Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұлы мереке ұлықталды

Ұлы мереке ұлықталды

Қазақстанның тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асып отыр. Еліміздің басты мерекесіне орай бүгін Жұбанов  университетінің Студенттер сарайында «Тәуелсіздік —  мәңгілік елдің тұғыры» атты мерекелік шара өтті.

Салтанатты шараны мемлекеттік мекемелердің өкілдері, ардагерлер, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері тамашалады.

Тәуелсіздік мерекесі – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін бұл жылдар ілгерілеу мен орнықты даму кезеңі болды. Осы аралықта ел экономикасы қарқынды дамып, тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты.

Салтанатты жиынды алғысөзімен ашқан  университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков  университет ұжымын Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігі мерекесімен құттықтады.

— Иә, осыдан 28 жыл бұрын келген тәуелсіздік – бұл бізге берген Алланың сыйы. Көк байрағымыз тіктелді, шекарамыз шегенделді, Астанамыз салынды, қазақтың біртуар ұлдары айға ұшты, спорттық додаларда топ жарды.

Осы арада айта кетуді парыз санадым. Ақтөбеден шыққан қазақтың қаршадай баласы – Димаш алтын дауысымен қазақ елін алты құрлыққа таныстырып жүр. Мен қазақпын деген жүрегінде оты бар бала күллі әлемді қазақтың әні мен күмбірлеген домбырасына, тіліне, дәстүріне тәнті етіп қойды. Дертіне дауа іздеген шетелдіктер Димаштың әнімен емделуде. Бабаларымыз атын естімеген Америка қазақша ән салып, жапонның аэропорты біздің тілде хабарлама таратты. Біле-білсек Димаш – тәуелсіз елдің бойтұмары. Бүгінгі әлемдік өлшемде Қазақ ол – Димаш. 

Айтайын дегенім, осы Димашты, ең алдымен, өзіміз емес өзге таныды. Қасымыздағы Қытай Димашқа тамсанып, табынғанда, біз таңдандық. «Өзіңді өзің танысаң, жат жанынан түңілер» деген бабалар. Тәуелсіздік қолға тигенмен, біз рухани тәуелсізбіз бе? Күмілжіп тұрған тіл, қазақы болмысынан ажырап бара жатқан діл, тұмшаланып, араби рең алған дін, әбден сөлі сығылған ұлттық рух тәуелсіздігі үшін рухани алға жылжуымыз керек, ағайын!

85 жылдық тарихы бар қарашаңырақ – Жұбанов университетінің жастары тәуелсіздіктің тұғырын бекемдей түсетініне мен кәміл сенемін!  Еліміздің жастары жалынды, қайраткерлері қарымды, ерлері қайратты, болашағы байрақты болғай! – деді ол.

Мәдени шара барысында Бауыржан Аманкелдіұлы  білім мен ғылым саласындағы жемісті еңбектері мен өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне қосқан қомақты үлестері және университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан бір топ қызметкерлерді марапаттады. Олардың қатарында 7 қызметкерге ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты  табысталса, 21 қызметкерге университет ректорының алғысы жариялады. Ал, үздік үлгерімі  мен университеттің қоғамдық өміріне белсене қатысқан студенттер университет ректорының  Алғыс хатына ие болса, 8 студентке «Үздік студент» медалі тағылды.

Сондай-ақ салтанатты шарада жастарға әлеуметтік қолдау көрсетіп жүрген демеушілер мен меценаттар «Қ.Жұбанов» төсбелгісімен марапатталса, 3 ғылым кандидаты «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен,  2 ардагер «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

Бұдан кейін жиынға шақырылған қонақтар сөз алып, өздерінің тілектерін жеткізді.  Өз кезегінде Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова  жиналғандарды ұлттық мерекемен құттықтап, мерекенің маңыздылығын  атап өтті.

— Баршаңызды алдымен Тәуелсіздік күнімен облыс басшысы Оңдасын Сейілұлының атынан құттықтаймын!

Тәуелсіздік – біз үшін дәуір мен уақыттың берген құны жоқ үлкен сыйы.  «Тәуелсіздік тәуекелі – мықты елге ғана тән» деген қазақта жақсы сөз бар. Тарихи сәтте Елбасымыз осыны өзінің мойнына үлкен жүк етіп артып, қазақ халқын ертіп 28 жылда үлкен дәрежеге жеттік… Сіздердің әрқайсысыңыз — еліміздің өсіп-өркендеуі үшін өзіндік үлес қосып, аянбай тер төгудесіздер. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға амандық, бауырларыңызға бүтіндік, қызметтеріңізге табыс тілеймін, — дей келе, облыс әкімінің атынан білім саласында еңбек етіп жүрген 11 қызметкер мен облыстың саяси-қоғамдық, мәдени өміріне етене араласып, халықаралық, республикалық додаларда топ жарып жүрген  6 үздік студентке Алғыс хаттар табыстады.

Тәуелсіздік күніне арналған шарада құттықтауын жеткізген Ақтөбе облыстық  білім және ғылым қызметкерлері  салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова 3 қызметкерге  Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасын және  1 қызметкерге «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Бұған қоса, осы марапатталғандарға ақшалай сыйақы ұсынылды. Жылдағы үрдіс бойынша университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері Қазақстандық салалық білім және  ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының есебінен «Зәру» емдік шипажайына  демалуға сертификаттар алды.

Шара барысында университеттің 4 қызметкері Ақтөбе қаласы әкімдігінің Алығыс хатымен  марапатталса, 5 білім алушы Облыстық жастар саясаты басқармасы басшысынан  Алғыс хатқа ие болды.

Салтанатты кеш ҚР Мемлекеттік Әнұранынан бастау алып, патриоттық ән-күйлерімен жалғасын тапты. Әсіресе, университет студенттерінің орындауларындағы Әбілхайыр хан мен би, батырлардың  театрландырылған көрінісі  мен «Тәуелсіздік таңы» қойылымы кешке жиылған қауымның көңілінен шықты.

Кеш барысында орындалған «Туған ел», «Самал тау», «Мен қазақпын» сияқты патриоттық тақырыптағы әндер залда отырған көрермендерге рух беріп, ерекше сезімге бөледі.