Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Басты ұстаным – әділдік, парасаттылық және сенім

Басты ұстаным – әділдік, парасаттылық және сенім

Жұбанов университетінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың қатысуымен «Әділдік. Парасаттылық. Сенім» атты халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті. Халықаралық деңгейдегі форумның Ақтөбе облысында алғаш рет өткізіліп отыр.

Мұндағы мақсат — жастар арасында сыбайлас жемқорлық ұғымын жою және оған жол бермеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті  қалыптастыру.

Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың Ақтөбеге сапары барысында алдымен Жұбанов университетінің цифрландыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс тәжірибесімен танысты. Онда ситуациялық орталықтың, «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығының, «Парасаттылық метебі» мен «Адалдық дүкенінің» жұмысы назарға ұсынылды. Сапар барысында Агенттік төрағасы университеттің заманауи сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологияларды енгізу жөніндегі жұмысын, оның ішінде цифрлық-сандық ортаны қалыптастыру және электрондық форматта қызмет көрсетуін жоғары бағалады.

Халықаралық форумның шымылдығы «Әділдік. Парасаттылық. Сенім» тақырыбында арнайы дайындалған бейнероликпен түрілді.  Сондай-ақ, университет оқытушыларының  әзірлеген «Парасаттылық негіздері» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы кітабы таныстырылды. Онымен қоса форум қонақтары мен қатысушыларының назарына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нұрлыбек Жұбатқанның «Түйреуіш» сатиралық кітабы мен «Қоңырау» театрландырылған қойылымы ұсынылды.

Айта кетейік, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумға Ресей Федерациясы, Корея, Польша және Қытай мемлекеттерінің  жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Сонымен  қатар, форум барысында Ресей Федерациясы Орынбор облысы Тергеу комитетінің басқармасымен онлайн-байланыс ұйымдастырылды.

Жалпы саны 100-ге жуық адамды қамтыған форум барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінің озық тәжірибелері талқыланып, жүзеге асырылып жатқан тың жобалар мен тиімді әдіс-тәсілдер баяндалды. Бұл жиында алғашқы болып сөз сөйлеген философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі Амангелді Айталы өзінің пайымды ой-пікірін білдірді.

Басқосуда  ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының филиал директоры Саида Садуақасова, блогер Мейрамбек Камалов, Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Нұрбақыт Алтынбекқызы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ақпараттық-ағарту штабының сарапшысы Айнұр Нурутдиновалар ойларын ортаға салды. Баяндамашылар сыбайлас жемқорлықпен барлық халық болып күресуге, әсіресе, Ақтөбе жастарының қосар үлесі зор екендігін айтты.

Форумға арнайы қатысқан Ресей, Польша, Қытай және Корея елдерінің жоғары оқу орындарының өкілдері өз елдеріндегі және Қазақстандағы үздік тәжірибелермен бөлісіп, тұшымды ойларын жеткізді.  Қатысушылардың пікірінше, бүгінгі форум сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға тың серпін беретін диалог алаңына айналды.

Өз кезегінде  сөз алған өңір басшысы  Оңдасын Оразалин сыбайлас жемқорлықпен күрес әрбір азаматтың борышы, сыбайлас жемқорлық қоғамның өзекті мәселесі екендігін атап өтті.

Форумды қорытындылаған Агенттік төрағасы  Алик Шпекбаев Қазақстан жастары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға дайын ең белсенді және нәтижелі топ екендігін атап өтті. Сонымен қоса, жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеуге және отбасы институтының рөліне назар аударды.

— Білім беру ұйымдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту саласындағы белсенді әлеуметтік сала екендігі сөзсіз. Дегенмен, менің ойымша жастарда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда отбасы, нақтырақ айтқанда оның тәрбиелік функциясы ең маңызды рөл атқарады. Отбасында өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше назар аударылуы тиіс, себебі баланың санасы мен құқықтық мәдениеті оның тәрбесіне байланысты. Егер оның бойында ар-ұят, әділдік пен парасаттылық қасиеттері болса, ол ешқашан заң бұзбайды, демек сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасамайды және халқына адал қызмет етеді, — деді.

Форумның соңында Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев пен  Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға жыл бойы белсенді қатысқан азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында университет проректоры Нұржан Бердыбаев та бар.

Бүгінгі өткен Халықаралық форум құтты мекенге айналған  тарихи өлкені жемқорлық кеселінен арылтып, өркениет ошағына айналдыруға бірден-бір негізгі қадам болмақ.