Пятница, Март 29, 2024
Басты > Абай > Абайтанушымен кездесті

Абайтанушымен кездесті

Абай – қазақ поэзиясының  биік шыңы, құдіретті ақыны. Абайдың жүрек шерімен жазған туындыларының  тағылымы мәңгілік  қымбат  қазына. Абай жалғыз қазақ халқының ұлы емес, адамзаттың ұлы десек артық айтқандық болмас.  Абайдың мол әдеби мұрасы бұл күнде тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналып отыр. Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абайды тану қазақтың өзін-өзі тануы десек те болады. Әлем халқы бас иген дара тұлғамызды қай жағынан да әспеттесек біздің елдік, халықтық парызымыз болып саналады.  Осы жылы қазақтың бас ақынының дүние есігін ашқанына 175 толып отыр. Сондықтан дана ақынның 175 жылдығын мемлекеттік, әлемдік деңгейде кең көлемде атап өту нағыз ұлттық рухымыздың кемелденуі деп білеміз.

Жұбанов университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жоспары негізінде атқарылып жатқан істер аз емес.    Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай іс-шаралардың бастауы ретінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында университет өкілдері «Жұбановтан — Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылып, Ақтөбе — Нұр-Сұлтан —Павлодар — Семей — Жидебай — Баянауыл — Қарқаралы — Қарағанды бағытындағы киелі жерлерді аралады. Сонымен қатар жуырда облыстың 12 ауданына сапарға шыққан университеттің «Жұбанов керуені» жобасы аясында Абай мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау барысында абайтанушы, университет ректоры Бауыржан Ердембековтің «Абайтану» атты кітабының  500-ге жуық данасы аудан мектептерінің кітапхана қорына табысталды. Сондай-ақ биылғы жылы Құнанбай мен Досжан ишанмен байланысы, Абайдың үшінші атасы Ырғызбайдың Ырғыз жерінде туғаны туралы деректер жөнінде зерттеулер жасалып, Семейдегі Абайдың мұражайын университетке арнайы шақырту жоспарланып отыр.

Аталмыш  мерейтой аясында бүгін Ақтөбедегі «Білім-инновация» лицейінің оқушылары Жастар сарайында абайтанушы, ғалым Бауыржан Ердембековпен кездесті. Кездесуге жиналған оқушылар Абайтанушы  ғалымның естеліктері мен тілегін тыңдады.

Шараның мақсаты – ұлт мұраты, мемлекетті қалыптастыру жолында ерен еңбек етіп, қазақ руханиятының әдебиеті мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан хакім Абайдың тағылымды жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде жеткізу, дәріптеу.

Кездесуде филология ғылымдарының докторы, профессор, әрі абайтанушы  Бауыржан Ердембеков өзінің зерттеулерінде кездескен тың деректермен бөлісіп, жастардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді.

Басқосуда Бауыржан Ердембеков ұлттың табиғи болмысымен біте қайнасқан Абай шығармаларының маңыздылығына тоқтала келіп, болашақ ұрпақ ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін терең түсіну керектігіне баса назар аударды.

Бауыржан Аманкелдіұлы  Абай шығармаларынан барлық тақырыпты табуға болатынын, оны оқу — өзіңді тануға, ұлтты тануға деген ұмтылыс екенін  ерекше атап, жастарды кітап оқуға шақырды. Сондай-ақ, кездесуде  Абай өлеңдерінің әрбір қатарында философиялық ой жатқан­дығын, жас ұрпақты тәрбиелеу жолында Абай мұрасының маңыздылығын айрықша атап өтті. Жастарды оқу-білімге, имандылық пен тәрбиеге үндеген абайтанушы ғалымның әуезді әңгімесі жастарға жақсы әсер қалдырды.

Кездесу соңында профессор Бауыржан Ердембеков  «Абайтану» атты авторлық кітабын «Білім-инновация» лицейіне сыйға ұсынды.

Еркін диалогта құрылған жиын барысында оқушылар  өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тағылымы мол кездесу үшін лицей басшылығы  ризашылықтарын білдірді.