Среда, Май 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа кабинеттер ашылды

Жаңа кабинеттер ашылды

Бүгін Жұбанов университетінің педагогика факультетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықов атындағы дәрісхана ашылды. Салтанатты шараға университет ұжымы мен батырдың ұрпақтары қатысты.

 Жазықов Қожабай —  1920 жылы Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты Қызылшоқы  деген жерде шаруа отбасында туған. 1938 жылы Жарқамыс орта мектебінде жеті класс білім алғаннан кейін Темір қаласындағы педагогикалық техникумда екі жыл оқып, одан әрі оқуын жалғастыруға жағдайы болмайды да, 1940 жылы Аманкелді бастауыш  мектебінде мұғалімдік қызметін бастайды. 1942 жылы  Кеңес армиясы қатарына шақырылып,  Ресейдің Бугуруслан қаласында кіші командирлер даярлайтын қысқа мерзімді курсын бітіріп, 337-полктың құрамында пулеметшілер бөлімшесінің командирі болып Воронеж майданында соғысқа  кіреді.  Кейіннен барлаушылар даярлайтын жеделдетілген курсты аяқтап, атақты 25 гвардиялық атқыштар дивизиясының сапында барлаушылар бөлімшесінің командирі болып, Украина майдандарында соғысады.     1943 жылы «Ерлігі үшін» медалін, «Қызыл Жұлдыз» орденін алады, ал 1944 жылы үшінші дәрежелі  «Даңқ» орденін, екінші рет «Қызыл Ту»  орденімен марапатталды.

1945 жылы  Будапешт қаласын жаудан азат ету операциясын жүзеге асыруда көрсеткен жауынгерлік қызметі үшін Кеңес Одағы Батырының Алтын жұлдызы мен Ленин ордені беріледі.   1972 жылдан 1982 жылы қазан айында қайтыс болғанға дейін аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының  орынбасары  болады. Әр жылдары мектепте мұғалім, Жарқамыс орта мектебінің директоры да болған. Қожабай    Жазықов 1975 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, 1976 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Салтанатты шарада сөз алған университет ректоры Бауыржан Ердембеков жаңа кабинеттің ашылуымен құттықтады. Тағлымды тұлғаның  жастар тәрбиесіндегі рөлін атап өтіп, ер есімі өскелең ұрпақтың жадында жатталуы керектігін тілге тиек етті.

Ресми жиында педагогика ғылымдарының кандидаты Мақпал Жазықова  батырдың қызы екендігін мақтан тұтып, балалық шағынан естелік айтып, әкесін еске алды.

— Бүгін университетіміздің педагогика факультетінде еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында бірнеше оқу кабинеттері мен әкемнің атында дәрісхана ашылып отыр. Батыс өңіріндегі іргелі оқу орны — 85 жылдық тарихын атап өткелі отырған қара шаңырақ Жұбанов университетінде жабдықталуының символдық мәні бар екені анық. Осы жылдар ішінде білім ордасы көптеген жастарға білім нәрін себелеп, ғылым жолын нұсқады. Әр жылдары мұнда еліміздің экономикасы мен ғылымын, өнері мен мәдениетін дамытуға зор үлес қосқан танымал тұлғалар білім алды. Сондай тұлғалардың қатарында әкем Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың болуы – мен үшін үлкен мақтаныш. Осы ретте университет тарихының біздің отбасымыздың тарихымен тығыз байланысты екенін ерекше атап айтқым келеді. Қожабай Жазықов әулеті — өнегелі отбасы. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді мамандар. Әкенің асыл қасиетін сезіне білген олар Кемершидегі орта мектепті қамқорлығына алып, түрлі шараларына белсене қатысып келеді. Сөйтіп, әкеден көрген қайырымдылықты жалғастыра білуде. 2016-2017 жылдардағы оқу жылында батыр атындағы орта мектепті үш түлек «Алтын белгімен» аяқтап,  бүгінгі таңда университетте білім алып жатыр, — деді.

Кабинетің ашылу рәсімінде студенттер батыр туралы жыр жолдарын арнады. Шараға қатысқан тарихшы-ғалымдар Қожабай Жазықовтың майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі қызметі туралы баяндап, батыр туралы естеліктерімен бөлісті.

Одан кейін университеттің педагогика факультетіне жиналғандар   үш тілдің мәртебесін көтеру, оны жас ұрпаққа насихаттау мақсатында ашылған Тілдерді оқыту кабинеті мен  халықтың әлеуметтік қорғансыз бөлігіне  гуманитарлық қолдау көрсету бағытында ашылған «Ізгілік шуағы» еріктілер кабинетінің тұсаукесер рәсіміне қатысты.