Вторник, Сентябрь 29, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Ұлы тұлғаны тану

Ұлы тұлғаны тану

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Абайтану және ұлттық руханият» орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Шараға зиялы қауым өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, белсенді студенттер қатысты.

Дөңгелек үстелді жүргізген университеттің  ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров Мемлекет басшысының жариялаған мақаласы туралы өз ой-пікірін ортаға салып, биыл ұлы ақынның мерейтойына орай оқу орнында үлкен іс-шаралар апталығы ұйымдастырылатынын, осыған орай бүгінгі күні жоспар жасалып жатқанын жеткізді.

— Өткен жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай іс-шаралардың бастауы ретінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Жұбановтан — Абайға» атты экспедиция ұйымдастырылып, Ақтөбе — Нұр-Сұлтан —Павлодар — Семей — Жидебай — Баянауыл — Қарқаралы — Қарағанды бағытындағы киелі жерлерде болып қайтты. Сонымен қатар жуырда облыстың 12 ауданына сапарға шыққан университетіміздің «Жұбанов керуені» жобасы аясында Абай мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау барысында абайтанушы, университет ректоры Бауыржан Ердембековтің «Абайтану» атты кітабының  500-ге жуық данасы аудан мектептерінің кітапхана қорына табысталды. Аталған кітапты алдағы уақытта Ақтөбе қаласының мектептеріне таратуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ биылғы жылы Құнанбай мен Досжан ишанмен байланысы, Абайдың үшінші атасы Ырғызбайдың Ырғыз жерінде туғаны туралы деректер жөнінде зерттеулер жасалып, Семейдегі Абайдың мұражайын университетке арнайы шақыртпақпыз, — деді ол.

Басқосуда Абай және оның шығармалары, Мемлекет басшысының Абай туралы мақаласы туралы баяндама жасаған «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Абат Пангереев Абайдың 175 жылдық мерейтойының тағылымдық маңызына тоқталып, жастарға сапалы білім, ұлттық тәлім-тәрбие беруде Абай өлеңдері мен қара сөздерінің мәні зор екенін жеткізді.

Дөңгелек үстел барысында Мемлекет басшысының мақаласы мен университетте Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу жоспары талқыланып, жиынға қатысушылар өз ой-пікірлерін білдірді. Мәселен, әдебиеттанушы Әдебиет Молдаханов бүгінгі күні Абай мұраларын зерттеп, оны өскелең ұрпаққа жеткізуде «Абайтану және ұлттық руханият» орталығының маңызы зор екенін, елімізде Семей, Алматы қалаларынан кейін Батыс Қазақстан бойынша университет жанынан ашылған орталықтың облыс үшін зор жетістік екенін атап өтті.

— Абай қазақты әлемді танытты. Сондықтан Абай қазақтың бейнесі болуы керек. Осы орайда Абайдың Ақтөбе жеріне қатысы бар екенін, оның үшінші атасы — Ырғызбайдың Ырғыз жерінің тумасы екендігін айта кеткен жөн. Ал Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің арғы атасы Бақсайыс Ақтөбе жерінде жатыр. Демек, Ақтөбе — Абайдың екінші Отаны, — деді ол.

Бұдан кейін философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы Абай Құнанбаевтың шығармалары ұлттың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын, мінезін түгел қамтитынын, сондықтан ақынның еңбектерін басшылыққа ала отырып, оны ұтымды пайдалану қажет екенін, Абай көтерген мәселелер бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.

—  Абайды сөз еткенде, ең алдымен, «жастар Абайды біле ме екен?» деген сауал туындайды. Осы орайда біз университеттегі барлық факультетке Абай шығармаларын оқытуымыз керек. Екіншіден, Абай тек ақын емес, ол — ойшыл. Сондықтан ақынның айтқан нақыл сөздерін, тәрбиелік мәні зор өлеңдерін елге, жастарға, болашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек. Бұл бағытта мен Абайдың мұрасын халыққа насихаттау, сол арқылы бүгінгі қоғамдағы мәселелерді қозғауды ұсынамын. Алдағы уақытта университеттегі ғалымдар мен оқытушылар жергілікті телеарнамен бірлесіп, бағдарлама әзірлесек деген тілек білдіремін. Бұл биылғы Абайдың мерейтойына жасаған біздің ең үлкен үлесіміз болмақ, — деді А.Айталы.

Жиында сондай-ақ философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Әбенов,  философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсембин, т.б. Президент мақаласына қатысты өз ойлары мен пікірлерін жеткізді.

 

Данагүл ҚАЗИХАН

https://aqtobegazeti.kz/?p=82514