Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Абай > Абайды тану — сөз қадірін ұғыну

Абайды тану — сөз қадірін ұғыну

Абай — қазақтың бас ақыны, әлемдік тұлға, кемеңгер ойшыл. Ұлы ақынның өмiрi, артында қалған мұрасы — ақындықтың, ойшылдықтың, данышпандықтың мектебi ғана емес, ұлтын сүюдiң, халқына жанашыр болудың өмiрлiк өнегесi. Осы орайда Абай Құнанбаевтың өмірін, шығармашылығын зерттеу, оның мол мұрасын келешек ұрпаққа жеткізу — бүгінгі күннің басты миссиясы. Бұл бағытта қазіргі таңда Алматы, Семей, Шымкент қалаларында «Абайтану» орталықтары жұмыс істейді. Ал еліміздің батыс өңірінде алғаш болып Ақтөбе қаласында, оның ішінде өңірдегі үлкен білім ордасы — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде ашылған «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығы Абайды зерттеп қана қоймай, студенттердің ұлы ақын туралы жан-жақты мағлұмат алып, білімдерін жетілдіруіне зор ықпал етіп келеді.

Ашылғанына екі жыл болған орталыққа бүгінгі күні Ақтөбеде қазақ филологиясының ашылуына еңбек сіңірген тіл жанашыры, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев жетекшілік етеді.

Университеттің Н.Байғанин атындағы оқу ғимаратында орналасқан «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығында бүгінгі күні Абай Құнанбаевқа қатысты 60-қа жуық еңбек, ақынның портреттері, Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайы сыйға тартқан баннерлер мен Абайды зерттеген ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Әдебиет Молдахановтың 300-ге жуық кітабы бар. Қазіргі таңда бұл орталықта Абайға қатысты, жалпы ұлттық руханият, қазақ әдебиетіне байланысты әртүрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, мәдени іс-шаралар өткізіліп, оқу орнының білім алушыларына дәріс те оқылады.

Орталық жетекшісі Абат Пангереевтің айтуынша, бүгінгі орталықтың негізі 1993 жылдан бастау алады. Себебі сол кезеңде Ақтөбеде алғаш қазақ филологиясы мамандығын ашқан ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Арынның бастамасымен филология факультетінде «Абайтану» мұражай-кабинеті өз жұмысын бастаған болатын.

— Мұхтар Арын Абайды көп зерттеген адам еді, ол кісі Абайдың жанашыр іздеушісі болатын. Міне, сол кісінің бастамасымен алғаш рет Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының қабырғасында «Абайтану» мұражай-кабинеті ашылып, бағдарламаға «Абайтану» пәні енгізілді. Мұқаң Абай туралы көп білетін және жұртқа айта білетін азамат еді. Ол сол кезеңде факультетте еңбек ететін Баян Борашев, Ғайша Ниязова сияқты оқытушыларды қасына ертіп, арнайы жұмыс тобын құрып, Семейдегі Абайдың мұражайынан экспонаттар алдырған болатын. Кейін сол мұражайға келген студенттер Абай туралы кеңінен мағлұмат алып, кабинетте әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Міне, сол алғаш Мұқаң ашқан мұражайдың ізін жалғастырып, 2017 жылы қазан айында университет ректоры, абайтанушы Бауыржан Ердембековтің бастамасымен қазақ әдебиеті кафедрасы жанынан «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бұл жерде орталықты «Абайтану және ұлттық руханият» деп атауымыздың үлкен мәні бар. Себебі, біріншіден, Абай ұлттан биік емес, сондықтан біз Абайды ұлттық руханияттың бір бөлігі ретінде қарастырамыз. Екіншіден, «ұлттық руханият» дегенде, қазақтың ауыз әдебиеті, фольклор жанрларын зерттейміз.  Олардың ішінде эпос, батырлар жыры, ғашықтық жырлар, тарихи эпостар, аңыздар, әфсаналар, хикаялар, хикаяттар, фольклорлық әңгімелер, тағы басқалар бар. Біздің облысымызда фольклордың осы түрлері әлі күнге дейін зерттелмей келеді. Соларды жан-жақты зерттеу, Абай шығармаларын зерттеу және оны таныту, сонымен бірге ұлттық руханиятқа кіретін фольклордың түрлерін жарыққа шығару — ғылыми-зерттеу орталығының негізгі міндеті. Орталық тек қана Абайтанумен шектелмейді, фольклорды қозғасақ, біз әріге, көне заманға, кетіп қаламыз. Ал Абай — ұлттық руханияттың бір және бірегей бөлігі. Сол себепті қазіргі таңда орталық Абайдың өмірін, шығармаларын насихаттау, оны таныту жұмыстарына белсене атсалысып, жан-жақты жұмыс жасап жатыр, — дейді А.Пангереев.

Ашылған күннен бастап Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайымен тығыз байланыс орнатқан орталық бүгінде ұлы ақын туралы еңбектер мен материалдарды жинақтап, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Бұған дейін орталық Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайымен бірлесіп, оқу орнында «Адамзаттың Абайы» атты жылжымалы көрме өткізсе, өткен жылы орталық жұмысымен танысуға филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметов арнайы келген. Ал алдағы уақытта орталық еліміздегі «Абайтану» орталықтарымен тығыз байланыс орнатып, Абайды насихаттау мақсатында жаңа бастамаларды қолға алмақ.

— Орталық жоспарында еліміздегі «Абайтану» орталықтарымен байланыс орнату, белгілі абайтанушыларды шақырып, дәріс оқыту, университет қабырғасында студенттерге циклдық дәрістер жүргізу, Абайдың шығармаларын зерттеуге тақырыптар беру, оларды талқылау, бекіту жұмыстарына қатысу, қазақ әдебиеті кафедрасымен байланыс орнатқан базалық мектептердің оқушыларына шеберлік сыныптарын, тренингтер өткізу, тағы басқа жұмыстар бар. Ал биыл университетіміз ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай арнайы апталық өткізуді жоспарлап отыр. Жалпы біз бұл мерейтойға дайындықты өткен жылы бастап кеткен болатынбыз. Атап айтсақ, былтыр 1-10 маусым аралығында «Жұбановтан Абайға дейін» деген атаумен Ақтөбеден Жидебайға дейін ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырдық. Айта кету керек, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай сол кездегі Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Мұхтар Арын осы бағытта экспедиция ұйымдастырып, ағамыздың орны толмас қазасына байланысты сапар орта жолдан үзілген болатын. Сол үзілген тарихи сабақтастықты осы сапар арқылы қайта жаңғыртып, өткен жылы құрамында жеті адамнан тұратын экспедицияға жетекшілік етіп, Абайдың туған жеріне арнайы барып қайттық. Сапар аясында Абайдың еліне барар жолда көптеген тарихи орындарды, Мұхтар Әуезовтің Бөрілідегі музейін, Күшікбай батырдың асуын, Ғазиза қыздың бейітін, Еңлік-Кебектің үңгірі мен ескерткіш-күмбезін аралап, Абайдың кесенесіне барып жеттік. Хәкім Абай мен философ Шәкәрімнің рухына тағзым етіп, кесенесін аралап шықтық. Биыл аталған апталық аясында университет басшылығы мен орталықтың атсалысуымен халықаралық ғылыми конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған белгілі абайтанушылар мен ғалымдарды шақырамыз, — дейді орталық жетекшісі.

Өткен аптада «Абайтану және ұлттық руханият» орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысып, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай университетте өткізілетін іс-шаралардың жоспары да талқыланды. Осы басқосуда белгілі болғандай, алдағы уақытта орталықтың атсалысуымен Құнанбай мен Досжан ишанның байланысы, Абайдың үшінші атасы Ырғызбайдың Ырғыз жерінде туғаны туралы деректер жөнінде зерттеулер жасалып, Семейдегі Абайдың мұражайын университетке арнайы шақырту жұмыстары қолға алынбақ. Бұл жөнінде орталық жетекшісі былай дейді:

  • Өткен жылы Мемлекет басшысының атсалысуымен Абай өлеңдерін оқудан челлендж өткізіліп, жастар Абайдың өлеңдерін жарыса оқығаны бәрімізге белгілі. Ал биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай маңызы терең мақала жариялады. Бұл мақаланың ерекшелігі сол — оны халыққа өте түсінікті етіп жазған. Бұл жерде айта кету керек, бұған дейін әлем елдері Қазақстанды шикізатқа бай ел деп санағанмен, біздің рухани әлемімізді білген жоқ. Мемлекет басшысы осы тұста өзінің көрегендігінің арқасында әлемге Абай арқылы қазақ елін, қазақтың рухани құндылықтарын танытуды ұсынды. Міне, Президенттің аталған мақаласы аясында қазір бүкіл әлем біздің мәдениетімізді, әдебиетімізді тағы бір қырынан танып жатыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз мақаласында Абай айтып кеткен «Толық адам» іліміне тоқталып, әділетті қоғам құру, масылдықтан арылу, еңбекке, білім-ғылымға, өнерге құштар болуға үндейді.

Менің ойымша, Абайға деген қызығушылық, Абайды тану енді басталады. Бір өкініштісі, қазіргі жастар Абайды оқымайды. Жалпы қазір кітап оқымайтын ұрпақ қалыптасып барады. Осы тұста Мемлекет басшысының жариялаған мақаласы көп адамға ой салып, жастарға жаңа бетбұрыс жасағандай болды. Алдағы уақытта орталық осы бағыттағы жұмыстарға атсалысып, тек филология факультетінде ғана емес, оқу орнындағы өзге мамандықтарда білім алып жатқан студенттердің Абай туралы білімін жетілдіріп, ұлы ақынды оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Осы орайда биыл университетімізде «Абайтану тарихы, зерттелуі» атты еңбек шығаруды қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ ұлы ақынның мерейтойына арнап ұйымдастырылған «Жұбановтан Абайға дейін» ғылыми-танымдық экспедициясының бейнефильмі және альбом-кітап жарыққа шығадыЖәне Абай шығармаларын насихаттау мақсатында алдағы уақытта аудандарға шығып, түрлі іс-шаралар өткізуді де жоспарлап отырмыз.

Р.S. Абайтану және абайтанудың бүгінгі мәселелерін, ұлы ақынның шығармашылығын насихаттайтын, зерттейтін орталықтың бүгінгі атқарып жатқан жұмысы осындай. Болашағы зор орталықтан алдағы уақытта абайтанушы ғалымдар тәрбиеленіп, қалыптасады деп сенеміз.

 

 Данагүл ҚАЗИХАН.

https://aqtobegazeti.kz/?p=82667