Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > 85 жылдық тарихтың бастауы

85 жылдық тарихтың бастауы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті — Батыс Қазақстандағы көп салалы іргелі жоғары оқу орны. Университет 85 жылдан бері Ақтөбе облысы, батыс, оңтүстік облыстары өндірісінің сұранысына сай мамандар даярлап келеді. Елбасы Н.Назарбаев Ақтөбе қаласына арнайы сапар кезінде университетте болып «… Сіздер білім алып жатқан университет білім үшін, тұтастай алғанда лингвистика үшін, қазақ мемлекетінің тілі, мәдениеті, философиясы үшін қыруар іс тындырған ғалымның атында екендігі мақтаныш етуге лайық.

… Сіздердің міндеттеріңіз – осы заманғы талапқа сай білімді игеру»-деп,  мақсат қойған болатын.

Университет тарихы Қазақ КСР ХКК-нің 1931 жылдың тамыз айындағы жалпыға бірдей 7 жылдық білім беруді енгізу туралы қаулысы, Қазақ КСР-і халық ағарту комиссариатының №163 қаулысы, 1934 жылғы 13 желтоқсандағы Ақтөбе облыстық БКП(б) бюросының №65 қаулысы негізінде жоғары білім беретін екі жылдық Ақтөбе мұғалімдер институты ретінде құрылған.

Институттың негізгі міндеті орта мектептер үшін жоғары білікті мұғалім кадрлар дайындау болып табылды.Алғашқы директор қызметіне Залиев Нұғман (1934-1936 жж.) бекітілді. Н.Залиевке оқытушылар құрамын жасақтау, студенттер контигентін қалыптастыру және институт жұмысын жан-жақты ұйымдастыру тапсырылды.Жаңадан ашылған педагогикалық институттың алғашқы оқу корпусы Ақтөбе облыстық әскери комиссариатының ғимаратында оқу пункті ретінде 12 бөлмеде орналасты (бұрынғы Покровская, кейінгі Красноармейская көшесіндегі №44 үй, қазіргі №6 қазақ орта мектебімен Орталық базар аралығындағы «Арай сауда орталығы» ғимараты).

Кейін педагогикалық институттың 1934 жылы берілген, ауданы 3203 шаршы метрге тең екі қабатты ғимараты Облыстық атқару комитеті кеңесінің 1941 жылғы 12-ші қарашадағы шешімімен №692 «Мемлекеттік Одақтық зауыт» мәртебесіндегі Ақтөбеге көшірілген әскери зауытқа (1954 жылдан бастап «Актюбрентген») беріледі. Оқу орны жатақхана үшін салынған Сталин көшесіндегі №7 үйге орналасты.

Сонымен қатар, студенттердің тұратын негізгі жатақханасы ретінде де осы Сталин көшесі (қазіргі Алтынсарин көшесі) №7 үйдегі ғимарат саналды.

1935 жылы институттың алғашқы профессорлық-оқытушылық құрамы 1 профессор, 1 доцент, 10 оқытушы, барлығы12 адамнан жасақталды. 1935-1936 оқу жылында профессорлық-оқытушылық құрамдағы 1 профессор (Басымов Х.), 1 доцент (Спринцев А.У.), 10 оқытушының штаттағысы – 7,

бос орындар: диалектикалық материализм пәні бойынша – 1, КСРО тарихы бойынша – 1, Жаңа тарих бойынша 1 орынды құрады.

Институттың мамандар дайындау қызметі 1935 жылдың 1-ші қаңтарында екі жылдық тарих, физика-математика және дайындық бөлімдерінің ашылуымен басталды. Алғашқы оқу жылына жоспарланған 70 студенттің орнына 81 студент,оның ішінде, тарих бөліміне – 33, физика- математика бөліміне – 35, дайындық бөліміне – 13 адамқабылданды.

1935 жылы директор Н.Залиевтің бастамасымен Ақтөбе педагогикалық институтының студенттер контингенті педагогикалық техникумдар мен жоғары класс оқушыларын тарту есебінен қосымша толықтырылды.10 қаңтардан бастап, Ақбұлақ педагогикалық техникумы үшінші курсының 11 оқушысы, 13қаңтардан — Қостанай педагогикалық техникумының 19 оқушысы, 15 қаңтардан — Арал қаласы онжылдық мектебінің 9-шы класының 11 оқушысы институтқа қабылданды.

Ақбұлақ педагогикалық техникумының үшінші курсынан оқушылар Корякина, Костылев, Кустлеуова, Плужонова, Сафронова, Склярова, Сторокова, Шаркович, Яйслер, Якубенко, Яценко қабылданды.

Қостанай педагогикалық техникумынанАбдулин, Ажатанов, Алматова, Анафин, Бикмагамбетов, Джандарбеков, Джутарбаев, Изтлеуов, Искаков, Канафин, Мусыров, Накешев, Нургалиев, Омаров Б., Омаров Р., Омаров С., Сактаганов, Сарсенгалиев, Тлеубаев қабылданды.

Арал қаласы онжылдық мектебінің 9-шы класынан оқушылар Абдугафаров, Айкенов, Балапанов, Бикмамбетов, Дирибаев, Жанбурбаев, Карабалаев, Кудайбергенов, Куянбаев, Мульгабаев, Раханов институтқа қабылданды.

1935-1936 оқу жылында профессорлық-оқытушылық құрамның сапалық деңгейі жұмысқа қабылданған оқытушылар есебінен көтеріледі. Жаңа құрамдағы 15 адамның 1-уі – профессор, 7-уі – доцент, 7-уі оқытушы болды.

Яғни институттың профессорлық-оқытушылар құрамында тарих доценттері Байтақов С.К., Кулиш В.И., математика доценті Шейнессон С.Г., қазақ тілінің профессоры Басимов К., диалектикалық материализм доценті Белканов И.Г., физика оқытушылары Богданов Д.И., Некрасов А.В., ТопчийТ.П., Хабибуллин Г., орыс әдебиеті доценті Евстасьева А.Н., информатика оқытушысы Жангужин М.А., педагогика доценті Спириннов А.Е., дене шынықтыру нұсқаушысы Темиргалиев, экономика доценті Успанов К., әскери дайындық оқытушысы Шигильчев И.И. жұмыс жасады.

Сонымен, алғашқы Ақтөбе мұғалімдер институтын:

  1. Залиев Н.– 1935 жылдың қаңтары – 1936 жылдың сәуірі
  2. Шейнессон С.Г. – 1936 жылдың сәуірі – 1937 жылдың тамызы
  3. Оспанов Қ. – 1937 жылдың тамызы – 1941 жылдың сәуірі
  4. Кантемиров Д.С. – 1941 жылдың сәуірі – 1943 жылдың желтоқсаны
  5. Пак Н.Ф. – 1943 жылдың желтоқсаны – 1948 жылдың тамызы аралығында басқарды.

1945 жылдың 14 сәуірінде институтқа Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі  Президиумының Жарлығымен Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын Нұрпейіс Байғаниннің аты  берілді.

1990 жылдың 23 ақпанындағы Министрлер Кеңесінің №72 қаулысымен қазақ тілі ғылымының негізін салушы, ғалым-зерттеуші Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың есімін есте қалдыру үшін Ақтөбе педагогикалық институтына есімі беріледі.  Академик Әбдуәли Қайдардың сөзімен айтқанда «профессор Құдайберген Жұбанов – өзінің қысқа ғұмырында бір өзі бір академиялық институттың атқаратын жүгін көтерген майталман ғалым» еді.

  1996 жылдың 7 мамырындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №570 қаулысымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті болып қайта құрылды.

  2001 жылдың 31 қаңтарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №163 қаулысымен университетке Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мәртебесі берілді.

  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 29 мамырындағы №529 қаулысымен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне қайта біріктіріліп, университетке қосымша «Өңірлік» болып қайта ұйымдастырылды.

Бүгінгі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университет 36 профессор, 30 ғылым докторы, 205 ғылым кандидаты, 18 PhD докторы, 272 магистр, 151 доценті бар Батыс Қазақстан өңірінің іргелі оқу орны. Негізгі мақсат: батыс өңіріндегі еңбек нарығының сұраныстарына сәйкес білім деңгейінің сапасын қамтамасыз ету; инновациялар мен ғылыми жетістіктерді өндіріске және қоғамдық өмірдің басқа да салаларына енгізу; бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында әріптестермен академиялық байланыстарды дамыту; университеттің тұрақты қаржы-экономикалық дамуын қамтамасыз ету; білімгерлерді жан-жақты мәдениетті, үйлесімді дамыған тұлға ретінде тәрбиелеу болып табылады.

Д.Абенов

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік

университетінің доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты.

 

https://docviewer.yandex.ru/?url=ya-disk-public%3A%2F%2FnYJ%2FM076eQohTK5wmmxuB%2FGiVIc9TnhCSMyQX7HS8svl4LYwTEFsx94GyDgj9Ra7q%2FJ6bpmRyOJonT3VoXnDag%3D%3D&name=%E2%84%9647(204).pdf