Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Шалқар көліне зерттеу жүргізді

Шалқар көліне зерттеу жүргізді

Ақтөбе облысының  інжу-маржаны атанған Шалқар көлі бұрын демалу аймағы болып саналып, теңіз немесе үлкен су қоймасы іспеттес болатын. Қамыссыз, суы таза, әрі мөлдір болған Шалқар көлінің тереңдігі 15 метрге дейін жетті.

Жұбанов университетінің «Экология» кафедрасы 2019 жылы Шалқар көлінің күйіне ұзақ уақыт бақылау жүргізді. Мұндағы мақсат — Каулжур өзені мен Шалқар көлінің су қоймасының экологиялық жағдайын бағалау. Шалқар көлін қалпына келтіруге ықпал ететін іс-шаралар тізімін анықтау.

Зерттеу барысында көлдерге шолу жұмыстары жүргізіліп, әртүрлі масштабтағы картографиялық материалдар зерттелді. Жағалау бөлігіндегі фитоценоздардың негізгі түрлерін толығырақ сипаттау үшін жоғары сатылы су өсімдіктерінің негізгі қауымдастықтарына сынақ алаңдары белгіленді. Сонымен қатар негізгі басымдылық танытатын өсімдік түрлеріне, өсімдіктер топтарының сапалық және сандық құрамы мен олардың шекараларына зерттеу жүргізілді. Өсімдіктер жамылғысын сипаттау кезінде проекциялық жамылғысын, топырақ қабатын, жер үсті және жер асты фитомассасын анықтау үшін, өсіп-өну деңгейінің қарқындылығына қарай жағалаудағы өсімдіктерді үлескелерге бөлу жұмыстары жасалды. Барлық анықталған жағалау-су өсімдіктер қауымдастықтарының фитоценотикалық сипаттамасы өсімдіктер жамылғысының жалпы өсу дәрежесін және табиғатын анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, анықталған негізгі көрсеткіштерге сәйкес (проекциялық жамылғы, шөптің биіктігі, фитомасса), су қоймасының толып кету деңгейі анықталды.

Бүгінгі таңда су қоймасының жайы сөз болып отыр. Көлде көп мөлшерде тұнба жиналған, бұл Шалқар көлі суының сапасына кері әсерін тигізіп, қаланың өзін өндірістік және шаруашылық сумен қамтамасыз етуге кедергі келтіреді.

Университеттің «Экология» кафедрасының көтерген бұл мәселелері бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарда және отандық телеарналарда айтылды. Жаратылыстану факультетінің осы саланы бақылауының нәтижесінде көптеген кездесулер, дөңгелек үстелдер мен пікірталастар өтті.

Бұл мәселеде  Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов Шалқар ауданының тұрғындарымен кездесіп, аталмыш мәселенің талқылануына себеп болды. Отырысты қорытындылай келе, аймақ басшысы Оңдасын Оразалин айтылған барлық пікірлер мен ұсыныстарды ескеріп, Шалқар көлінің мәселелерін тез арада шешуді тапсырды.