Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде ғылымның дамуы талқыланды

Жұбанов университетінде ғылымның дамуы талқыланды

Жұбанов университетінде Ғылыми кеңестің кезекті мәжілісі өткізілді. Отырысқа  ғылыми кеңес мүшелері, университет құрылымдарының басшылары, кафедра меңгерушілері және «Атамекен» ҰКП аумақтық бөлімі Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Диана Жұмабаева, «Казхром» ТҰҚ» АҚ «ERG ҒЗИО» Металлургия зертханасының меңгерушісі Марал Алмағанбетов  қатысты.

Алдымен күн тәртібінде университеттің 2019 жылғы ғылыми-зерттеу қызметінің қорытындысы және 2020 жылға арналған міндеттері, кәсіпкерлік ЖОО қалыптастырудағы startup-жобалардың рөлі, ғылымның өндіріспен байланысы,  студенттік ғылымды дамытудағы ғылыми үйірмелердің рөлі, «Жұбанов университетінің 2019 жылғы ғылыми-зерттеу қызметінің қорытындысын» сараптау комиссиясының есебі және әртүрлі мәселелер қаралды.

Кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселеге ойысты.  Ғылыми кеңесте алдымен сөз алған университет проректоры  Рахым Бекназаров Жұбанов университетінің 2019 жылғы ғылыми-зерттеу қызметінің қорытындысы және 2020 жылға арналған міндеттері туралы есеп берді.  Ол баяндамасында ғылыми кадрлық әлеует, ПОҚ ғылыми жетістігі, ғылыми кадрлар даярлау, БжҒМ гранттық жобалары, студенттік ғылыми-зерттеу жұмысы, ғылыми көпшілік жобалар сынды мәселелерге тоқталды.

Университет проректоры оң динамиканы атап өтті. Мәселен, Scopus және Web of Science халықаралық ғылыми жарияланымдары негізінде университет ғалымдарының мақалалары 2019 жылы 70 жұмыспен салыстырғанда, 2019 жылы 70 жұмысты құрады; Web of Science негізінде жарияланған мақалалардың сілтемелік белсенділігінің нәтижесінде университеттің Хирш индексі 3-тен 6-ға дейін көтерілді.  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің БҒСБК бекіткен басылымдардағы жарияланымдар саны өткен жылмен салыстырғанда 174-тен 216-ға дейін өсті.

Отырыста  патенттер, авторлық куәліктер, университет ғалымдарының монографиялары және тағы да басқаларының санының ұлғаюы туралы айтылды. Жұбанов университетінің 2019 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері арасында сәтті өткізілген 9 халықаралық және 4 республикалық конференциялар, сонымен қатар 2 оқытушының «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы — 2019» байқауындағы жеңісі ерекше атап өтілді.

Мәжілісте студенттердің ғылыми қызметі назардан тыс қалмады. Сонымен, 2019 жылы университет білім алушылары студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары (СҒЗЖ) байқауында «Мұнай-газ ісі», «Металлургия», «Физика», «Математика» бойынша жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ,  университеттің 20-дан астам командасы дәстүрлі халықаралық, республикалық пәндік олимпиадаларға қатысып, командалық есепте көшбасшы атанды.

Ғылыми кеңестің кезекті отырысына  қатысқан  университеттің серіктестері де сөз алды. «Казхром» ТҰҚ» АҚ «ERG ҒЗИО» металлургия зертханасының меңгерушісі Марал Алмағанбетов жиналғандарға бірлескен ғылыми-зерттеу жұмысы туралы айтып берді: «2006 жылдан бастап біз Жұбанов университетімен белсенді жұмыс жасап келеміз. Университет студенттері зертханада тәжірибеден өтіп, оқу орнын аяқтағаннан кейін біздің қызметкерлеріміздің негізгі құрамын құрайды. Бұдан басқа, шикізат пен басқа да бағыттар бойынша бірлескен жобалар үнемі жасалып отырады», — деді М.Алмағанбетов.

Басқосу барысында өз кәсібін бастаған студенттердің өзекті мәселелері де айтылды. «Атамекен» ҰКП аумақтық бөлімі Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Диана Жұмабаева жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша бірлескен жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол соңғы 2 жыл ішінде көптеген семинарлар, тренингтер мен байқаулар өткізілгенін атап өтті. «Кәсіпкерлер Палатасы студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға үйретуге және олардың бизнесін идеялардан іске асыруға мүмкіндік беруге дайын.  Жеке бизнес — өзін-өзі дамытудың жақсы мүмкіндігі. Біздің оқу курстарында бизнес-тренерлер өз ісін барынша аз қаржыландырумен қалай ашуға болатынын, қандай бизнес түрлері сұранысқа ие екенін айтып береді», — деді ол.

Сондай-ақ, мінберде сөз сөйлеген «24 ELEMENT» ғылыми үйірмесінің жетекшісі Альбина Ерсайынова студенттік ғылыми үйірмелердің 2019 жыл бойынша есебі жайында баяндап, ұсыныстарын жеткізді.

Оның айтуынша, 2018  жылы университетімізде 19 студенттік ғылыми үйірме болса, 2019 жылы 26 студенттік ғылыми үйірмені құрайды. Ал солардың бірі — құрамында 23 білім алушысы  бар «24 ELEMENT» студенттік үйірмесі «Металлургия және тау-кен ісі» кафедрасы жанынан құрылған. Үйірме білім алушылары жыл сайын республикалық пәндік олимпиада, республикалық студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауларына қатысып, тұрақты түрде жүлделі орындарды иеленіп келеді. Сондай-ақ,  үйірме білім алушылары 2019 жылы «KAZENERGY» қауымдастығы  «Student energy challenge» атты үздік идеялар байқауына қатысып, 70 командадан 5- ші орынды иеленді. Айта кетейік, техникалық факультеті «Казхром» Трансұлттық компаниясымен тығыз байланыста. Ғылыми үйірменің білім алушылары да «Казхром» Трансұлттық компаниясы акционерлік қоғамының стипендия иегерлері. Аталған компания жастарды ғылымға бейімдеу, ынталандыру мақсатында ғылыми байқаулар, конференциялар  ұйымдастырып отырады.

Мінберден сөз алған   комиссия төрайымы  Алтыншаш Бекбауова Жұбанов университетінің 2019 жылғы ғылыми-зерттеу қызметінің қорытындысын» сараптау комиссиясының есебіне де егжей-тегжейлі тоқталды.

Университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков аймақтың нақты мәселелерін шешуге арналған жобаларды әзірлеудің, ғылыми кадрлар санын көбейтудің және университеттің ғылыми әлеуетін дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті, өндірістік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар ұйымдастырған гранттық қаржыландыру байқауларына университет оқытушыларының қатысуы және 2020 жылға арналған бірқатар басқа міндеттерді атап өтті. Жас ғалымдардың ғылыми жобаларын қорғау, студенттердің стартап жобалары мен ғылыми байқауларға қатысуы туралы мәселелері туралы да тілге тиек етті.

Жиында университет ғалымдары ғылыми Кеңесте көтерілген мәселелерге қатысты өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді. Мәжіліс  соңында өзге де өзекті мәселелер талқыланып, арнайы қаулы қабылданды.