Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > «М.Әуезов мұрасы – рухани қазына» әдеби кеші өтті

«М.Әуезов мұрасы – рухани қазына» әдеби кеші өтті

2017 жылғы 2 қазанда Жұбанов Университетінің филология факультетінде қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың 120 жылдық мерейтойына арналған «М.Әуезов мұрасы – рухани қазына» атты әдеби кеш өткізілді. Кеш барысында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс, 301-топ студенттері М. Әуезовтің өмірбаяны, шығармашылығы, зерттеулері туралы кең форматта танымдық  ақпарат берді. Кеш қонақтарының назарына тұңғыш драма «Еңлік-Кебек» пьесасынан Еңлік пен Кебектің монологы  оқылды,классик жазушының шығармашылығы, пьесаға байланысты сұрақтар қойылып, аудиториямен кері байланыста  жұмыс жасалды.

Әдеби кеште  ақын Қ.Аманжоловтың, Қ.Сариннің, топ студенттері С.Арынова, Н.Қоңырбай арнау өлеңдерін оқыды, кештің сәнін Ұ.Утепованың орындауындағы «Туған жер» әні көркейте түсті. Ұлы Абай мен дана Мұхтардың арасындағы филологиялық байланыстарды сараптаған стендтік баяндамалар да болды. Заманымыздың заңғар жазушысына арналған әдеби-танымдық кеш «Қуан, қазақ» хорға құрылған әнмен аяқталды. Факультет деканы филол.ғ.д., профессор Садирова Күлзат Қаниқызы  қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі филол.ғ.к., доцент М.Р.Балтымова мен әдеби кешті ұйымдастырушы, топ кураторы, филол.ғ.к.,доцент Б.Қ.Мұратбекке алғысын білдірді, факультеттің профессо-оқытушылар құрамын мерекелерімен құттықтады.