеттім. Бұны мін санайтындар бар. Бірақ қай салада болсын, сөйлеп кеткенде, сөзін бөле алмай, тамсанып отырып қалатын, сондықтан да, тұтас мойындайтын екі адамым бар. Олар – Кекілбаев пен Айталы. Олардың пікірлеріне сөз қыстыруды лайықсыз санаймын. Бұл екеуі шығармашылықта ғана емес, өмірде де өнеге. Соның үшін, екі қолымның саусағына жетер-жетпес озық екі арысқа бірінші-екінші орындарды лайық санаймын, ерекше құрметтейтіндердің қатарындамын.
«Орманда ағаш болу оңай, шөлде ағаш болып көріңізші! Шөлде өскен ағаш табиғаттың, ортаның кері əсерінің бəрін жеңіп, тамырын тереңге жіберіп, тіршілігін жалғастырып, ағаш жоқ жерде ағаштың не екенін көрсете білетін нағыз ағаш емес пе!» дейді Мұртаза Жүнісұлы. Біздің кейіпкеріміз – бір кезде құрсау атты «шөлге» ұшыраған елдің нағыз ағашы!
Шынына келгенде, 60 жылдық еңбек жолында мектеп пен жоғарғы оқу орнында оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор бола жүріп, философия мамандығынан кандидаттық және докторлық диссертация қорғап, арасында облысы әкімінің орынбасары және 8 жыл Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты болған мерзімде өзінің басты міндеті санаған оқытушылық қызметін ешқашан тастамаған нағыз ұстаз, арабшалап айтқанда мүдәріс ағамыз бар.
Ағаны 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз және мерейтой иесіне ел игілігі, бір мақсат, бір мүдде жолындағы күресінде алдағы кездері де толағай табыстарға жетуін, отбасының аман болып, ұрпақ қызығын молынан көруді жазсын деп тілейміз!
Біз бүгінде ұлт ұстаздарының біріне айналған ғалым ағамызға денсаулық, бақыт және отбасы қызығын тілейміз.

Мырзагелді КЕМЕЛ,
экономика ғылымдарының докторы,
профессор

http://akikat.kazgazeta.kz/?p=10586