Понедельник, Июнь 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әке арманын ақтаған

Әке арманын ақтаған

1937 жылғы саяси қуғын-сүргінде НКВД-ның жандайшаптары «Жапония шпионы» деген нақақ жаламен ғалым-ұстаз Құдайберген Жұбановты алды-артына қаратпай, үйелмелі-сүйелмелі алты баласын зар жылатып, айдап әкетті. Есет сол кезде 8 жаста еді.

Ғалымның жары, ақылды да парасатты Раушан ана бала-шағасын алып, туған жері, алтын бесігі Ақтөбе облысының Жұрын ауданына бір-ақ тартады. Балаларын мектепке орналастырып, өзі колхоздың қара жұмысына кіріседі. Осылайша олар 30-40 жылдардың қиыншылықтарын жұртпен бірге көре жүріп, ержетті. «Тектіден текті туар — мүйізі қарағайдай, тексізден тексіз туар, адам жылағандай» деп текке айтылмаған ғой. Құдайбергеннің балаларының қай-қайсысы да елге белгілі азамат болса, олардың ішінде ортаншы ұлы Есет әке жолын қуып, филология ғылымдарының докторы, профессор атанды.

Есет Құдайбергенұлы 1946 жылы Ақтөбедегі Н.Байғанин атындағы мұғалімдер институтының даярлық курсын ойдағыдай аяқтап, 1947 жылы әкесі қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарған Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына қабылданады. Оның о бастағы мақсаты да әке жолын жалғастыру болған.

Осы жерде 1947 жылдың қыркүйегінде Есетпен таныстығымыз басталып еді. Бір курста 45 студентпіз. Сұрапыл соғыстың аяқталғанына екі жыл ғана өткен. Таңдап киіну, сән түзеу де­ген жоқ, бірақ оқуға деген ықылас күшті. Ұстаздарымыз да өте білімді, сол кездегі мақтаулы мамандар еді. Солардың бірі — қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Қажым Жұмалиев. Біз Қажекеңнің дәрісін қызыға тыңдап, тәптіштеп жазып аламыз. Ол кезде оқулық деген атымен жоқ. Ғұлама ұстаз құдды бүкіл қазақ әдебиетін жатқа білетін сияқты. Әсіресе, Махамбет, Абай жырларын шұбырта айтқанда аузымыз ашылып, ұйып қалатын едік. Лек­цияның ретіне қарай А.Пушкин, М.Лермонтовтардан да шумақ-шумақ өлеңдерді жатқа соғады.

Майданнан Алтын жұлдыз тағып, Советтер Одағының Батыры атанып қайтқан, аты аңызға айналған Мәлік Ғабдуллин ұстазымызға қызыға қараймыз. Лекциясының соңында, сәл тыныс алған уақытта ол: «Ал, жігіттер, қыздарға жазған өлеңдеріңді оқып жіберіңдер» — деп, қалжыңға басатын. Біздер: «Ағай, өлең жазбаймыз» — десек, «Қойыңдар, бәріміз жас кезімізде өлең жазғанбыз, өлең жазбайтын қазақтың баласы жоқ, — деп көңілімізді көтеріп қоятын.

Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Сәрсен Аманжолов докторлық диссертациясын біздің студенттік кезімізде қорғады. Орхон-Енисей жазуын ол кісінің дулат жазуы дегені есімде қалыпты. Неге екені белгісіз, Есет осы кісінің лекциясына бармайтын…

Есет студент кезінде ұяң, көбіне өзімен-өзі болатын. Оның көңілінде бір мұң бары байқалатын. Арамызда өте сыйлы болды. Жүріс-тұрысы салмақты, өте сабырлы, мінезі ауыр, бойында желікпе қасиеті жоқ, тойған қозыдай томпиып жүретін. 3-курста оны староста етіп те сайладық.

Есетпен бір курста төрт жыл бірге оқып жүріп, әкесінің белгілі ғалым, про­фессор Қ.Жұбанов екенін мүлде білмедік. Өйткені ол кезде оның есімі аталмаған ғой. Тек 1957 жылы ақталғанда ғана хабардар болдық емес пе?

Институтты бітірген соң Есет Солтүстік Қазақстан облысына кетті, ол жақта екі жыл мұғалім болып, содан соң облыстық оқу бөлімінде қызмет атқарды. 1955 жылы «Қазақстан мұғалімі» атты республикалық газетте әдеби қызметкер, одан соң бөлім менгерушісі ретінде білім беру жүйесіне байланысты мақалалар жазып, тыным таппай еңбек етті. Осы кездегі бір оқиға еріксіз есіме түседі. Мен «Қазақ тілінің грамматикалық терминдері» атты мақаламды Есетке көрсеткем. Бұл мақаланы жариялаймын деп алып қалды. Ол мақалада 5-7 сыныптардың қазақ тілі пәні оқулықтарында грамматикалық терминдердің әртүрлі қолданылып жүргенін, алалықтың ерекше орын алғанын да айтқан едім. Бұл мақала 1955 жылы 1 ақпанда жарияланды. Екі күннен кейін сол оқулықтар авторларының бірі, академик І.Кеңесбаев келіп: «Ой, бала, сен бізді қатырыпсың ғой, газеттен мақалаңды оқыдым», — дегені… Арада үш күн өткен соң министрлікте осы мақала бойынша мәжіліс өтті. Оған мен — автор ретінде, ал Есет газеттен шақырылды, оқулықтар авторлары да қатысты. Егер Есет ол мақаланы жарияламағанда, грамматикалық терминдердің ала-құлалығы жалғаса берер еді.

1957 жылы әкесі ақталған соң, Есет Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына қызметке шақырылды. Ол кезде курстас құрбылар: О.Нақысбеков, А.Әбдірахманов және мен осы институтта қызмет істеп жүргенбіз. Есеттің де қатарымызға қосылғанына қуандық. Бұл кез­де академик I. Кеңесбаевтың басшылығымен қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігі қолға алынып, баспаға дайындап жатқанбыз. Есет те бұл шаруаға қызу араласып кетті. Сондай-ақ, институтқа келген соң ол әкесінің еңбектерін жарыққа шығару ісіне білек сыбана кірісті.

Есеттің отбасымен, туған-туыстарымен де қарым-қатынасымыз жарасымын тапты. Әсіресе, алтын анасының біздер Есетті іздеп барғандағы жылы қабағы, мейірімді жүзі ол кезде әлі үйлі-жайлы бола қоймаған бізді ерекше жадыратушы еді.

1957 жылдың маусымы болатын. Бір күні Есет Айтым екеумізге келіп, «Ахаңа (Ахмет Жұбановқа) партбилетін қайтарып берді» — деп, ерекше қуанышын жеткізді. «Құттықтап қайтайық» деп, сау етіп жетіп бардық. Ахаң болса өзіміз қызмет ететін Тіл және әдебиет институтының өнер секторының меңгерушісі еді. Институт қызметкерлері ғана емес, үлкенді-кішілі ғалымдардың бәрі оны құрмет тұтады.

Біздер есіктен кіре бере, жік-жапар болып жатырмыз. Сәлемімізді алып жатып, Ахаң да: «Науан, әй, Науан! Есеттің жолдастары келіп қалды ғой, қайдасың?» — деп дауыстап жатыр. Өзі «Науан» деп құрметтейтін жұбайы Науат — қазіргі академиктер Болат және Қайсар Ахметұлдары мен композитор Ғазиза Ахметқызының анасы еді. Ақсары өңді, аса мейірімді, жайдары жан екен. Әңгіме-дүкен құрып отырып, шай іштік. Шайдан соң Ахаң домбырасын қолға алып, өзінің «Қарлығаш» т.б. әндерін тартты. Кейіннен Айтым екеуміз көпке дейін «ұлық болсаң — кішік бол» деп халық текке айтпаған-ау десіп, Ахаңның кішіпейіл, қарапайым мінезіне тәнті болып жүрдік.

Есеттің қазақ лексикографиясы саласындағы тағы бір толымды еңбегі — он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» жасауға қатысуы. Ол бұл күрделі де іргелі еңбектің бесінші, алтыншы томдарын жасауға атсалысып, жалпы көлемі 8 баспа табақ жұмыс жазды. Есет Құдайбергенұлы бұл кезде «Қазақ тілі тарихы» бөлімінде қызмет атқару барысында халық ауыз әдебиеті тілі тарихын зерттеумен шұғылданып, ынталана еңбек етіп жүрген. Оның басты себебі — өзі үнемі ай­тып жүретін папасының сонау 1934 жылы жариялаған «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» атты, елдің аузынан түспейтін атақты еңбегінің тегеурінді әсері еді.

Ол 1967 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосының тілі жөнінде» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Сондай-ақ, өз әкесі Қ.Жұбановтың таңдамалы еңбектерін, академик Ахмет Жұбановтың «Ән-күй сапары» атты көлемді еңбегін, «Абай» энциклопедиясын, басқа да ондаған академиялық жинақтар мен кітаптарды шығаруға тікелей қатысты. Алғашқы монографиялары «Эпос тілінің өрнектері» және «Қазақ тілінің тарихи көздері» (ұжымдық) 1978, 1989 жылдары жарық көрсе, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосының текстологиясы» (1994 ж.), «Қазақтың ауызекі көркем тілі (1996 ж.) атты монографиялары — қазақ тіл білімінде тұңғыш рет жазылған соны да маңызды еңбектер екені даусыз.

Ғалым Есет Құдайбергенұлы ұзақ жылдар бойы қазақ әдеби тілінің тың да зәру, әрі дау-дамайы көп саналатын бөлігі — халық әдеби тілінің даму, қалыптасу мәселелерімен дамылсыз шұғылданған еді. Соның нәтижесінде «Халық әдебиеті тілін зерттеудің лингвостилистикалық аспектілері» атты докторлық диссертация жазып, 1997 жылы қорғап шықты. Оның «жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетінің негізінде қалыптасып дамыған» деуі бұрынғы пікірлермен жанасып жатса, ауыз әдебиетіміз бен жазба әдебиетіміздің арасының тығыз бірлікте жалғасын тауып отырғанын дәлелдеген ой-пікірі ғалымдар арасында кеңінен тарап, қолдау тапқан еді.

Қазақ халық әдебиетінің эпикалық бай түрінің Орхон ескерткіштерінен басталмайтынын айтып, керісінше, көне жазуларды эпос жүйесіне, оның кейіпкерлеріне барынша еліктеуден, ауызекі сөз өнерінің эпикалық дәстүріне мықтап бой ұрудан пайда болатын әдебиет үлгілері деп білді. Ауыз әдебиет дәстүрі ешқашан жазба әдебиеттен басталмақ емес деген қисынды ой-түйін көптің көкейінен шығып, қолдау тапқан болатын.

Отыз жылдан аса ғылыми ізденістермен шұғылданған ғалым өмірінің соңғы жиырма жылын ұстаздықпен жалғастырды.

1990 жылы 23 ақпанда Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына (1996 жылдан университет атанды) Қ.Жұбанов есімі берілгеннен бастап мұнда «Жұбановтану» атты арнаулы пән оқылатын болды. Сол кездегі институт ректоры М.Арыновтың құлшына кірісуімен «Жұбановтану» зертханасы да ашылды. Оны басқару және қазақ тілі теориясы кафедрасының меңгерушісі болу үшін, М.Арынов Алматыдан Құдайберген Жұбановтың ұлы — Есет Жұбановты шақырды. Есет әкесінің ғылыми мұрасын зерттеп, кезінде бастап, аяқтай алмай, армандап кеткен ізгі істерін жалғастырып, алға апарып, әке арманын ақтауға бел шеше, белсене кірісті. Ол Құдайберген Жұбановтың еңбектерін жүйелеп зерттеп, тың деректер іздестірді. Жас ғалымдарды баулып, тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосты.

1996 жылы Ақтөбе университетінің профессоры атанып, университеттің, факультеттің ғылыми кеңестерінің, ғылыми-методикалық орталықтың, университет ғалымдарын аттестациялау комиссиясының мүшесі болып, қоғамдық жұмыстарға белсе­не атсалысты.

Профессор Е.Жұбанов өзінің әкесі, профессор Қ.Жұбанов атындағы университетте өзіне жүктеген жауапты да абыройлы істерді атқаруда бар күш-жігері мен қабілетін аямастан еңбек етіп, ғылым жолы мен ұстаздықты нәтижелі де табысты түрде ұштастырып, салиқалы еңбек жолын ұстап, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсете алды. «Жұбановтану» тақырыбы бойынша курстық, дипломдық жұмыстар мен кандидаттық диссертациялар жазылды. Е.Қ.Жұбановтың шәкірттері — Ж.Тектіғұл, Н.Сәдуақас, М.Миров, М.Доспағанбетов, Ж.Сұлтан, про­фессор

Қ.Жұбанов мұралары жөнінде жазған кандидаттық диссертацияларын сәтті қорғап шықты. Олардың арасында Жанна Тектіғұл ғылыми-зерттеу жұмысын одан әрі жалғастырып докторлық диссертация қорғады.

«Жұбановтану зертханасында» тіл мамандығынан басқа да ғылым салаларының ізденушілері кеңес ала жүріп, журналистика кафедрасының аға оқытушысы

Ә.Оралбай, қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Ә.Ұлықпановалар зертхана меңгерушісі Е.Қ. Жұбановтың кеңесші болуымен кандидаттық диссертацияларын қорғады.

Міне, әке арманын ақтаған деп осындай азаматты айтса болар.

Профессор Есет Жұбанов өз болмысы, терең білімі мензор адамгершілігі, ұстаздық пен ғалымдық жолдың тізгінін тең ұстау барысында көптеген мемлекеттік марапатқа ие болды. Ол 2005 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі үлгілі еңбегі үшін марапатталып, Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хаты мен автокөлікке ие болса, педагогикалық қызметтегі табыстары үшін «Қазақстан Республикасының білім озаты», Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері атанды. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, 2003 жылы «Ақтөбе облысының құрметті азаматы», 2004 жылы «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атанды.

Есағаң байсалды да білімді ғалым-ұстаз болумен қатар, қара сөзге дес бермес хас шешен әрі ақынжанды ғажайып жан еді. Замандас, құрбы-құрдастарына арнаған шумақ-шумақ өлеңдері әсерлі де өткір шығушы еді.

Аяулы дос, асылдың тұяғы, айтулы азамат, ұстаз-ғалым Есағаң арамызда жүргенде бүгін 90 жылдық мерейтойының төрінде жуан төбедей болып, шалқып отырар еді. Амал қанша, «жазмыштан озмыш жоқ». Жұрт «Ат тұяғын тай басар» деп текке айтпаса керек. Қ.Жұбанов атындағы университеттің «Жұбановтану» зертханасын Құдайберген Жұбановтың немересі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, полиглот Ардақ Есетқызы Жұбанова көпке дейін басқарып, атасы мен әкесінің жолын қуып, олардың игі істерін жалғастырды.

Зәулім бәйтеректей болған профессор Құдайберген Жұбановтың шарапаты мен шексіз дарыны ұрпақтарына дарып, бұл күнде қазақ халқының ғылымы мен мәдениетінің төрінде олардың әлеуетінің есімдері шоқ жұлдыздай жарқырап тұр.

 

Телқожа ЖАНҰЗАҚ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

https://aqtobegazeti.kz/?p=81780