Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тамыры терең, құтты мекен

Тамыры терең, құтты мекен

Ақтөбеде айтулы белес — қаланың 150 жылдығын қорытындылауға арналған «Тамыры терең, құтты мекен — Ақтөбе» атты конференция өтті.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Мәңгілік Ел» конференц-залында өткен жиында алдымен қала әкімі Мавр Абдуллин сөз сөйлеп, қаланың өткені мен бүгініне, Қазақстанның қуатты өнеркәсіп және мәдени орталықтарының бірі ретінде дамып келе жатқанына дәлел болатын көрсеткіштерге тоқталды.

— Биылдың өзінде Ақтөбеде 4 жаңа мектеп, 7 балабақша ашылды. Соңғы жылдары қаламызда Өнер орталығы, Жекпе-жек сарайы, Мұз сарайы, басқа да еңселі ғимараттар пайда болды, халқымыздың даңқты перзенттері — Жалаңтөс баһадүр мен Бөкенбай батырға ескерткіш қойылды. Ақтөбе жылдан-жылға өсіп, көркейіп келеді. Биыл қаланың 150 жылдық мерейтойын лайықты атап өттік. Мұның бәрі — қала халқының ынтымақ-бірлігі мен еңбегінің жемісі. Қаланың басты байлығы да онда еңбек етіп, өмір сүріп жатқан адамдар. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, мен қаланың дамуы мен көркеюіне үлес қосып келе жатқан барша тұрғындарға алғысымды жеткіземін, — деді Мавр Абдуллин.

Жиналғандар алдында ақын, «Шұғыла» шығармашылық клубының жетекшісі Гүлжайнар Қалдина Ақтөбемен о бастан тағдыр-талайы бір Қарғалы өзені туралы аңызға негізделген жырын оқыды. Бұдан соң кезек Ақтөбенің тарихы туралы баяндамалар мен қаланы одан әрі дамыту мақсатындағы ұсыныстарға берілді.

Тарихшы-ғалымдар Нұртаза Абдоллаев пен Дәулет Әбенов қала тарихына қатысты архив деректерін, аңыздарды, патша жансыздарының кезінде саяхатшы ретінде Ұлы даланы кезе жүріп, қалдырып кеткен жазбаларын алға тартып, қаланың 150 жылдық тарихына кеңінен шолу жасады.

Дәулет Әбеновтің айтуынша, қалада ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасырдың басынан сақталып қалған тарихи ғимараттар бар, бірақ олардың бастапқы келбетін сақтауға көңіл бөлінбеген.

— Ақтөбе қаласының 150 жылдық тарихы бар деп ауыз толтырып айтамыз. Бірақ сол тарихқа куәгер ғимараттарды бағалауға көңіл бөлінбейді. Олардың көпшілігін бүгінгі қожайындары өз қалаулары бойынша жөндеуден өткізіп, қазіргі келбеттерінде осы заманғы ғимараттардан еш айырмашылық қалмаған. Бұл — үлкен қателік, — деді ғалым.

Сондай-ақ, ол Ақтөбе бекінісінің іргетасы қаланған орын — қазіргі қалалық әкімдік ғимараты орналасқан төбеге арнайы белгі қоюды ұсынды.

Ақтөбенің өткені, бүгіні мен болашағына қатысты әңгімеге Идош Асқар, Мейірхан Ақдәулетұлы, Қанатбай Елеусізов, Еркін Құрманбеков, Бекарыстан Мырзабай сынды түрлі салада жемісті еңбек еткен ардагерлер тартылды.

—  1990 жылы Ақтөбе тұрғындарының саны 6804 адам болса, соның 14-і ғана қазақ болған. Арада 5 жыл өткенде қаладағы қазақтардың саны небәрі 5 адамға көбейіп, 19 ғана болған. Мұның бәрі архив деректерінде сақтаулы, — деді Қанатбай Елеусізов.

Жиында айтылғандай, Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде қала тұрғындары арасында қазақтардың үлесі небәрі 30 пайыз болыпты.

Жиын соңында еліміздің дамуы мен көркеюі жолындағы еңбегі үшін бірқатар азаматтарға «Ақтөбе — 150 жыл» медалі табыс етілді.

Сонымен қатар, «Жомарт жүрек — 2019» республикалық байқауының үміткерлері де марапатталды. «Жыл меценаты» номинациясы бойынша марапатталған кәсіпкер Төлеген Таңатаров қаладағы Ш.Берсиев көшесінде жерасты өткелін салуға демеушілік етті. Бұл іске ол 60 миллион теңге қаржы жұмсады.

Сондай-ақ, екі студентке 100 мың теңге көлемінде қала әкімінің білім грантына сертификат берілді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

https://aqtobegazeti.kz/?p=81562