Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > 150 жылдық мерейтой қорытындыланды

150 жылдық мерейтой қорытындыланды

Ақтөбе — еліміздің батыс өңірінде орналасқан, бай тарихы бар қала. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орта­лық­тары – Астана мен Алматы, одан соң – Шымкент пен Ақтөбе болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану ор­талықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеу­меттік-мәдени қызметтер көрсетеді», — деген болатын.  Елбасы айрықша мәртебе берген Ақтөбе өңірі биыл 150 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтойға орай қалада  мағыналы ғылыми, мәдени және спорттық шаралар жыл бойы өткізілді.

Бүгінгі  «Тамыры терең, құтты мекен Ақтөбе» тақырыбындағы конференция да осы Ақтөбе қаласының 150 жылдығын қорытындылауға арналды.

Жұбанов университетінің Жастар сарайында өткізілген бүгінгі басқосуға  облысқа белгілі азаматтар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жоғарғы оқу орындары, музей және кітапхана қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан қала басшысы Мавр Абдуллин биылғы жылдың ақтөбеліктер үшін тарихи жыл болғанын айтып, Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойының өз деңгейінде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Конференцияны ақын, «Шұғыла» шығармашыл жастар клубының жетекшісі, облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Калдина арнау өлеңімен бастады. Содан соң Ақтөбе қаласының дамуы, тарихы мен мәдениеті, жетістіктері мен болашағы жөнінде  ардагер журналист Идош Аскар, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Еркін Құрманбек,  ардагер Қанатбай Елеусізұлы, өлкетанушы Мырзабай Бекарыстан,  тарих ғылымдарының докторы, профессор  Нұртаза Абдоллаев және тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Даулет Әбеновтер пайымды пікірлерін ортаға салып, ойларымен бөлісті.

Еске салсақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасында іскер азаматтарды туған өлкені түлетіп, өңір өмірін жақсартуға атсалысуға шақырған болатын. Осы жоба аясында өңірде  ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, көпбалалы отбасылар мен ата-ана қарауынсыз қалған балаларға көмек қолын созып, қайырымдылық жасап жүрген жандар аз емес. Соған орай бүгінгі жиында  бірқатар азаматтар «Жомарт жүрек-2019» сыйлығымен марапатталды. Оларға «Жыл меценаты», «Жылдың үздік ұйымы», «Ел ұланы» және «Қамқор» аталымы бойынша құрмет көрсетіліп, қала әкімінің алғыс хаттары тапсырылды. Олардың  қатарында Жұбанов университетінің ұжымы «Қамқор» номинациясы бойынша марапатталды. Осы ретте айта кетейік, университет ректоры Б.Ердембеков түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарға үнемі қолдау көрсетіп отырады. Соның дәлелі ретінде   2018-2019 оқу жылының соңында ата-ана қарауынсыз қалған 19 мектеп түлегі  Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантына ие болды.

Жиында қала әкімі Мавр Абдуллин қаланың дамуына үлес қосқан университеттің 7 қызметкеріне  «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісін табыстап, сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ, шара соңында университеттің жаратылыстану факультетінің 3-курс студенті Арнат Қарамулдинов пен кәсіби-шығармашылық факультетінің 3- курс студенті Ақторқа Бақтыбаеваға 100 мың теңге көлемінде қала әкімінің білім грантының сертификаттары табысталды.