Суббота, Сентябрь 19, 2020
Басты > Жаңалықтар > Жоғары білім беруді дамыту мәселелері талқыланды

Жоғары білім беруді дамыту мәселелері талқыланды

Жұбанов университетінің профессорлық-оқытушылық  құрамы мен құрылымдық бөлімшелердің басшылары талдаушы, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлмира Қорғанбаевамен кездесті.  Ректор Бауыржан Ердембековтің шақыруымен келген сарапшы екі күн бойы  университеттің стратегиялық дамуы бойынша семинарлар өткізді.

Сарапшы  кездесуде әлемдік университеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, жаңа заманауи талаптар мен  академиялық бағдарламаларды жетілдіру мәселесін талқылады.

Кездесуде Гүлмира Қорғанбаева Жұбанов университетінің негізгі көрсеткіштерінің ішінде материалдық-техникалық база, ғылыми-педагогикалық кадрлардың әлеуеті, дамыған ғылыми инфрақұрылым, университетті ақпараттандырудың жоғары деңгейін ерекше атап өтті.

Университет өкілдерімен кездесуде білім сапасын арттыру үшін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасын күшейту, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлық деңгейін арттыру,  көптілділік бағдарламасын күшейту, мамандықтардың оқу жоспарларын іске асыруда жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескеру, жұмыс беруші компаниялармен ынтымақтастық, түлектердің толық жұмыспен қамтылуы сынды қордаланған мәселелерді шешуге баса назар аудару қажет екендігін тілге тиек етті.

Сапар барысында Жұбанов университетінің танымал түлегі, экономика ғылымдарының кандидаты  Гүлмира Қорғанбаева экономика және құқық факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен және студенттерімен кездесті.

Кездесуде  өзінің жетістікке жетуде, басшылық лауазымдарда жұмыс жасауға көмектескен маңызды қадамдары туралы әңгімелеп, университет жастарына жан-жақты дамып, жаңа дүниелерді  үйренуге кеңес берді.