Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Құдайберген Жұбанов және қазақ терминологиясының кейбір мәселелері

Құдайберген Жұбанов және қазақ терминологиясының кейбір мәселелері

Өз өмірін тұтастай қазақтың тілі мен мә­дениетінің өрлей түсуіне бағыштап, небәрі 40-қа енді шыққан шағында халық жауы атанып мерт болған тілшінің өзге еңбектерін өзге жұрт айта жатар. Менің бұл жолғы мақсатым – Құдайберген Жұбановтың қазақ жазуының емлесі мен терминология­сына қатысты еңбек­теріне назар аудару, әсіресе терминологияға байланысты ойлары мен пікірлеріне бойлау. Бір қарағанда оның термин туралы жазған еңбегі шамалы ғана. Атап айтқанда «О специфике слов-терминов» (1933 ж.), «О терминологии казахского литературного языка» (1935 ж.), «Принципы терминологии казахского литературного языка, принимаемые государственной терминологичес­кой комиссией», «К пересмотру казахской орфографии» (1935 ж.) деп аталатын еңбектерін атауға болады.

 Ғалым бұл еңбектерінде емле ере­желерінің дұрыс түзілмеуінің салдарынан бірнеше жыл бойы қаншама тер­миннің сан түрлі үлгіде жазылып жүргеніне күйінеді. Сауатты жазудың тірегіне айналудың ор­нына, анархияны үдетіп отырған бұл жағ­дайдың себеп, салдарын зерттеп, одан шы­ғудың жолдарын қарастырады, ғылыми тер­мин сөздерге қойылар талаптың басты-басты шарттарын анықтап береді.Термин сөздің тұңғыш рет ғылы­ми анықтамасын жасап, олардың лекси­каның өзге қатпарларынан өзіндік ерек­шелігін қолға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп бере­ді. Анық­таманы сол түп­нұсқадағыдай түрінде ұсынамыз:

«Термином называется специфический вид определенных словесных обозначений, передающих определенные понятия, установленные на данном этапе развития науки и революционной практики, причем передаваемые термином терминологическое понятие может не совпадать со словарным значением, которое присуще данной словесной величине в обыденной жизни» (Қ. Жұ­банов. Исследования по казахскому языку. «Ғылым», 1966, 273-стр.).

Осыдан аңғаратынымыздай, термин дегеніміз белгілі бір кезеңнің сөз әлеміндегі ғылыми атаулық кейпі. Бұл ғылыми ұғым осы сөздің лексикалық мәнімен сәйкес келмеуі де мүмкін. «Атом», «психология», «яровизация» тәріз­ді терминдерді мысалға ала отырып, Қ. Жұбанов бөлінбес ұғым деп жүр­ген бұл сөздер де қоғам дамуының кейін­гі кезең сатыларында әрі қарай бөлшек­теніп, жаңа бір мән туындатып кеткенін әңгімелейді.

Қ.Жұбанов термин сөздердің эволю­ция­лық даму ерекшелігін, өзіндік даму заңдылықтарын дұрыс болжап кет­кен. Мұндай процесті көптеген термин­нің де жасалу, қалыптасу тарихынан аң­ғарамыз. Терминжасамдағы қателіктің ең бастысы Жұбановша айтқанда, ауда­рыл­майтын сөздерді аударуға тырысудан, ал аудара қалғандай жағдайда тер­мин­нің өзін емес, оның лексикалық мағы­насын аударудан туындайтыны рас. Орыс тіліндегі «лошадь», «корова», «толстый», «мелкий» сөздерін қазақ тіліндегі ат, сиыр, жуан, жіңішке сөздерімен салғастыра сөз етіп, ескермеуге болмайтын қызықты тұстарға мән береді. Мәселен, бұл сөздер бір қарағанда бір-біріне тепе-тең балама іспеттес болып көрінгенімен, белгілі бір кезеңнің сұра­нысына орай олар ғылыми ұғымға ие бола алмаса, терминге қойылар талап шартына жауап бере қоймағаны. Қа­раңыз, шынында «лошадь» дегенді қазақтар «ат» деп те, кейде «жылқы» деп те айта береді. Ал қазақтың атын орыс­тар кей жағдайда «мерин» деп, екінші бір тұста «конь» деуі мүмкін. Сон­да аударып термин жасауға мәжбүр болып отырған маман сөздердің осы тектес құбылысын дәл басып саралай қолданбаса шатасуы әбден мүмкін. Сол сияқты «толстыйдың» қазақта «жуан» (жуан сабақ), «қалың» (қалың қағаз) болып, «мелкийдің» «ұсақ» (ұсақ тастар), тайыз (тайыз су – мелкая вода) болып құбылатыны жөнінде жасалған талдамалар – терминтану іліміне қосылған үлкен үлес. Мұны ол қалыптасқан табиғи заңдылық қатарында сөз етеді. Оның ойын­ша сөз дегеніңіз тек зат, нәрсе атауы ғана емес, сонымен бірге санаға сің­ген, қалыптанған заттардың да атауы. Қо­ғам дамуының ерекшелігіне сәйкес бұл танымдық құбылыс әр халық ұғымында әр алуан қалыптасуы ықтимал.

Қ.Жұбанов 1930-1935 жылдары тер­­­минология мәселесіне жиірек көңіл бөл­ген. Бұған негізгі себептің бірі жо­ғарыда айтылғандар болса, екіншіден, оның 1933 жылы мемлекеттік терминология комиссия­сына төраға болуымен байланыс­ты. Ол жазу мен терминология мәселесін нақты қадағалап, бір орталықтан басқарып, ұйымдастырып отырмайынша нәтиже болмайтынын ерте түсінген. Сөйтіп жедел түрде мем­­­лекеттік терминология комиссия­сын ұйымдастырып қана қоймай, он­да қаралған мәселелерді дер кезінде жұрт­­шылыққа жеткізудің жолдарын қарас­тырып, бюллетень шығарды. Ғалым бюллетеньнің шыққан 4 санының өзін­де қазақ терминологиясының басты мәселелерін қозғап үлгерді. Сонымен бірге ғылымның әр саласында бой көр­сетіп әрі-сәрі қолданылып жүрген тер­миндердің дені (10 мыңдайын) мем­тер­минком мәжілісінде талқыланып, бекітіліп, бюллетеньде жарияланды. Бұл терминдер кейін қазақ ғылымының қалып­тасуына негіз болды деп айта аламыз.

Қазақ терминологиясының өзекті мәсе­лесінің бірі – оның принциптерін қа­лып­тастыру. Қ.Жұбанов өзі қарап бекіткен 10 мыңнан аса терминді қандай принцип­терге сүйеніп жасады. Ол бұл мәселеге ал­дын ала үлкен әзірлікпен келген. Бұл жө­ніндегі өзінің ойларын ол әуелі 1935 жылы 20 мамырда Алматыда өт­кен мәдениет қайрат­керлерінің бірін­ші құрылтайында баян­дап береді. Ол съезде 11 қағида ұсынады. Өз сөзімізбен қысқартыңқырап айтқанда олардың жалпы мазмұны мынадай:

1. Көптеген әдеби тілде аударыл­май қалыптасқан халықаралық термин­дерді, қазақ тіліне аудармай сол қалпын­да алу (революция, совет, теория, практика, тенденция, хирургия, климат, абсолют­ный, конкретный, т. т.);

2. Көптеген әдеби тіл тәжіри­бесінде ауда­рылып алынған халықара­лық терминдер (производство, труд, деньги, корень, сте­бель, мышцы, деление, умножение,
т. т.)­ қазақ тіліне де ауда­рылады, егер аудар­ма­ тер­мин мағынасын дәл бере алмай, бұза­тын болса, онда оларды (сословие, состав, клет­ка, слет, т. т.) орыс тіліндегі қалпынша алу;

3. Әрқилы пәнде бір мағынада қол­да­нылатын терминдерді бірегейлетіп алу; мысалы, форма – форма (философия, физика), материя – материя (физика, философия), корень – түбір (мат­ематика, ботаника, лингвистика), реакция – реакция (химия, биология, политика), т. т.

4. Білімнің әр саласында әрқилы мағына білдіретін терминдер (мануфакту­ра, продукт, легенда) бір салада термин ретінде, басқасында жай сөз ретінде қол­да­нылады. Мысалы: мануфактура эко­номи­калық даму кезінде термин болады, бірақ тауар түріне жата алмайды.

5. Халықаралық сөздер түрінде қа­лып­тасқан терминдер орыс тіліндегі үлгімен қабыл­­данады (пролетариат, физика, биология);

6. Терминдерді түсініксіз етіп жібе­ретін жасанды сөзжасамға бармай-ақ, қазақ тілінің грамматикалық ерек­ше­ліктерін де, атаудың ғылыми мәнін де толық қамти алатын терминдердің (Мысалы: беріліс – передача, көпкіл – мно­гоугольник, тоқыма – текстиль, тәжірибе – практика, т.б.) баламасын табу;

7. — изация, — ификация. — ация тә­різді формалды элементтермен (машинизация, электрофикация, объективация) келетін сөздерді қазақ тіліндегі материалдандыру, электрлендіру, объективтенулер тү­рінде қалыптастыру келеді. Сол сияқты популярная книга – популяр кітап, абсолютная величина – абсолют шама, буржуазная идеология – буржуаз идеология, дифференциальное уравнение – дифференциал теңгерме түрінде қысқартып алу;

8. Қазақ тіліне халықаралық, терминдер­мен ілесіп -ист, -изм қосымшалары және ре, син, де, суп, анти, контр тәрізді пре­фикс­тер ен­гізі­леді.

9. -авто, -аэро, -авиа сияқты қыс­қартылған формаларға қазақ сөздері бірігіп (автожол, аэрошана, авиашана, автоқатынас) жазылады.

10. Қаркөмір (Караганда уголь), Хал­комжер (Нарком-зем), т.т. сияқтыларды қыс­қартып қолдану.

11. Бұрын терминологиялық қолда­ныстан шығып қалған диктатура, ре­во­люция, совет, теория, практика, контр­­­­революция, милитаризм сияқты тер­мин­дерді қазақ тіліне қайта енгізу.

Профессор Қ.Жұбанов ұсынған бұл принциптер съезде 10 пунктте шақ­та­лып, негізінен қабылданды. Әрине негі­зінен ғылыми тұрғыда дәйек­телген бұл қи­сындар термин жасам проце­сінде зор рөл атқарғанын айту лазым. Біз профессордың осы жүйелеуінің арқа­сында ғылым тілін бір ізге салуға жол ашқандай болдық.

Алайда кезінде қазақ терминологиясын жасау ісінде орыс үлесінің ықпалы, яғни «орыстандыру» саясаты­ның әсері айрықша болғанын аса сауат­ты лингвист Қ. Жұбанов еңбек­те­рі­нің өзінен байқамай өте алмайсыз. Со­ның салқыны мына принциптерден аңғарылады. Қазақ тілінің даму, қалыптасу заңдылықтары мен ерек­шеліктерін мейлінше терең білетін тіл білімпазының өзі ұлттық терминологияны ұлттық негізде жасауға кесірін тигізетін ұстанымдарды басшылыққа алуға мәжбүр болған сыңайлы. Әйтпесе интернационалдық терминдер мен орыс тілінде қалыптасқан үлгілерді олар­дың қазақ тілінде баламасының бар-жоқтығына қарамастан бұлжытпай қапы­сыз қабылдай берейік деудің қисын­ға келе бермейтінін өмірдің өзі дәлелдеді.

90-жылдардан бері терминдерді ұлт­тық негізге қарай икемдеу, ыңғайлау ба­ғыты басымдық ала бастады. Бұл рет­­те қазақ баспасөзінің, журналист қа­лам­­герлердің еңбегі зор. Күні бүгін­ге дейін ғылым тілінің 70-80 пайызын құ­рап келген интернационалдық тер­мин­дер­дің жап-жақсы қазақы нұс­қасы жасалып отыр. Мұны кезінде кеңес­тік тәрбие өтіңкіреп кеткен кейбір әріптестер әлемдік өркениеттен алшақтау, ұлттық сыңаржақтық деп түсіндіргісі келеді. Қалай дегенде де терминдерді «қазақшаландыру» үрдісі жұртшылық сұранысы тұрғысынан кең қолдау табуда. Шынында бұл кісі шошырлық үрдіс емес. Қайта ес жиып, есейген ұлттың әлемдік өркениетке нендей өзіндігімізбен барамыз, соған еркін апаруға өз тіліміздің қауқары жете ме деген саналы толғанысынан туындайтын заңды әрекет бұл. Мұндай әрекет қашанда қоғам мен тіл арасындағы өзара байланыстан, өзгеріс-өріс барысынан пайда болады.

Қараңыз, бір кезде программа (бағдар­лама), устав (жарғы), совет (кеңес), презен­тация (тұсаукесер), коррупция (сыбайлас жемқорлық), гонорар (қаламақы), бартер (баспа-бас), юбилей (мерейтой), заказ (тап­сырыс), самолет (ұшақ), вертолет (тікұшақ), церемония (рәсім), атмосфера (ахуал), договоренность (уағдаластық), оп­ти­мальный (оңтайлы), т.т. қазақша баламасын ойлас­тыру түгілі «пәледен машайық қашып­ты» деген сақтық жетегінде жүрдік емес пе?

Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы көптің көңілін күпті етіп келді де тәуелсіздік таңы атысымен өзінің бар аумағымен күн тәртібіне қайта көтерілді. Терминология мәселесі тұңғыш рет докторлық диссертация тақырыбына айналып, оның көптеген көмескі мәселесі ғылыми сарапқа түсті. Содан бері қазір бұл сала 4-5 докторлық диссертация ауқымында қаралды. Ондаған кандидаттық жұмыс терминологияның сан-саласын зерттеу объектісіне айналдыруда. Сөйтіп ғылымның қазақ терминологиясы дейтін жаңа саласы қалыптаса бастады. Қазақ терминологиясының жаңа үрдісі өмірге жолдама алды.

Тілші ғалымдардың жоба есебі бойын­­ша (Ә.Қайдар) қазақ тілінде 70 мыңнан аса терминологиялық единица бар. Со­ның 70-80 пайызы әлі күнге терминдік сұрып­талудан өткен емес. Яғни бұлардың бәрі терминделу процесін бастан кешіруі тиіс. Ол мемлекеттік тіл мәртебесі үшін, әсіресе оның негізгі тармақтарының бі­рі – ғылым тілінің қанат жаюы үшін аса қажет шара. Бұл көл-көсір жұмыс. Қа­зір­гі қарастырылып жүрген терминдер те­­ңіз астында жатқан алып мұздың аз­даған үстіңгі жағы ғана. Оның өзі де кө­ңіл­­ден шығып жатқан жоқ. Бұлай бо­луының себебі неде? Не істеу керек сонда? Мұның бірнеше себебі менмұндалап тұр. Біріншіден, терминология мәселесіне мем­лекеттік көзқарастың орнықпауынан, қажетті қамқорлықтың жоқтығынан. Екін­­­шіден, әлгіндей немқұрайдылық сал­­да­рынан арнайы дайындықтан өткен маман­дардың жоқтығы. Үшіншіден, әлі күнге қажетті мамандарды дайындамай оты­руымыз.

Егер бұдан әрі де маман даярлау ісі дәл осылай сөзбұйдаға салына беретін болса, қазақ тілінің терминологиясын жуық арада жөнге саламыз деу асылық, өзін ел етіп ұстап отырған мемлекеттің қай-қайсысында да осы іспен шұғылданатын арнайы мемлекеттік мекемелері бар. Мәселен, Ресейде ғылыми-техникалық терминология комитетінің жұмыс істеп келе жатқанына жарты ғасырдан асты. Мына тұрған іргелес көршілер Қытай, Моңғолия, Украина, Балтық бойындағы тәуелсіз мемлекеттер, т.т. бұл шаруаны үнемі назарында ұстайды.

Әрине тілді жұмсай білу, сөзден сөз жасап шығару кез келгеннің қолы­нан келе бермесі мәлім. Ол үшін термино­ло­гиялық лексика мен ұғымдар жүйесінің ерек­шеліктерін дөп басып тани білетін қабілетті маман керек, бар маманға жағдай керек. Осыдан барып мынадай проблема туындайды. Соның бірі осы күнге дейін халықаралық терминдер жүйесін үш тілдеріне аудару принциптерінің, ере­жесінің жасалмай келуі, оларды жа­зу, қабылдау тәртібінің белгіленбеуі. Кең кесірін тигізіп жүрген мәселе осы. Со­ны­мен бірге термин шаруашылығын ғылыми тұрғыда жүйелеп, оның мәселе­лерін түбегейлі қарастыру қажет екенін мақұлдайтын болсақ, бұл жұмысты бір орталыққа шоғырландыру қажет және бұған мемлекеттік тұрғыдан қамқорлық жасалып отырмаса болмайды. Бұл шаруа тек науқандық шараға ғана айналып кетсе, ең қиыны сол. Қаншама сөздіктер шығып, олар жұртшылық қолына тиіп жатыр. Ал оларды ғылым сарабынан өткізіп, қазақтың ғылым тілін қалыптастыруда септігі қай дәрежеде дегенді анықтайтын, саралайтын кім? Әлгі біз ұсынып отырған орталық осындай шаруамен айналысуы тиіс.

Біз елі үшін еселеп еңбек еткен кешегі зиялыларымыз – А.Байтұрсынұлы, X.Дос­мұхамедов, Қ.Жұбановтар­дың ғылымдағы жолын жалғастыру­шы­лары­мыз. Ұрпақ сабақтастығының бір түрі осы бол­са керек. Сонау бодан кездің өзін­де ана тілін аялай тұтынып, атамекенін ас­қақтата білген ұстаздардың бүгінгі ұр­пақтары тәуелсіздігіміздің бір тірегі – мем­лекеттік тіліміздің мәртебесін биіктете түс­песе, төмендетпес деген сеніммен сөз түйіндемекпін.

 

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҰҒА академигі

 

https://egemen.kz/article/216015-qudaybergen-zhubanov-dgane-qazaq-terminologiyasynynh-keybir-maseleleri