Вторник, Август 11, 2020
Басты > Жаңалықтар > 85 жылдыққа – 85 кітап

85 жылдыққа – 85 кітап

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кітапхана қоры тың туындылармен толықты. Тарих ғылымдарының кандидаттары, доценттер Дәулет Абенов пен Бибігүл Абенова университеттің ғылыми кітапхана қорына авторлық  85 кітабын сыйға тарту  етті.  «Бұл Жұбанов университетінің 85 жылдығына үлес қосу дейді», игі істі қолға алушылар.

Авторлардың  монографиялары, оқу құралдары мен  жинақтары туған өлке тарихына қызығушылық танытқандар үшін қолжетімді болады.

Ғалымдардың еңбектерінің ішінде Алматы қаласы Орталық кітапханасының «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар» қорында 1934 жылдан бері сақталып келген, бұрын-соңды баспадан шықпаған Әбілхайыр ханның ұрпағы Бақытжан Қаратаевтың қолжазба жұмыстарының негізінде Алматы ұлттық кітапханасында 70 жылдан астам уақыт бойы сақталған «Обзор материалов по истории колонизации ка­зах­ского края в связи с восстаниями казахов Оренбургского края в 1869 г. — нач. 1870 г.» ерекше кітабы бар. Қолжазбаны сол кездегі Ақтөбе қаласының бұрынғы тұрғыны Б.Қаратаевтың жары 1934 жылы орталықтың қорына тапсырған.

Автор Бибігүл Абенованың айтуынша, қолжазба аймақтың тарихын қалпына келтіруге таптырмас туынды болып табылады.

–  2005 жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» байқауында жеңімпаз  атанып, грант алған кезде  менің ең басты мақсатым  – осы кітапты шығару болды. Мен деректерді өңдеп, оны қалпына келтіруге көп күш салдым. Бірақ, нәтиже күткеннен де асып түсті. Орынбор мұрағатында жұмыс істеуге әркімнің мүмкіндігі бола бермейді, енді кез-келген адам ақпаратқа қол жеткізе алады, – деді ол.

Сондай-ақ, кітапхана қорына тапсырылған еңбектердің ішінде, ғылыми айналымға жаңадан енгізілген тарихи деректер негізінде жарық көрген «Ресей империясының қазақ жерін отарлау тарихы», «Ресей империясының Орынбор өлкесіндегі аймақтық саясаты, «1868 жылғы Әкімшілік реформаның Орынбор өлкесінде енгізілуі» атты монографиялар және Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архиві, Ресей Федерациясы Орынбор облыстық мемлекеттік архиві қорлары негізінде жарық көрген «История Казахстана в дореволюционных изданиях», «История Западного Казахстана в трудах русских исследователей» атты ғылыми жинақтар да бар.

Жиын барысында тарихшылар оқулықтарға қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Өз кезегінде магистранттар мен студенттер де  аталмыш кітаптардың ғылыми-зерттеу жұмыстарында көмекші құрал және туған өлкесінің тарихына қызығушылық танытқандар үшін ерекше сыйлық екенін тілге тиек етті.

Айта кетейік, ғылыми еңбектер Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 85 жылдығына, сондай-ақ отандық, шетелдік мұрағаттардағы іргелі зерттеулерді жинауға және тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған «Архив-2025» бағдарламасы аясында ұсынылды. Тарихшылар Бибігүл және Дәулет Абеновтердің  еңбектері болашақ тарихшыларға, студенттерге, магистранттар мен докторанттарға, сонымен қатар өлке тарихына қызығушыларға таптырмас құнды дүние болып табылары сөзсіз.

Жиын соңында тарихшылар «Университеттің 85 жылдығына – 85 кітап» эстафетасын  университеттің педагогика және филология факультетіне тапсырды.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе

өңірлік мемлекеттік  университеті

https://bilimdinews.kz/?p=86335