Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мамандық таңдауға бағыт берді

Мамандық таңдауға бағыт берді

Жұбанов университетінің Студенттер сарайында үстіміздегі жылдың 5-6 қаңтар күні өткізілген жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің марапаттау салтанаты өтті.
Облыстық олимпиаданың жеңімпаздарын марапаттау салтанатына Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы, білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, қазылар алқасы, тәуелсіз бақылаушылар мен ардагер ұстаздар қатысты.
Олимпиада дарынды балаларды анықтау үшін жағдай жасау, республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыларды iрiктеу және даярлау, білім берудің беделiн көтеру мақсатында ұйымдастырылған. Айта кетейік, олимпиаданың қазылар алқасының құрамына Жұбанов университетінің ғалымдары мен Ақтөбе қаласындағы халықаралық олимпиада жеңімпаздары енгізілген.
Атаулы шара барысында Студенттер сарайының фойесінде жиналғандарға Жұбанов университетінің білім бағдарламаларының көрмесі ұйымдастырылды. Аталмыш көрмеде кәсіби бағдар берушілер облыстың және ауданның мектептерінен келген 800-ге жуық оқушыға университеттің барлық білім бағдарламаларымен таныстырып, жоғары оқу орнына түсу ережелері туралы толық ақпарат берді.
— Біз бүгін Ақтөбе облысының білім басқармасының қолдауымен өткізілген жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің марапаттау шарасына қатысып отырмыз. Шараға облысымыз бен аудандардағы 9-11 сыныптардың дарынды балалары келді. Олардың әрқайсысы аталған сынақтан сүрінбей өтіп, республикалық олимпиадаға жолдама алғандар. Сондықтан, бүгінгі көрмеге облыстың, ауданның ең үздік оқушылары келді деуге болады. Көрменің басты мақсаты — балаларға болашақ мамандығын таңдауда жол көрсетіп, бағыт-бағдар беру, — деп атап өтті университеттің Кәсіби бағдар және қабылдау комиссиясы бөлімінің басшысы Рауан Жалтырбаева.
Мақсат — оқушыларға мамандық таңдауда бағыт бағдар беріп қана қоймай, жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігімен де таныстыру.
Университеттің көрмесіне келген мектеп оқушыларының қарасы қалың. Болашақ талапкерлер қазірден бастап, оқу ордаларының талаптарын тыңдап, грант жеңіп алуға үмітті. Өйткені, қазірден мамандықтарын таңдап, қай жоғары оқу орнында білімін шыңдайтынын анықтап алса, болашағы үшін жақсы екенін біледі. Оқушылар осындай шаралар көптеп ұйымдастырылса екен деген тілектерін де айтып отыр.
Солардың бірі облыстық олимпиада қатысушыларының ішінен «Үздік ауыл оқушысы» номинациясын жеңіп алған Ойыл ауданы Сапақкөл орта мектебінің оқушысы Аманжан Бекнұр:
— Мен тарих мамандығының иесі болмақпын. Білімімді жалғастыратын оқу орнын да таңдап қойдым. Осындай көрмелер жиі ұйымдастырылып тұрса екен. Біз үшін үлкен мүмкіндік, — деді ол.
Салтанатты шара соңында оқушылары жоғары белсенділік пен жоғары білім деңгейін көрсеткен мектептер және білім беру ұйымдары марапатталып, көшпелі кубоктар табысталды.