Воскресенье, Январь 29, 2023
Басты > БАҚ біз туралы > Жас кәсіпкерлердің жаңа бағыты

Жас кәсіпкерлердің жаңа бағыты

Форум

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жастарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған облыстық «Жас кәсіпкерлер» форумы өтті.

Облыстық кәсіпкерлік, жастар саясаты мәселелері басқармалары және облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен өткен шараға бизнес саласына енді ғана қадам басқан 100-ге жуық жас қатысты.

Қатысушылар алдында облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері кәсіп бастаудағы тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар шара барысында үздік кәсіпкерлердің жұмыстарынан көрме ұйымдастырылып, «Облыстың жас кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау көрсету шаралары», «Time menedgment», т.б тақырыптарда секциялық жұмыстар өткізілді.

— Қараша айында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен жоғары және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, сондай-ақ облыс аудандарындағы колледж оқушыларының арасында облыстық «Start-UP Fair» атты бизнес инкубаторлар байқауы өтті. Осы байқау барысында жұмыстары іріктелген 25 жас бүгінгі форум барысында өз идеяларын таныстырды. Белгілі кәсіпкерлер оларға бағыт-бағдар беріп, қаржылай қолдау білдірсе, жастардың өз кәсіптерін дөңгелетуге зор мүмкіндік бар. Биыл Жастар жылы аясында «Жас кәсіпкер» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынғалы белгілі. Осы бағдарлама нәтижесінде облыс бойынша 1100 жас 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Мемлекет басшысы да атап өткендей, кәсіпкерлік бағытында жастарға жан-жақты қолдау білдіруіміз керек. Жастардың жалындап, дамуына жаңа серпін беретін осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек, — деді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиева.

Аталған университеттің кәсіби шығармашылық факультетінің 2-курс студенті Тимур Нарымов «Team. Travel-groop» атты стартап жобасын таныстырды.

— Біз қала маңындағы демалыс орталықтарымен келісім жасап, тұрғындардың табиғат аясында демалуына мүмкіндік жасаймыз. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін билет құны — 5 мың теңге. Оның ішіне жол жүру ақысы, тамағы және фото-видео қызметтері, экстремалды ойын түрлері кіреді. Мектептерде де оқушылар үшін қолжетімді бағада өз қызметтерімізді ұсынамыз. Бүгінгі форумда кәсібімді одан әрі дамытуға қажетті нұсқаулар алдым, — дейді ол.

Форум соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

 

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК

https://aqtobegazeti.kz/?p=81884