Суббота, Сентябрь 19, 2020
Басты > Жаңалықтар > Университетіміздің танымалы түлегі Елеусін Сағындықов келді

Университетіміздің танымалы түлегі Елеусін Сағындықов келді

Бүгін оқу ордасына белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, 2004-2011 жылдары облысты басқарған, экономика ғылымдарының докторы, университет түлегі Елеусін Сағындықов келді. Құрметті қонақты оқу орнының басшылығы ерекше ықыласпен қарсы алды. Университет ректоры Бауыржан Ердембеков ұстаздар мен студенттердің жетістігін және соңғы жылдары оқу ордасына енгізілген жаңашылдықтарды айтып берді.

— Университет өз түлектерімен мақтанады. Осы оқу ордасын тәмәмдаған талай жас облыстың, еліміздің дамуына үлес қосты, қоғам қайраткері атанды. Соның бірі өзіңіз боласыз. Сіздің өмір жолыңыз жастарға үлгі, — деді ректор.

Елеусін Наурызбайұлы университет жетістігіне риза болды. Өзінің студенттік шағын еске алды, ұстаздары туралы ерекше тебіреніспен әңгімеледі.  Сондай-ақ өзінің ұстазы, белгілі қоғам қайраткері, профессор Амангелді Айталыны 80 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ғалымның қоғамға, ғылымға сіңірген еңбегі өзімен қатаралас жүрген әріптестері мен тілектес дос-жарандары, шәкірттері үшін зор мақтаныш, үлгі-өнеге екенін айтты.

—  Ұстазым Амангелді Әбдірахманұлымен араласқаныма елу жылдан асты.  Көп естеліктер айтуға болады. Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты болғанда елдік, ұлттық құндылықтар, қарапайым бұқараның мүддесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Парасатты да батыл пікірлерімен халықтың ықылас, құрметіне бөленді. Әбекең — үлкен жүректі, парасатты азамат. Ұстаздық ісінен бөлек, ғылым жолындағы еңбектері бір төбе, — деген Елеусін Наурызбайұлы ұстазына мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Амангелді Айталы шәкіртінің лебізіне ризашылығын білдірді.

Жуырда университет басшылығы  ғалым Құдайберген Жұбановтың 120 жылдық және университет профессоры Амангелді Айталының 80 жылдық мерейтойын өткізді. Мерейтой аясында «Жұбанов кітапханасы» сериясымен университет ғалымдарының таңдамалы жиырма екі кітабы шығарылды. Мерейтойға Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Әлихан Байменов, Ирак Елекеев сияқты елімізге танымал қоғам қайраткерлері келді.  Университет ректоры Бауыржан Ердембеков осы және оқу ордасының өзге де жаңашылдықтары мен жетістіктеріне тоқталып, Елеусін Наурызбайұлына алғысын айтты. Болашақта студенттерге дәріс оқу туралы ұсынысын білдірді.  Еліміздің біртуар азаматы, келер жылы 85 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған қара шаңырақтың айтулы түлегі Елеусін Сағындықов күні кеше ғана Ақтөбеде 120 жылдығы кең көлемде аталып өткен  Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың атаулы төсбелгісімен марапатталды. Жұбанов университеті қашанда өзінің түлектерімен мақтанады.