Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет басшылығы шетелдік әріптестермен кездесті

Университет басшылығы шетелдік әріптестермен кездесті

Бүгін университеттің әкімшілік ғимаратында шетелдік ғалымдар Жұбанов университетінің басшылығымен кездесті.

Кездесуде әлемнің жетекші университеттерінің өкілдері ынтымақтастықтың болашақ жоспарларын талқылап, Жұбанов университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттерімен бірге жүзеге асырылып жатқан жобаларын ұсынды.

Шетелдік меймандармен жүздескен университет ректоры Бауыржан Ердембеков халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп,  университеттің академиялық ұтқырлық бағдарламалары, қос дипломды білім беру және басқа да жобалар аясында бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендігін білдірді.

Өз кезегінде шетелдік ғалымдар басшылық пен оқытушыларға ынтымақтастық үшін алғыстарын жеткізді. Быдгощ қаласының Экономика университетінің Дене шынықтыру институтының директоры Александр Скалий Жұбанов университетіне келген сайын оның дамуы мен қарқынды өсуіне таңданатынын жасырмады. «Ақтөбе өңіріндегі Жұбанов университетінің профессор-оқытушылық құрамының халықаралық  басылымдарда жиі көрінетінін байқап жүрмін.  Бізге мықты серіктестер қажет, міне сол серіктестіктердің бірі  — Жұбанов университеті деп айтар едім», — деді Александр Скалий.

Әңгіме барысында тараптар Жұбанов университетінің Экономика университетінің  «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша қос дипломды білім алуда студенттердің алғашқы дипломдарын қорғау мәселесін де  талқылады. Сонымен қатар, бірлескен мәдени жобалардың тақырыптары мен өзге де өзекті мәселелер әңгімеге арқау болды.

Кездесуде Түркия Республикасы Стамбул университетінің профессоры Атакан Курт сөз сөйледі. Атакан Курт қазіргі уақытта Жұбанов университетінде шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында дәрістер оқиды. Мәтінді талдауға арналған 17 жобаның авторы лингвистикалық талдауды цифрландыру және осы салада білікті мамандар даярлау туралы баяндады.

Балтық Халықаралық академиясының профессоры  Екатерина Возняк «Туризмдегі маркетинг және менеджмент», «Туризмдегі маркетингтік коммуникациялар» тақырыбында жазғы және қысқы дайындық мектептерімен таныстырды. Екатерина Возняк өз сөзінде университет студенттері мен профессор-оқытушыларға бірлескен халықаралық оқыту мектептерін өткізуге көмектесуге дайын екендігін білдірді.

Шара соңында унивесритеттің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев мұндай кездесулер көбінесе жаңа жобаларды жүзеге асыруға және дамытуға ықпал ететінін ерекше атап өтті.