Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Елші университет басшылығымен кездесті

Елші университет басшылығымен кездесті

Күні кеше Корей Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ким Дэсик бастаған делегация Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің басшылығымен кездесті.

Екіжақты кездесу барысында университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков оқу ордасының даму тарихы және жетістіктері туралы айтып берді.

– Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті университеті – 85 жылдық тарихы бар Батыс Қазақстандағы ең ірі жоғары оқу орны. Университетте 15 мыңға жуық білім алушы 72 бакалавриат, 40 магистратура, 6 докторантура мамандықтары бойынша білім алуда. Оқу ордамыз 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан университеттерінің ұлттық рейтингісінде 4 орынды иеленді. QS әлемдік университеттер рейтингіне ену бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Университеттің халықаралық қызметі әлемдік білім беру кеңестігінде өзара серіктестікті дамыту, бірлескен білім-ғылым жобаларын кеңейтуге бағытталған, – деді ректор.

Осы ретте айта кетейік, Америка, Еуропа, Азия және ТМД елдерінің 125-тен астам университеттері мен білім беру ұйымдары Жұбанов университетінің шет елдердегі серіктері болып табылады. Стратегиялық серіктестіктермен ынтымақтастықтың негізігі бағыттарының бірі – академиялық ұтқырлық, қосдипломды білім берудің бірлескен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, сондай-ақ шетелдік ғалымдарды оқу процесіне тарту.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде 2017 жылдан бастап Корей тілі орталығы қызмет жасауда. 2018 жылы Пусан қаласындағы Тоңмен университеті өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту туралы Меморандумға қол қойып, бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ, университет студенттері жыл сайын Тоңмен университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алады. 2019 жылғы екі жақты келісім аясында Тоңмен университетінің профессорлары ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологиялар, металлургия саласы бойынша оқитын студенттер мен магистранттарға дәрістер оқып, оқу-өндірістік мазмұндағы семинарлар өткізді.

Бүгінгі жиында тараптар алмасу, білім және ғылым саласындағы қазақстан-корей ынтымақтастығының даму келешегі талқыланды. Өз кезегінде елшісі Ким Дэсик Қазақстан мен Корея арасында дипломатиялық ынтымақтастық орнаған 25 жылдың ішінде өзара байланыс тетігі нығайып келе жатқанын жеткізді.

– Корей Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып тағайындалғаныма екі жылдан асты. Бүгінде Қазақстан мен Корея – стратегиялық әріптестерге айналған қос мемлекет деп білемін. Қазақстан – Орталық Азия елдері ішінде аса үлкен қарқынмен дамып келе жатқан ел. Олар бұл серіктестікті одан әрі терең дамытып келеді. Екі ел арасында барлық бағыттар бойынша достық және серіктестік қатынас қалыптасты. Қазақстандағы корей диаспорасы да екі ел арасындағы әріптестіктің жандануына серпін берді, әлі де ықпал етіп келеді. Жалпы, маған қазақ мәдениеті ұнайды. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан және Корея арасында өте көп ұқсастықтар бар, қазақ пен корей мәдениеті қатты ұқсайды, – деді елші.

Университет басшылығымен кездесу соңында Ким Дэсик екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі өркендету тұрғысынан бүгінгі сапардың мәні зор екенін айтып, әрі қарай ғылым және білім беру байланыстарын дамытуға өз үлесін қосуға дайын екендігін жеткізді.

Маңызды басқосудан соң елші Ким Дэсик университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен, студенттерімен кездесті. Кездесуде ол Кореяның бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктері, тарихы мен мәдениеті туралы әңгімеледі.

– Қандай да бір мемлекеттің дамуы үшін тұтақтылық маңызды рөлге ие. Сондықтан да тұрақтылық жоқ жерде ешқандай да алға жылжу болмайды,- деді ол өз сөзінде. Кездесуде кореялық дипломат қазақстандық жоғары оқу орындарымен білім және мәдениет саласындағы әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол студенттерге сапарының мақсаты мен қазақстандық әріптестермен кездесулері туралы баяндады. Дәріс оқу барысында елші Оңтүстік Корея Республикасының саясаты, экономикалық дамуы, мәдениеті жайында сөз қозғап, аталған республиканың туризм, денсаулық салалары бойынша да айтып өтті.

Кездесуде студенттер елшіге сұрақтар қойып, оған тұшымды жауаптар алды.

Басқосу соңында кореялық дипломат студенттерге жылы лебізін білдіріп, оқуда табыстар тіледі.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

https://bilimdinews.kz/?p=77767